"16 жасымда күштеп ұзатты": Зікірші Исматулланың қарындасы балалық шағындағы қорлықты айтты
Зікірші Исматулла төңірегіндегі дау кезінде Хауа есімді әйел 16 жасында өз еркінен тыс тұрмысқа беріліп, жылдар бойы қорлық көргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, әкесінің өгей ағасы оны қорқытып, болған жайтты жария етпеуге тырысқан. Енді ол бала күнінен көрген зорлық-зомбылығы мен ауыр тағдырын көпшілікке жайып салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Әкем қайтыс болған соң, 16 жасымда тұрмысқа берді"
Хауаның айтуынша, оның балалық шағы еркіндік пен қамқорлыққа толы болмаған. Ол Ыстамбұлда дүниеге келген. 5 жасында отбасы өгей әкесінің ағасы Исматулланың ықпалымен Ауғанстанға көшкен. Кейін Пәкістанда да тұрғанын айтқан әйел бала күнінен соның қорлығын көргенін айтты.
Оның сөзінше, отбасындағы адамдардың бәрі Исматулладан қаймыққан. Тіпті әкесі де оның айтқанынан шыға алмаған. Әкесі отбасын асырау үшін шетелге жұмысқа кетіп, үйіне екі-бес жылда бір рет қана оралатын болған.
"Әкем көбіне үйде болмайтын. Бізді ағасына тастап, нан табуға кететін. Ақша салып тұратын жиі. Өзі екі не бес жылда бір келеді. Әкем бір келгенде баласы 5 жаста болса, екінші келгенде 8-ге толатын. Солай өстік. Әке махаббатын сезбедік", – деп жазды Хауа.
Ол отбасында 6 ұл мен 1 қыз болғанын, өзі төрт ағасы мен екі інісінің арасында өскенін айтады.

Алайда көпшілік ойлағандай ерке қыз болып өспеген. Керісінше, анасы да үйдегі жағдайға байланысты ашуын балалардан алатын болған. Әсіресе Хауаның көп таяқ жегенін айтады.

Хауаның әкесі 2000 жылы соңғы рет үйіне келген. Сол кезде қатты ауырып, дәрігерлер оған қатерлі ісік диагнозын қойған. Алты ай бойы төсек тартып жатқан әкесіне Хауа басынан өткен жағдайлардың бәрін айтып берген.
"Жылап, барлығын айттым. Шашымнан сипап "болды, қызым, сендерді алып кетемін" деген еді, қайран әкем! Дегеніне жетпеді. Ажал алып кетті", – деп еске алды ол.
Хауаның айтуынша, әкесі қайтыс болғаннан кейін өміріндегі қиындықтар одан әрі күшейген. Ол кәмелет жасына толмай жатып, 16 жасында Исматулланың жамағатындағы адамға тұрмысқа берілген. Болашақ күйеуін өзі таңдамағанын, тіпті оған дейін танымайтынын айтады.
"Сол кезде әлі бала едім ғой. Ол адамды жақсы көрген жоқпын, өзім таңдаған жоқпын. Менің қалауымды ешкім сұрамады. Кәмелеттік жасқа да келмеген мені 16 жасымда босаға аттатты. Күштеп беріп жіберді", – дейді Хауа.
Оның айтуынша, некеден кейін де өмірі жеңілдемеген. Күйеуінен таяқ жеп, түрлі қорлық көрген. Тіпті өлтіремін деп қорқытқан кездері де болғанын жеткізді. Осындай жағдайлардың салдарынан бір кездері өз өміріне қол жұмсауға әрекеттенгенін де жасырмады.
"Мені талай ұрды, талай соқты, боғауыз сөздер айтты. Тіпті "өлтіремін" деп қорқытқан кездері болды. Қаншама қорлық көрдім. Тіпті өз өміріме қол жұмсаған кезім болды. Өлмей қалдым", – дейді ол.
Кейін Хауа балалы болған. Өзінің айтуынша, ол баласымен бірге есейіп, өмірдің талай қиындығын қатар өткерген. Әйелдің сөзінше, сол ортада әйелдің өз пікірі мен қалауы ескерілмеген. Әйел үндемей, ер адамның айтқанын орындауы керек деген түсінік үстем болған. Ол мұндай көзқараспен келіспегені үшін де қысым көргенін айтады.
Ақыры Хауа бірінші күйеуімен ажырасып, баласымен бірге кеткен. Алайда оның айтуынша, ажырасқаннан кейін де қысым тоқтамаған.
"Ең өкініштісі, ешкім араласпады. Ешкім қорғаған жоқ. Керісінше, "ішіне жын кірген" деп шығарды. Сонда менің кінәм не? Күштеп берген адамымен өмір сүргім келмегені ме? Менің ішіме жын кірген жоқ! Мен жай ғана өз өмірімді өзім сүргім келді!" – деп жазды ол.
"Балалық шағымды кім қайтарып береді?"
Хауа кейін екінші рет тұрмысқа шыққан. Қазіргі жолдасы мен отбасында да түсініспеушіліктер болғанын айтады. Осындай сәттерде өткен өмірін еске алып, неге өзі қаламаған некенің зардабын әлі күнге дейін тартуы керек екенін ойлаған.
Ол Исматулланың өгей ағасы екенін, бұрын да басынан өткен жағдайларды айтқанын, бірақ оның атын ашық атаудан қорыққанын жеткізді.

Хауаның сөзінше, Исматулла оны үндемеуге шақырып, туыстарына зиян келтіруі мүмкін екенін айтып қорқытқан. Сондай-ақ Қазақстанда өзінің сөзі өтетінін айтқанын алға тартты.
"Мен бұл шал туралы бүгін ғана айтып отырған жоқпын. Бұрыннан айтып келемін. Бірақ атын ашық айтпайтынмын. Өйткені ол о…..н шал мені қорқытатын. "Айтпа, үндеме" дейтін. Туыстарыңа қолымнан келгенін жасай аламын, Қазақстанда менің сөзім өтеді дейтін", – деп жазды Хауа.
Оның айтуынша, Исматулланың өгей ағасы арада жылдар өткен соң кешірім сұрап, болған жағдайды ұмытуды өтінген. Алайда Хауа мұндай өтінішті қабылдай алмайтынын жеткізді.
"Ұмытылатын нәрсе бар және ұмытылмайтын нәрсе бар. Менің балалық шағымды, әкемді, үлкен ұлымның әкесін, өмірімнің ең жақсы шақтарын кері бере ала ма? Жоқ қой", – дейді ол.
“Үйде "әйелге оқудың керегі жоқ” деп өстік”
Хауа өзінің 17 жасында түскен суретін де жариялаған. Онда үлкен ұлымен бірге түскенін айтып, сол кезеңде басынан өткен қиындықтарды еске алған. Әйелдің айтуынша, алғашқы некесі аяқталғаннан кейін де бұрынғы ортаның адамдары оны сөз етуді тоқтатпаған. Тіпті екінші жолдасының отбасына оның бұрынғы өмірін айтып береміз деп қорқытқан кездері болған.

