RAF-2026: Форумға 700-ден астам адам қатысып, 60 спикер жарнама индустриясының болашағын талқылады
11 қарашада Алматыда RAF-2026 Қазақстанның жарнама индустриясы форумы өтті. SIGNALS 2026: Decode Tomorrow ("Болашақтың белгілері: маркетинг қалай өзгеріп жатыр?") тақырыбымен ұйымдастырылған шараға брендтер, жарнама және коммуникация агенттіктері, медиа платформалар, зерттеу компаниялары мен креативті индустрия өкілдері қатысты.
Форумға 700-ден астам адам келді. Бағдарлама аясында жеті елден – Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Ұлыбритания, Қырғызстан, Түркия және Әзербайжаннан келген 60 спикер мен сарапшының қатысуымен 36 баяндама мен панельдік пікірталас ұйымдастырылды. Іс-шара Grand, Digital және Creative атты үш тақырыптық залда өтті. Жалпы 30 баяндама және алты панельдік пікірталас болды.
Мемлекет пен жарнама нарығы: жаңа ережелер мен сын-қатерлер
RAF-2026 форумының негізгі тақырыптарының бірі – мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің жарнама саласын реттеу мәселелері бойынша диалогы болды. Қатысушылар жаңа Салық кодексін және корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдерге қойылған шектеулерді, фастфуд пен құрамында қанты бар өнімдердің жарнамасын шектеу мүмкіндігін, цифрлық платформаларға қойылатын талаптарды және креативті индустрияны қолдау шараларын талқылады.

Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев Үкімет әзірлеген салық өзгерістері туралы айтып берді. Ал Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов азық-түлік жарнамасын реттеу тәсілдеріне тоқталды. Оның айтуынша, жаппай тыйым салудың орнына балаларға бағытталған агрессивті жарнама мен балалар контентінде осындай өнімдерді насихаттауға қатысты жекелеген шектеулер енгізу қарастырылып жатыр.
Қатысушылар сала дамуына әсер ететін шешімдерді әзірлеу кезінде мемлекет, бизнес және салалық қауымдастықтар арасындағы тұрақты диалогтың маңызын атап өтті.
Телевизия өзгеріп жатыр, бірақ маңызын жоғалтқан жоқ
Телевизияның болашағы және оның цифрлық платформалармен өзара байланысы жеке пікірталас тақырыбына айналды. Қатысушылардың пікірінше, теледидар әлі де қалың аудиторияны қамтып, бренд қалыптастырудың маңызды құралы болып отыр. Сонымен қатар ол OTT платформаларын, тік форматтағы контентті және интерактивті форматтарды меңгеріп келеді.
Ұлттық медиа қауымдастығының (НМА) басшысы Кемелбек Ойшыбаев телевизиялық аудиторияны өлшеу жүйесінің дамуы туралы айтты. People-meter құрылғылары мен цифрлық модемдерге негізделген біріккен модельді тестілеу теледидар көру көрсеткіштерін дәстүрлі 4,5 мың адамнан тұратын панельдің орнына 104,5 мыңнан астам пайдаланушының деректері арқылы талдауға мүмкіндік береді.
Retail Media: брендпен байланыстан сатып алуға дейін
Retail Media бағытының дамуына арналған пікірталаста маркетплейстердің дербес жарнама алаңдарына айналуы талқыланды. K Research Central Asia деректеріне сәйкес, Қазақстанның ірі қалалары тұрғындарының 71 пайызы электронды сауда платформаларына айына кемінде бір рет кіреді, ал 34 пайызы оларды күн сайын пайдаланады. Соңғы үш жылда елдегі цифрлық жарнама құрылымындағы Retail Media үлесі 1 пайыздан 4 пайызға дейін өскен.

Сыртқы жарнама: саннан гөрі сапа маңызды
Сыртқы жарнаманың жаңа жағдайына арналған пікірталаста нарықты цифрландыру, реттеуді күшейту және жарнама берушілердің өлшенетін нәтижеге деген сұранысы сөз болды. Қатысушылар цифрлық экрандар саны жарнама бюджеттеріне қарағанда жылдам өсіп жатқанын атап өтті. Сондықтан нарықтың одан әрі дамуы жарнама орналастыратын орындардың сапасына, ашық өлшеу жүйесіне және операторлардың жарнаманың тиімділігін дәлелдей алуына байланысты болмақ.
Брендтерге бойкот: әрбір бесінші қазақстандық бойкотқа қатысқан
Беделге төнетін қауіп-қатерлер мен дағдарыс жағдайындағы коммуникациялар "Брендке соққы: интернет сізге қарсы болса, не істеу керек?" атты пікірталаста талқыланды. Оның негізіне Alvin Market және Impact PR компаниялары Қазақстанның 521 тұрғыны арасында жүргізген зерттеу нәтижелері алынды.
Зерттеу деректеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 78 пайызы бойкот мәдениетінің көріністеріне тап болған, ал 21 пайызы брендтерге қарсы бойкотқа жеке өзі қатысқан. Сонымен қатар бойкотқа қатысқандардың 83 пайызы бұған дейін өздері қарсы шыққан компаниялардың клиенттері болған.
ОАЖА мен TÜREK ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Форумның маңызды оқиғаларының бірі – Орталық Азия жарнама ассоциациясы (ОАЖА) мен Түркі әлемінің маркетинг, жарнама және медиа одағы (TÜREK) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды.

Келісім түркі әлемі елдері арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл құжат өңірдегі жарнама және маркетинг нарықтарының өзара байланысын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
RAF форумында Tribune-2026 сыйлығының жеңімпаздары марапатталды
RAF-2026 бизнес, мемлекет және жарнама нарығы өкілдері арасындағы кәсіби диалог алаңына айналды. Талқылаулар барысында индустрияның елеулі өзгерістер кезеңіне қадам басқаны байқалды. Бұл ретте технологиялық өзгерістерге бейімделу, жарнама тиімділігін ашық өлшеу, жауапты реттеу және ынтымақтастық ерекше маңызға ие.
RAF-2026 бас серіктестері: Yandex Ads, Freedom Holding Corp., inDrive, IAS.
Премиум серіктес: Magnetto.pro.
Серіктестер: BI Group, AMDG, Tiburon, PRHub Central Asia, Eurostar 360.
Форум серіктестері: Бірінші арна Еуразия, КТК, 31 арна, NTK Kazakhstan, Almaty TV, "Атамекен" ҰКП, BES.media, NUR.KZ, Success Market, Tribune, Digital Boards, MYD Production, Connect.ai, Exclusive, Капитал, Optimism.kz, Vizi, OG Group, We project, TengriNews, Metrik on, STAN.KZ, Creative City, Media Mart, Indigo, Samal Water, Catharsis Group, Selzy, Avon, E+ Awards, Волонтерлер лигасы және Түркі әлемінің маркетинг, жарнама және медиа одағы.
Ұйымдастырушы: Орталық Азия жарнама ассоциациясы (ОАЖА).
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма