"Маған жылулық жетіспеді": Дариға Бадықова жеке өміріндегі қиындықтарды айтты
Танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықова журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында жеке өміріне қатысты көпшілік біле бермейтін жайттарды бөлісті. Ол ел алдында жүрген өнер адамы болғанымен, күнделікті өмірде өзінің де шешімін таба алмайтын мәселелері бар екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дариға Бадықова жеке өмірінде өзіне жылулық пен қамқорлық жетіспегенін мойындады. Оның сөзінше, халықтың ықыласы мен жақын адамыңнан көретін махаббаттың орны бөлек. Сондықтан көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөлену жеке өмірдегі жылулықтың орнын толтыра алмайды.
“Мен өнеріммен ғана ерекшемін. Ал өмірде мен де қарапайым адаммын. Менің де жүрегім бар. Мен де көп нәрсені шеше алмаймын, қиындықтар болады. Иә, маған жылулық жетіспеді. Халықтың махаббатына бөлену бір бөлек, ал сенің жеке өмірің бар ғой. Екеуі – екі бөлек махаббат”, – деді актриса.
Өнер иесі өмірінде біреудің қамқорлығын сезініп, қиын сәттерде арқа сүйейтін жанның болғанын қалағанын да жасырмады.

Оның айтуынша, үнемі өзін қорғауға мәжбүр болу оңайға соқпаған. Актриса қанша жерден мықты болуға тырысқанымен, кейде өзіне де қорған болатын адамның қажет екенін түсінген.
“Мен жылулық, қамқорлық, қорғаныс іздедім. Өзімді қорғап жүруден шаршадым. Бірақ қорғанып жүрсем де, маған оқ тиетінін түсіндім”, – деп ағынан жарылды Дариға Бадықова.
Актриса сырт көзге мықты көрінген адамның да жан дүниесінде түрлі күйзеліс пен қиындық болуы мүмкін екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың қарым-қатынасы бұған дейін де көпшіліктің қызу талқысына түскен еді. Былтыр күзде актрисаның бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаев журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат беріп, ажырасу себептері туралы айтып, қоғамды дүр сілкіндірді.
Сондай-ақ Дархан Мұсаев жұбайымен арасы суыған сәтті еске алып, Дариға мен Олжас Абаевтың арасында іскерліктен бөлек сезімнің барын әу бастан сезгенін айтты.
Кейінірек Олжас Абай қызу талқыға түскен Дариға Бадықованың отбасына қатысты даулы оқиғадан кейін жазба жариялады. Актриса да экс-күйеуінің мәлімдемесіне жауап беріп, бір тараптың сөзіне ғана сүйеніп, қорытынды жасайтындарды сынға алды.
Ал биыл 9 қазанда актер Олжас Абай әріптесі Дариға Бадықоваға сырға салды. 12 қазанда жұлдызды жұп Алматы төрінде дүркіретіп той жасады.