Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Nvidia басшысының "қытайлық тыңшымен" махаббат хикаясына қатысты дау ушығып барады: ФТБ тергеу бастады

Элис Хуанг, Дженсен Хуанг
Фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуангтың қытайлық барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін әйелмен қарым-қатынасына қатысты жаңа мәліметтерді жариялады. Президенттің айтуынша, бұл мәселемен АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы (ФТБ) айналысып жатыр. Осы уақытта технологиялық алпауыттың акциялары күрт арзандап, компанияның нарықтық құны бір күнде шамамен 190 миллиард долларға қысқарды. Ал инвесторлар Nvidia мен оның басшысына қарсы сотқа жүгінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дау неден басталды?

29 қазанда The New York Times басылымы АҚШ барлау қызметінің қытайлық кәсіпкер Элис Хуангқа қатысты күдігін жариялады. Америкалық арнайы қызмет өкілдерінің мәліметінше, әйел Қытай билігіне ақпарат беріп отырған болуы мүмкін. Оны бақылау барысында Nvidia компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангпен жақын қарым-қатынаста болғаны анықталған.

Элис Хуанг бұған дейін Сингапурда тіркелген Megaspeed компаниясын басқарған. Бұл компания Nvidia процессорларымен жабдықталған серверлерді сатып алып, оларды түрлі тапсырыс берушілерге, соның ішінде қытайлық клиенттерге жалға береді.

Bloomberg мәліметінше, Megaspeed қызметін пайдаланған компаниялардың қатарында қытайлық Alibaba технологиялық алпауыты да болған. Ал The New York Times дерегіне сүйенсек, Megaspeed екі жылға жетпейтін уақыт ішінде Nvidia технологияларымен жабдықталған кемінде 4,8 миллиард доллардың құрылғысын сатып алған.

Журналистер Дженсен Хуанг пен Элис Хуангтың бұған дейін бірнеше рет көпшілік алдында бірге жүргенін анықтаған.

Элис Хуанг, Дженсен Хуанг
Фото: CTI / Reuters

Channel News Asia басылымы екеуі 2024 жылғы маусымда Тайбэйде өткен кешкі асқа қатысқанын хабарлады. Ал AFP агенттігінің 2025 жылғы мамырда түсірілген бейнежазбасында Хуангтың әйелді құшақтағаны, оның кәсіпкерді сүйгені және кейін екеуінің мейрамханадан бірге кеткені көрінеді.

Алайда Дженсен Хуанг 30 қазанда Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Элиспен байланысын кәдімгі іскерлік қарым-қатынас деп түсіндірген.

Элис Хуанг, Дженсен Хуанг
Фото: CTI / Reuters

Бұл оқиғаға америкалық арнайы қызметтің назар аударуына екеуінің жеке қарым-қатынасы ғана емес, Элис Хуанг басқарған компанияның қызметі де себеп болған.

Қазір АҚШ билігі Megaspeed компаниясы Қытайға жасанды интеллект чиптерін жеткізуге қойылған шектеулерді айналып өтуге көмектесті ме деген мәселені тексеріп жатыр.

Айта кетейік, Вашингтон 2022 жылдан бері Қытайға озық жасанды интеллект процессорларын экспорттауға шектеу енгізіп келеді. АҚШ билігі мұндай технологиялар Қытайдың әскери саласында пайдаланылуы мүмкін деп қауіптенеді.

6 қарашада Financial Times басылымы барлау қызметінің құжатына сүйеніп, Элис Хуангты Қытайдың арнайы қызметі өз мүддесіне жұмыс істеуге тартқан болуы мүмкін екенін хабарлады. 

Дженсен Хуанг әйеліне опасыздық жасағанын мойындады

Даулы ақпарат тарағаннан кейін Nvidia басшысы компания қызметкерлеріне арнайы үндеу жолдады.

8 қарашада жарияланған мәлімдемесінде Дженсен Хуанг жұбайына адал болмағанын ашық мойындап, жасаған әрекеті үшін отбасынан кешірім сұрады.

“Мен әйеліме опасыздық жасадым. Бұл әрекетім жұбайым мен балаларымның көңіліне қаяу түсірді. Мұны ештеңемен ақтай алмаймын. Мен қатты өкінемін”, – деді ол.

Алайда кәсіпкер некеден тыс қарым-қатынаста болған әйелдің кім екенін нақтыламаған.

Лори Хуанг, Дженсен Хуанг
Фото: CraSH / Keystone Press Agency / Global Look Press

Дженсен Хуанг 1985 жылдан бері Лори Хуангпен некеде. Ерлі-зайыпты студент кезінде танысқан. Олардың Мэдисон және Спенсер есімді екі баласы бар. Екеуі де Nvidia компаниясында жұмыс істейді.

