Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Медбике, кейін дәрігер болып қоңырау шалды": Дана Есеева алаяқтардың әрекетін әшкереледі

Дана Есеева
Фото: Instagram.com/dana_yesseyeva

Қазақстандық блогер Дана Есеева енесін телефон алаяқтарынан қалай сақтап қалғанын айтып, әлеуметтік желіде видео жариялады. Оның сөзінше, алдымен әйелге өзін емхананың медбикесі ретінде таныстырған адам қоңырау шалып, медициналық тексеруге жазылу үшін бейнебайланысқа шығуды сұраған. Келесі күні оған өзін дәрігермін деп таныстырған тағы бір адам хабарласқан. Блогер бұл жағдайды ата-аналарға көрсетуді өтінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дана Есееваның айтуынша, ол енесінің телефонмен сөйлесіп отырғанын құлағы шалып қалған. Әңгіме барысында белгісіз адам әйелден бейнеқоңырауға шығуды сұраған.

Блогер кім хабарласып жатқанын сұрағанда, енесі өзін емхананың медбикесі деп таныстырған адам тексерілуге жазатынын айтқан. Дана Есеева бірден күмәнданып, бейнеқоңырауға шықпау керегін ескерткен. Алайда келесі күні енесіне өзін емхана дәрігері ретінде таныстырған тағы бір адам қоңырау шалған.

Әңгіме барысында ол әйелге алдыңғы күні медбике хабарласқанын айтып, келесі аптаға қан тапсыруға жазылуды ұсынған. Тіпті зертхана орналасқан 117-кабинеттің нөмірін де атаған. Одан кейін әңгіме биометриялық сәйкестендіруге ауысқан. Қоңырау шалушы әйелден бейнебайланысқа қосылып, камераны қосуды сұраған. Мұны медициналық картасын ашып, жүйеге жазба енгізу үшін қажет деп түсіндірген.

Алайда әйел күмәнданып, немересіне қоңырау шалатынын айтқан. Блогердің айтуынша, алаяқтар екі күн бойы хабарласып, алдымен сенімге кіруге тырысқан. Ең күмәндісі – олар әйелдің шынымен сол емханаға тіркелгенін білген.

“Екі күн дайындайды. Үш күн бойы өңдейді. Кеше қоңырау шалды, бүгін ақпаратты пайдаланып отыр. Ең күмәндісі – анам шынымен сол емханада есепте тұр”, – деді Дана Есеева.

Ол видеоны жариялап, оқырмандарына ата-аналарына көрсетуді өтінді.

Денсаулық сақтау министрлігі алаяқтардың медициналық ұйым қызметкері болып хабарласып, түрлі сылтаумен азаматтардың SMS-кодтарын, жеке деректерін немесе банк сервистеріне қол жеткізуге қажетті ақпаратты алуға тырысатынын растады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, медициналық ұйым қызметкерлері телефон арқылы пациенттерден SMS-код сұрамайды.

“Растау кодтары цифрлық сервистерге кіру және ондағы әрекеттерді растау үшін пайдаланылады. Оларды үшінші тұлғаларға беруге болмайды”, – деп ескертті ведомство.

Сондай-ақ министрлік белгісіз адамдардың бейнебайланыс арқылы биометриялық тексеруден өту туралы ұсынысына келіспеуге шақырды.

Азаматтарға телефон арқылы хабарласқан бейтаныс адамдардың нұсқауын орындамау, камера алдында жеке құжаттарын немесе телефон экранын көрсетпеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және олардың өтініші бойынша банк қосымшаларын ашпау керегі ескертілді.

Медициналық тексеру немесе қабылдауға жазылу туралы ақпаратты өз емханаңыздың ресми байланыс арналары арқылы нақтылаған жөн.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 13 Қараша, 2026 20:08