Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Маған бәрібір, нағыз алматылықтар Ленин, Фурманов дейді": Қазақстандық блогердің сөзі желіде наразылық туғызды

Айгерім Бердалиева
Фото: Threads.com/@mini_knopka

Желіде Алматы көшелерінің қазіргі атауларын мойындамайтынын жазған блогер қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дау блогердің Eurasian Fashion Week аясында өзінің суреті бейнеленген билбордтың шыққанына қуанып, оны парақшасында бөлісуінен басталған.

“Ура, Ленин көшесіндегі билбордта менің суретім тұр. Мені қызғаншақ құрбым сияқты құттықтаңдаршы”, – деп жазған ол.

Айгерім Бердалиеваның жазбасы
Фото: Скриншот / Threads

Алайда желі қолданушылары оның “Ленин” деген атауды қолданғанына назар аударды. Пікір жазғандардың көбі Алматыда қазір Ленин көшесі жоқ екенін, оның Достық даңғылы деп аталатынын еске салды.

Алайда блогер желі қолданушыларының сынына мән бермей, артынша тағы бір жазба жариялады. Онда ол Алматы көшелерін қазіргі атауларымен атаудан бас тартатынын ашық жеткізді.

“Маған бәрібір – Ленин. Одан да артық айтайын: маған бәрібір 2 – Фурманов! Ешқандай Достық, Назарбаев, Наурызбай батыр, Желтоқсан деген атауларды қолданбаймын. Нағыз алматылықтар Ленин, Фурманов, Дзержинский, Мира, Виноградов, Комсомольская деп айтады. Ал пікірлеріңде не жазсаңдар да өздерің біліңдер”, – деп жазған блогер.

Айгерім Бердалиеваның жазбасы
Фото: Скриншот / Threads

Айгерім Бердалиеваның бұл жазбасы жағдайды одан әрі ушықтырды. Желі қолданушылары оның сөздерін Қазақстанға, ұлттық құндылықтарға және Алматы көшелерінің қазіргі атауларына құрметсіздік деп бағалап, сыни пікірлер жаза бастады.

“Көше атаулары – әдет мәселесі емес. Бұл өзің тұрып жатқан Қазақстанды мемлекет ретінде құрметтеу мәселесі. Бұл – оның тәуелсіздігін, қазақ халқының төл болмысы мен мәдени бірегейлігін құрметтеу. Мұнда жастың еш қатысы жоқ”, – деп жазды қолданушылардың бірі.

Тағы бір желі қолданушысы:

“Ешкімді қараламауға, намысына, жеке басына тимеуге тырысамын. Көп тақырыпта өзімді тоқтатамын. Бірақ мынау не басынғандық? Басынғандық па, әлде топастық па – білмеймін. Eurasian Fashion Week бұл жағдайға қатысты дұрыс шешім қабылдайды деп сенемін”, – деген пікір қалдырған.

Пікірлер арасында блогердің “нағыз алматылықтар” деген сөзіне қарсылық білдіргендер де көп болды.

“Мен де таза алматылықпын. Бірақ мұндай көзқарасты түсінбеймін. Қазақтың көрнекті тұлғалары мен батырларының есімі берілген көшелерді мақтанышпен атауымыз керек емес пе?” – деп жазды тағы бір қолданушы.

Айгерім Бердалиеваға қарсы жазба
Фото: Скриншот / Threads

Ал кейбірі көше атауларының ресми түрде әлдеқашан өзгергенін еске салды.

“Еліне деген қандай құрметсіздік? Мұнда”нағыз алматылықтардың” қандай қатысы бар? Көшелер заңды түрде баяғыда өзгертілді, сондықтан қазіргі атауымен атау керек. Олай болса Алматыны да Верный деп айтыңыздар”, – деген пікірлер де кездесті.

Бұдан бөлек, кей қолданушылар Алматы полициясының парақшасын белгілеп, блогердің балағат сөздер қолданған жазбасына құқықтық баға беруді сұрады.