Бүгінде Хауа өткен өмірінен алыстап, өз жолын тапқанын айтады. Ол бала кезінен білім алуға, жұмыс істеуге және өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік болмағанын жазған.
"Өте қараңғы отбасында туып-өстім. Қолдау дегенді қойшы, тіпті еркіндігім де болған жоқ. Өзім оқығым келді, бірақ оқуға рұқсат бермеді. Біздің үйде "әйелге оқудың керегі жоқ", "әйел жұмыс істемеу керек", "әйел еркекке бағыну керек" деп өстік", – дейді ол.
Хауа университетке өз қатарластарымен бірге түсе алмағанын, кейін өзінен кіші студенттермен оқуға мәжбүр болғанын айтады. Соған қарамастан, білім алуды тоқтатпаған. Диплом алып, жұмыс істеп, жеке кәсібін ашқан.
"Оқуға болмайды деді – оқыдым. Жұмыс істеуге болмайды деді – жұмыс істедім. Өз бетіңмен өмір сүруге болмайды деді – өз жолымды таңдадым. Міне, қазір дипломым бар, өз кәсібім бар. Америкадамын", – деп жазды ол.
Әйел қазіргі өміріне өзі күресіп жеткенін айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында еркін өмір сүріп жатқанын, мамандығы мен жеке бизнесі бар екенін, екінші отбасын өз қалауымен құрғанын атап өтті.
Хауа өзінің басынан өткен жағдайларды жариялағаннан кейін әлеуметтік желіде оған қатысты пікірлер жазылғанын да айтты. Оның сөзінше, Исматулланы жақтаған азаматтардың бірі оған "Төсекке өз еркіңмен жаттың ба? Неге 102-ге хабарласпадың?" деген сұрақ қойған. Мұндай пікір әйелдің ашуын тудырған. Ол 16 жастағы қыздың сол кездегі жағдайын түсінбей тұрып, өзін кінәлауға болмайтынын жеткізді.
"Мен ешкімнен аяушылық сұрап отырған жоқпын. Басымнан өткен шындықты айтып отырмын. Менің балалық шағымды тартып алды. Бірақ қалған өмірімді тартып ала алмады!" – деп жазды ол.
Оның сөзінше, бүгінгі өмірі жақсы болғанымен, өткен күндердің зардабы ұмытылған жоқ.
Исматулла Мақсұм кім және ол не үшін күдікке ілінді?
Исматулла Мақсұм, Исматулла Әбдіғаппар есімімен де танымал, 2000 жылдары Қазақстанда белгілі болған діни қайраткер. Ол өзін Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімін жалғастырушы ретінде таныстырған. Алайда кейінгі уақытта оның есімі кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық туралы айыптауларға байланысты қайтадан қоғам назарында қалды.
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес, Исматулла Мақсұм Ауғанстанда дүниеге келген. Кейін Пәкістанда діни білім алған. 1996 жылы Қазақстанға келіп, Алматыда медресе ашқан. Оның айналасына жиналған адамдар кейін "зікіршілер" деген атпен белгілі діни қауымдастық құрған.

Исматулла Мақсұм өзін Қожа Ахмет Ясауи жолын ұстанушы ретінде таныстырған. Оның діни көзқарастары мен қауымдастық қызметі кейін қоғамда және құқық қорғау органдары тарапынан назарға алынған.
Неліктен сотталған?
2011 жылы Исматулла Мақсұмға қатысты сот үкімі шықты. Ол экстремизм, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және заңсыз медициналық қызмет көрсету ісі бойынша 14 жылға бас бостандығынан айырылды. БАҚ мәліметінше, ол 2019 жылы бостандыққа шыққан.
Жасөспірімдерге қатысты қандай айыптаулар айтылды?
2026 жылдың қазанында Исматулла Мақсұмның есімі тағы да үлкен даудың ортасында қалды. Бұған оның бұрынғы шәкірттері мен діни қауымдастықтың бұрынғы мүшелерінің журналист Жанар Байсемізге берген сұхбаттары себеп болды.
Сұхбат барысында Ақылбек Жұмабеков пен басқа да бұрынғы ізбасарлар қауымдастық ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты сексуалдық сипаттағы орынсыз әрекеттер болғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, Исматулла Мақсұмның айналасында жүрген балалардың кейбірі қысымға ұшыраған. Сондай-ақ бұрынғы шәкірттер діни жетекшінің болған жағдайларды жария етпеу үшін балаларды түрмеге қамататынын айтып қорқытқанын алға тартты.
Ақылбек Жұмабеков сұхбатында бұл жағдайды қауымдастық ішінде жүргендердің көбі білетінін, бірақ ашық айтуға қорқатынын жеткізген.
Осы жарияланымдардан кейін Қазақстан ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тергеу бастағанын хабарлады. Ведомство өкілдері барлық мән-жай тексерілетінін мәлімдеді. Алайда Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу барысы туралы өзге ақпарат жарияланбайтынын атап өтті.
ҚМДБ не деді?
Оқиға қоғамда талқылана бастағаннан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да мәлімдеме жасады.
Басқарма өкілдері Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарының ҚМДБ-ға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ олардың әрекеттері мен діни көзқарастары басқарманың ұстанымына сәйкес келмейтінін жеткізді.
"Дінімізде адамға күш көрсету, қорқыту, өзгенің құқығына қол сұғу және мәжбүрлеу ауыр күнә болып саналады", – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Бұған қоса, діни басқарма Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын жеке мүдде үшін пайдаланбауға шақырып, халықты күмәнді діни топтардан сақ болуға үндеді.
"16 жасымда күштеп ұзатты": Зікірші Исматулланың қарындасы балалық шағындағы қорлықты айтты