Алматыда жаңбырдан соң көліктер батпаққа батып, жолдар опырылды
Алматының Нұрлытау шағынауданында толассыз жауған жауыннан кейін көшелер лай болып, көліктер батпаққа батқан. Автобустар жолда тұрып қалып, жұрт жұмысқа кешіккен. Кейбір тұрғындар бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр болған. Жаз бойы жол жөндеу жұмыстарына шағымданған тұрғындар әкімдікті әрекетсіздікке айыптаса, аудан әкімдігі мердігерге айыппұл салынғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Әдеттегідей, тек әдемі жауап жазуды білесіздер!"
Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Нұрлытау шағынауданының тұрғындары Роза Жаманов көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарына шағымданды.
"Әкімдік өкілдері, мердігерлердің бассыздығына тағы қанша уақыт шыдауымыз керек? Жаз бойы әбден шаршадық! Күні бойы шаң жұттық. Көлігімізбен үйімізге дейін жете алмай, көлігімізді алыста қалдыруға мәжбүр болдық. Балаларымыз бен арбамызды алып, үйге жету үшін түбі терең орлардан секіріп, ауыр құрылыс техникасының арасымен өтуге тура келді. Жақында жауын-шашын басталатынын айтып, e-Otinish арқылы да өтініш жаздық", – деп ашуланды алматылық Шыңғыс.
Тұрғындар жауын-шашын басталмай тұрып жолды ретке келтіруді сұраған.
"Жауын жауса, осы лай-батпақтың бәрі ауданға жайылады! Жолды тезірек, ең болмаса құм-қиыршық тас қоспасымен (ПГС) жауып беруді сұрадық. Бірақ сіздер, әдеттегідей, тек әдемі жауап жазуды білесіздер! Қандай да бір шара қолдануларыңыз үшін әлі қанша көлік пен адам зардап шегуі керек?! Мұның бәрі болашағымыз үшін жасалып жатқанын түсінемін. Бірақ сол болашақты тезірек көруге бола ма?" – деп шүйлікті алматылық тұрғын Шыңғыс.
Ал Маргарита есімді тұрғын мұның бәрі барып тұрған қорлық екенін және біраз уақыттан бері шағымданып келе жатқанын айтып ескертті.
"Осылай қала тұрғындарын қорлай бересіздер ме?! Біздің Нұрлытау шағынауданындағы Набережная көшесінде де дәл осындай жағдай. Барлық жерді су басып, жол опырылып жатыр! Осы сұмдықты жөндеулеріңіз үшін тағы қанша рет өтініш жазуымыз керек? Бір нәрсені бүлдіруге келгенде жылдамсыздар, ал бүлдіргендеріңізді жөндеуді сұрасаң, қол жеткізе алмайсың!" – дейді Маргарита.
Алматы қаласының Нұрлытау шағынауданының тұрғыны Дарина Хан да осы көшедегі құрылыс жұмыстарының сапасы мен жауапты мекемелердің әрекетсіздігіне наразылық білдірді. Олардың айтуынша, бас мердігер қосалқы мердігерлердің жұмысын бақыламайды, ал әкімдік өкілдері құрылыс барысын қадағаламайды. Тұрғындар 201-үйдің алдындағы қазылған шұңқырдың ұзақ уақыт бойы ашық қалғанын және жақын маңдағы жолға үш аптадан бері асфальт төселмегенін жеткізді.
"Киіз үйдің жанынан шұңқыр қазып, сол күйі тастап кеткен. Жанындағы 10-12 метр жерге үш аптадан бері асфальт төсей алмай отыр. Бұған кім жауапты? Жауапты адамның аты-жөні мен байланыс нөмірін беріңіздер!" – деп жазды тұрғын.
Алматының тағы бір тұрғыны қаладағы абаттандыру жұмыстарының сапасына сын айтты. Оның пікірінше, қала көшелерінде құрылыс пен жөндеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Тұрғын жаз бойы плиткалардың ауыстырылғанын, ал қала халқы шаң-тозаң, лай-батпақ пен жолдағы қолайсыздыққа төзуге мәжбүр болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол сапасыз жұмыс істеген мердігерлерді жауапқа тартуды ұсынды.
"4 шақырым жерге 5 рет көлік ауыстыруға тура келді"
Алматыда алғашқы жауыннан кейін қоғамдық көлік қозғалысы қиындап, тұрғындар жұмысқа кешіккендерін айтып шағымданды. Әлеуметтік желі қолданушыларының сөзінше, кейбір автобустар жолда тұрып қалып, жолаушылар бірнеше рет көлік ауыстыруға мәжбүр болған. Тіпті кейбірі межелі жеріне жету үшін бірнеше шақырым жаяу жүрген.
“4 шақырым жерге 5 рет көлік ауыстыруға тура келді", "Бүгін осы жерде біз де 40-50 минут тұрып қалдық. Жұмысқа бір сағатқа кешігіп келдім" деп шағымданды тағы тұрғындар.

Өзге алматылық алғашқы жаңбырдан кейінгі жағдайды видео және фотосуреттер арқылы көрсетті. Кадрлардан бірнеше автобустың жолда тұрып қалғанын, ал жолаушылардың лай-батпақ жолмен жаяу жүруге мәжбүр болғанын көруге болады.
Желі қолданушысы мұндай жағдайдың алғашқы жауыннан кейін-ақ басталғанына наразылық білдірді.
"Не сұмдық! Бірінші жаңбырдан осындаймыз. Алматыға қар жаумай-ақ қойсын. Жаяу кетіп, теміржол вокзалына дейін жеттік", – деп жазды ол.
Алматы әкімдігі жол мәселесіне түсініктеме берді
Алматы қаласының Бостандық ауданы әкімдігі Нұрлытау шағынауданындағы Роза Жаманов көшесіндегі жол мәселесіне қатысты Stan.kz редакциясының сауалына жауап берді.
Әкімдік мәліметінше, аталған аумақта су құбыры мен кәріз желілерін төсеу жұмыстары аяқталған. Алайда толассыз жауған жаңбырдан топырақ шамадан тыс ылғалданып, көлік жолда тұрып қалған. Кейін автокөлік шығарылып, жол қозғалысы қалпына келтірілген.
"Учаскені тиісті деңгейде күтіп ұстамау фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Мердігер ұйымға көлік қозғалысының кедергісіз өтуін қамтамасыз ету және жол жабынын қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылдау тапсырылды", – делінген әкімдік жауабында.

Сондай-ақ әкімдік инженерлік желілер төселгеннен кейін траншея аумағындағы асфальтбетон жабыны қалпына келтірілгенін хабарлады. Дегенмен жауын-шашын салдарынан топырақтың кейбір бөліктері шөгіп, жол жабыны қайта зақымданған. Қазір бүлінген учаскеге уақытша инертті материалдар төселіп, көліктердің жүруіне мүмкіндік жасалған.
"Ауа райы тұрақталғаннан кейін мердігер ұйым асфальтбетон жабынын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Жағдай Бостандық ауданы әкімдігінің бақылауында", – деп мәлімдеді ведомство.
Алматыда жаңбырдан соң көліктер батпаққа батып, жолдар опырылды