Қазақстан халықаралық жүк тасымалдаудың ортақ ережелеріне қосылады
Қазақстан шетелге және шетелден көлікпен жүк тасымалдаудың ортақ ережелеріне қосылады. Енді халықаралық жүк тасымалы кезінде жүк жоғалса, бүлінсе немесе тасымалдаушы келісімдегі міндетін орындамаса, тараптардың жауапкершілігі ортақ талаптар бойынша анықталады. Құрылтай осыған қатысты заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сөз 1956 жылы 19 мамырда Женевада қабылданған халықаралық келісім туралы болып отыр. Бұл құжат жүк тасымалдаушы мен тапсырыс берушінің арасындағы келісімді реттейді. Яғни жүкті жеткізу кезінде әр тараптың қандай міндеті барын және келісім орындалмаған жағдайда кім жауап беретінін анықтайды. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, қазір бұл келісімге 58 мемлекет қосылған. Олардың қатарында ТМД елдерінің барлығы бар.
"Қазақстанның конвенцияға қосылуы отандық және шетелдік тасымалдаушылар үшін ортақ жұмыс тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тасымалдаушылардың жауапкершілігі, талап қою және хабарлама жіберу мерзімдері, халықаралық жүк тасымалы шарттарын рәсімдеу тәртібі біріздендіріледі", – деді Қалиақпаров.
Мәселен, қазақстандық жүк көлігі шетелге тауар жеткізген кезде жүк жолда бүлінсе немесе жоғалса, тасымалдаушының жауапкершілігі осы халықаралық келісім негізінде қаралады. Сондай-ақ жүк иесінің қандай мерзімде шағым түсіре алатыны және тасымалдау келісімін қалай рәсімдеу керегі белгіленеді.

Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл өзгеріс қазақстандық және шетелдік тасымалдаушылардың бірдей ережемен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанның басқа елдермен сауда және жүк тасымалдау саласындағы байланысын дамытуға бағытталған.
Құрылтай "Жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шарты туралы конвенцияны ратификациялау туралы" заңды бірінші және екінші оқылымда қабылдады.
Еске салсақ, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында жүк тасымалын жеңілдету үшін ортақ цифрлық платформа құруды ұсынған еді. Мемлекет басшысы кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, электрондық құжаттарды өзара тану арқылы жүктердің бір елден екінші елге кедергісіз жеткізілуіне жағдай жасау қажет екенін айтқан.