Семейде жарты ғасырға жуық тұрған Ленин ескерткіші сүріліп жатыр (видео)
Семейде жарты ғасырға жуық уақыт тұрған Ленин ескерткішін бөлшектеу жұмыстары басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде ескерткіштің сүріліп жатқан видеосы тарады. Жарияланған кадрлардан ескерткіштің жанында бұрын тұрған Лениннің шағын мүсіндері де көрінбейді.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің хабарлауынша, ескерткішті бұзу жұмыстары тұрғындардың шағымынан кейін қолға алынған.
Тұрғындардың өтініштерінен соң мамандар монументтің техникалық жағдайын тексеріп, одан елеулі ақаулар анықтаған.
“Атап айтқанда, құрылымның металл бөліктері қатты тот басқан, ал тірек тұстарында жарықтар мен саңылаулар пайда болған. Мамандардың қорытындысы бойынша, ескерткіштің орнықтылығы бұзылып, оның жекелеген бөліктері құлап кету қаупі туындаған. Анықталған ақаулар мен техникалық қорытынды негізінде ескерткішті апатты жағдайда бұзу жұмыстары басталды”, – деп хабарлады қалалық Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Айта кетейік, ескерткіштің тағдырына қатысты қоғамдық талқылауға Семей қаласы әкімінің кеңесшісі Серік Байғалиев те түрткі болған.

Ол бұған дейін жасанды интеллект көмегімен ескерткіштің өтіп бара жатқан адамдардың үстіне құлау сәтін бейнелейтін видео жариялаған.
"Бұл мәселеге шұғыл назар аудару қажет деп санаймын. Осыған байланысты ескерткіштің техникалық жағдайын жан-жақты тексеру үшін тиісті материалдарды Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жолдаймын", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол қажет болған жағдайда, техникалық зерттеу жүргізіп, құрылымның орнықтылығын бағалау үшін тиісті мамандар мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек екенін айтты.
Қала билігі ескерткішті бөлшектеу ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екенін атап өтті. Ал монументтің алдағы тағдыры әзірге белгісіз.
Еске салсақ, Желіде Алматы көшелерінің қазіргі атауларын мойындамайтынын жазған блогер қазақстандықтардың наразылығын тудырды. “Ура, Ленин көшесіндегі билбордта менің суретім тұр” деп жазған қызға желі қолданушылары наразылық білдірген. Желідегілер қыздың “Ленин” деген атауды қолданғанына назар аударды. Пікір жазғандардың көбі Алматыда қазір Ленин көшесі жоқ екенін, оның Достық даңғылы деп аталатынын еске салды.
Алайда блогер желі қолданушыларының сынына мән бермей, артынша тағы бір жазба жариялады. Онда ол Алматы көшелерін қазіргі атауларымен атаудан бас тартатынын ашық жеткізді.