Хуангтың опасыздығын мойындауы тыңшылыққа қатысты күдіктерді одан әрі күшейтті. Өйткені Nvidia жасанды интеллект саласындағы ең маңызды технологияларды әзірлейтін компаниялардың бірі саналады.

Осыған байланысты америкалық билік пен сарапшылар компанияның құпия ақпараты бөтен адамдардың қолына түсуі мүмкін бе деген мәселеге назар аударды.

“Оның тыңшы екенін білмедім”: Трамп Хуангпен сөйлескенін айтты

9 қарашада АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге Nvidia басшысы Дженсен Хуангпен телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді. Әңгіме барысында ол кәсіпкерден Қытай барлау қызметімен байланысы бар деген күдікке іліккен әйел туралы сұраған.

Трамптың сөзінше, Хуанг әйелдің арнайы қызметке жұмыс істеуі мүмкін екенін мүлде білмегенін айтқан.

“Мен одан “Сен оның тыңшы екенін білдің бе?” деп сұрадым. Ол “Оның тыңшы екенін мүлде білмедім” деп жауап берді. Мен оған толық сенемін”, – деді АҚШ президенті.

Трамп бұл жағдайға өзі де таңғалғанын жасырмады. Сонымен қатар Дженсен Хуангты жақсы танитынын және оның АҚШ экономикасына елеулі үлес қосқан кәсіпкер екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, даулы мәселеге қатысты тексеруді Федералдық тергеу бюросы жүргізіп жатыр.

“Бұл мәселені ФТБ қарап жатқанын білемін. Бірақ меніңше, оның жағдайы жақсы болады. Мен Дженсенді жақсы танимын. Ол – өте лайықты адам. Ол тамаша америкалық компания құрды”, – деді Трамп.

Алайда президент тергеудің нақты қашан басталғанын және оның аясында қандай жайттар тексеріліп жатқанын ашып айтпады.

Дженсен Хуанг, Дональд Трамп
Фото: Ken Cedeno / Consolidated News Photos / Global Look Press

BBC мәліметінше, журналистер Федералдық тергеу бюросынан түсініктеме сұрағанымен, ведомство бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартқан.

Әзірге ФТБ-ның Дженсен Хуангтың өзіне қатысты қылмыстық іс қозғағаны туралы ресми ақпарат жоқ. Сондықтан бұл тексерудің қандай құқықтық салдары болатыны да белгісіз.

Трамп сондай-ақ Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен келесі кездесуінде осы мәселе көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның пікірінше, Қытай басшысы Nvidia төңірегіндегі жағдай туралы сұрауы ықтимал.

Конгресс Nvidia басшысын жауап беруге шақырды

Nvidia айналасындағы дау АҚШ Конгресінің де назарын аударды.

Өкілдер палатасындағы үш комитеттің басшылары Дженсен Хуангтан 18 қарашада жабық брифинг өткізуді талап еткен. Олар компания басшысының Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін әйелмен қарым-қатынасы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қаншалықты қатер төндіргенін анықтағысы келеді.

Конгрессмендердің хатына Өкілдер палатасының Сыртқы істер комитетінің төрағасы Брайан Маст, Қытай жөніндегі арнайы комитеттің жетекшісі Джон Муленар және Барлау комитетінің төрағасы Рик Кроуфорд қол қойған.

Олардың басты алаңдаушылығы – Қытайдың Nvidia арқылы АҚШ-тың озық технологиялары мен құпия ақпаратына қол жеткізу ықтималдығы.

“Соңғы мәліметтер Қытайдың АҚШ-тың маңызды технологиялары мен құпия ақпаратына қол жеткізу мүмкіндігіне қатысты ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан елеулі алаңдаушылық туғызады. Америка қауіпсіздігіне қаншалықты қатер төнгенін Конгресс анықтауы аса маңызды”, – делінген заң шығарушылардың хатында.

Конгресс өкілдері Nvidia компаниясының шетелдік барлау қызметтерінің ықтимал әрекеттерінен қалай қорғанатынын да білгісі келеді.

Атап айтқанда, компания басшылығының шетелдік серіктестермен байланысы қалай бақыланатыны, қандай ақпарат құпия саналатыны және мұндай мәліметтердің сыртқа тарауына жол бермеу үшін қандай шаралар қолданылатыны талқыланбақ.

Nvidia өкілдері бұған дейін Хуангтың жыл сайын мыңдаған тапсырыс беруші компанияның басшыларымен кездесетінін мәлімдеген.