“Құрметті Алматы қаласының полиция департаменті, осы блогерге шара қолдануларыңызды сұраймын. Сонымен қатар e-Otinish арқылы жаппай арыз түсіру керек”, “Балағат сөздерді бірнеше рет қолданғанына назар аударуыңызды сұраймын”, – деп жазды олар.

Айгерім Бердалиеваға қарсы жазба
Фото: Скриншот / Threads

Дау мұнымен де тоқтамады. Желі қолданушылары блогердің суреті Eurasian Fashion Week жарнамасында тұрғанына назар аударып, сән апталығының ұйымдастырушыларын блогермен байланысты жарнамадан бас тартуға шақырды. Тіпті шараға бойкот жариялау туралы ұсыныстар айтыла бастады.

“Қазақ елін сыйламайтын адамды билбордқа шығарған Eurasian Fashion Week-ке бойкот жариялау керек”, – деп жазды қолданушылардың бірі.

Компанияның ұстанымы

Бірнеше сағатқа созылған резонанстан кейін Eurasian Fashion Week ұжымы ресми мәлімдеме жасап, блогердің ұстанымын қолдамайтынын хабарлады. Сондай-ақ компания Айгерім Бердалиеваның қатысуымен жарияланған барлық материалды Алматыдағы экрандар мен билбордтардан алып тастау туралы шешім қабылдаған.

“Қалыптасқан жағдайға байланысты шын жүректен кешірім сұраймыз. Eurasian Fashion Week аталған блогердің мәлімдемелеріне еш қатысы жоқ екенін және оның жеке парақшасында білдірген ұстанымын қолдамайтынын ресми түрде мәлімдейміз. Жағдай туралы ақпарат бізге белгілі болған сәттен бастап, блогердің қатысуымен жарияланған барлық материалды Алматы қаласының экрандары мен билбордтарынан алып тастау туралы шешім қабылданды”, – делінген ұйым мәлімдемесінде.

EFW жазбасы
Фото: Скриншот / Threads

Көп ұзамай блогердің өзі де жазба жариялап, сөздері үшін кешірім сұрады. Ол даулы жазбаны эмоцияға беріліп жазғанын айтып, мұндай ауқымды реакция болады деп күтпегенін жеткізді.

Оның сөзінше, ешкімді ренжіту немесе намысына тию мақсаты болмаған. Блогер бұдан әрі дауға араласпайтынын және жағдайды ушықтырғысы келмейтінін де атап өтті.

“Егер менің жазбам біреуге ауыр тиіп, жағымсыз әсер қалдырса, шын жүректен кешірім сұраймын. Ешкімді ренжіткім немесе намысына тигім келген жоқ. Ол жазбаны эмоциямен жаздым және көп ұзамай өзім де оның тым қызбалықпен жазылғанын түсініп, өшіріп тастадым. Шынымды айтсам, мұндай реакция болады деп күтпедім. Егер сөздерім біреудің көңіліне тиген болса, оған өкінемін. Ал бұдан кейінгі талқылаулар мен маған бағытталған балағат сөздерге келсек, мен негативке негативпен жауап беріп, жанжалға араласқым келмейді. Сондықтан үндемей, бұл жағдайды осы жерден тоқтатуды жөн көремін.
Мұны жаңа бір дауға себеп етпейік. Баршаңызға бейбітшілік, жақсылық және бір-біріңізге деген құрмет тілеймін”, – деп жазды Айгерім Бердалиева.

Айгерім Бердалиеваның жазбасы
Фото: Скриншот / Threads

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық Shoqansuits ерлер киімі бренді әлеуметтік желіде сынға ұшырағаны хабарланған еді. Оған компанияның қазақтарды мазақ етіп түсірген "Борат" фильмі кейіпкерінің образын жасап, желідегі парақшасына жариялауы себеп болды. Олардың бұл әрекеті қазақстандықтардың ашуына тиіп, брендтке бойкот жариялауға көшті.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 23:32