Компания мұны Азиядағы клиенттерге күнделікті іскерлік қызметке қатысты ақпарат беріледі деп түсіндірген. Ал коммерциялық құпиялар мен АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатысты мәліметтер оларға қолжетімді емес.

Дегенмен Конгресс мүшелері жағдайды егжей-тегжейлі тексеру қажет деп есептейді.

9 қарашада Өкілдер палатасындағы демократтардың жетекшісі Хаким Джеффрис те бұл мәселеге қатысты қосымша ақпарат талап етті. Ол Конгресс мүшелеріне Nvidia төңірегіндегі жағдай жөнінде арнайы құпия брифинг өткізу қажет екенін айтты. Джеффрис Қытайға америкалық жасанды интеллект чиптерін сатуға қатысты шектеулерді күшейтуді де қолдайтынын жеткізді.

Nvidia бір күнде 190 миллиард доллар жоғалтты

Хуангтың жеке өміріне қатысты даудың салдары қор нарығында да байқалды.

9 қарашада Nvidia акцияларының бағасы АҚШ-тағы сауда қорытындысы бойынша 4,3% төмендеді. Reuters мәліметінше, соның салдарынан компанияның нарықтық құны шамамен 190 миллиард долларға қысқарған.

Ал сол күні Еуропа биржаларында Nvidia акциялары бұдан да қатты арзандаған. Франкфурттағы сауда барысында олардың бағасы 6%-дан астам төмендеді.

Сауда сессияларының әр кезеңінде есептелген шығын көлемі әртүрлі болғандықтан, кейбір басылымдар компанияның нарықтық құны шамамен 250 миллиард долларға дейін азайғанын хабарлады.

Дегенмен осы құлдырауға қарамастан, Nvidia әлемдегі ең қымбат технологиялық компаниялардың бірі болып қалып отыр. Оның нарықтық құны шамамен 4,3 триллион доллар деңгейінде бағаланды.

Сарапшылар акциялардың арзандауын компания басшысының болашағына қатысты белгісіздікпен байланыстырады. Өйткені Дженсен Хуанг Nvidia-ны құрылған күнінен бері басқарып келеді және оның жасанды интеллект нарығындағы жетекші орынға шығуына тікелей ықпал еткен.

Нарықтағы алаңдаушылықтың басты себебі де осы. Егер тергеу нәтижесінде Хуанг қызметінен кетуге мәжбүр болса, компанияны кім басқаратыны әзірге белгісіз.

Инвесторлар Nvidia мен Хуангты сотқа берді

Жанжал қор нарығындағы шығынмен ғана шектелген жоқ.

9 қарашада АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Хосе қаласының федералдық сотына Nvidia компаниясы мен оның басшысы Дженсен Хуангқа қарсы талап арыз түсті.

Reuters мәліметінше, инвесторлар компания басшылығын акционерлер үшін маңызды ақпаратты жасырды деп айыптап отыр.

Талап қоюшылардың пікірінше, Хуангтың Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін әйелмен қарым-қатынасы Nvidia-ның беделіне, коммерциялық мүддесіне және ұлттық қауіпсіздік талаптарын сақтауына әсер етуі ықтимал болған. Сондықтан мұндай мәліметтер компанияға қаржы салған инвесторларға алдын ала хабарлануы керек еді деп есептейді олар.

Сотқа жүгінген акционерлердің қатарында Марк Кистенмахер бар. Олар келтірілген шығынды өтеуді талап етіп отыр. Алайда өтемақының нақты мөлшері әзірге көрсетілмеген. Талап арыз АҚШ қор нарығындағы 9 қарашадағы сауда аяқталғаннан кейін небәрі бес минут өткенде берілген.

Айта кетейік, бұл – инвесторлардың ұжымдық талап арыз ретінде қарауды сұрап отырған ісі. Сот компанияның заң бұзғанын әлі анықтаған жоқ.

Илон Маск Nvidia басшысын қолдады

Даулы оқиғаға әлемге танымал кәсіпкерлер мен инвесторлар да пікір білдірді.

Tesla мен SpaceX компанияларының басшысы Илон Маск Дженсен Хуангты қолдағандардың қатарынан көрінді. Ол Sequoia Capital инвестициялық компаниясының серіктесі Шон Магуайрдың пікіріне қосылды. Магуайр Хуангтың әрекетін ақылға сыймайтын қателік деп бағалағанымен, оның америкалық жасанды интеллект индустриясы үшін аса маңызды тұлға екенін атап өткен.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Nvidia басшысына қатысты дау компанияның технологиялық артықшылығын бірден жоймайды. Crossmark Global Investments компаниясының нарық сарапшысы Виктория Фернандес Nvidia-ның жасанды интеллект саласындағы орны ерекше екенін айтты.

“Nvidia жасанды интеллект индустриясының дәл ортасында тұр. Онсыз бұл жүйенің өзге бөліктерінің жұмысы бұзылуы мүмкін”, – деді сарапшы BBC-ге берген сұхбатында.

Ол инвесторлар компаниядан жаппай кетуге асықпайды деп болжап отыр. Себебі Nvidia процессорлары әлемдегі ірі технологиялық компаниялардың жасанды интеллект жүйелерін дамытуы үшін қажет. Алайда сарапшы Nvidia-ның болашақтағы басшылығына қатысты алаңдаушылық бар екенін де жасырмады.

Дженсен Хуангты қызметінен босатуы мүмкін бе?

Дженсен Хуангтың қызметтен кету ықтималдығы инвесторлар мен сарапшылар талқылап жатқан басты мәселелердің біріне айналды.

63 жастағы кәсіпкер Nvidia компаниясын 1993 жылы Крис Малаховски және Кёртис Приеммен бірге құрған. Бастапқыда компания компьютер ойындарына арналған графикалық процессорлар шығарды. Кейін бұл технологиялардың күрделі есептеулер мен жасанды интеллект жүйелерін дамытуға жарайтыны белгілі болды.

Хуанг осы бағытқа ерте бет бұрып, Nvidia-ны әлемдік технология нарығының көшбасшыларының біріне айналдырды. Бірақ кәсіпкердің компаниядағы ықпалы зор болғанымен, оны қызметінен босату туралы шешімді жалғыз өзі тоқтата алмайды.

BBC мәліметінше, Хуангқа Nvidia акцияларының шамамен 3,5%-ы ғана тиесілі. Бұл оның компанияның жалғыз қожайыны емес екенін білдіреді. Nvidia директорлар кеңесі тиісті негіз болған жағдайда бас директорды қызметінен босату туралы шешім қабылдай алады.

Мәселен, Meta компаниясының негізін қалаушы Марк Цукерберг компанияны басқаруға едәуір ықпал ететін дауыс беру құқығына ие. Ал Nvidia-да Хуангқа директорлар кеңесінің шешіміне біржақты тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін мұндай құрылым жоқ. Дегенмен сарапшылар оның жақын арада қызметінен босатылатынына сенімді емес.

Crossmark Global Investments өкілі Виктория Фернандестің пікірінше, директорлар кеңесі ұлттық қауіпсіздікке немесе компанияның зияткерлік меншігіне елеулі зиян келтірілгенін дәлелдейтін деректер табылмаса, Хуангты орнынан алуға асықпайды. Алайда қазіргі жағдай Nvidia-ны болашақ басшылық мәселесіне мұқият қарауға мәжбүр етуі мүмкін. Сарапшы компания Хуангтың орнын басуға қабілетті маманды алдын ала дайындай бастайды деп есептейді.

Ал Pepperstone компаниясының зерттеу бөлімінің жетекшісі Крис Уэстон Хуангтың қызметтен кетуі Nvidia үшін ауыр соққы болатынын айтты.

“Егер инвесторлар оның шынымен кететініне сенсе, акциялар әлдеқайда қатты құлдырар еді. Бұл компания үшін нағыз апат болар еді”, – деді ол.

Сонымен қатар Future Fund инвестициялық қорының басқарушысы Гэри Блэк тергеудің салдарына қатысты сақтық таныту қажет деп есептейді. Оның пікірінше, Хуангтың орнына келетін нақты басшының болмауы инвесторларды алаңдатуы мүмкін.

Жанжал АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекеге әсер ете ме?

Дженсен Хуангқа қатысты дау АҚШ пен Қытай арасындағы күрделі технологиялық қатынастар кезінде өршіп отыр.

Вашингтон бірнеше жылдан бері Қытайға жоғары өнімді чиптерді экспорттауды шектеп келеді. АҚШ билігі мұндай процессорлар Қытайдың әскери және барлау саласындағы мүмкіндіктерін күшейтуі мүмкін деп қауіптенеді.

Ал Nvidia үшін Қытай – ірі нарықтардың бірі.

Дженсен Хуанг бұған дейін Қытайға чип сатуға қойылған қатаң шектеулерге бірнеше рет қарсы пікір білдірген. Ол америкалық компаниялардың Қытай нарығынан толық шеттетілуі жергілікті өндірушілердің дамуын жеделдетуі мүмкін деп есептейді. Хуанг шектеулерді жеңілдету мәселесін Трамп әкімшілігімен де талқылап жүрген.

Сондықтан америкалық заң шығарушылар оның қытайлық кәсіпкермен қарым-қатынасына тек жеке өміріндегі оқиға ретінде қарамай отыр. Оларды Хуангтың Қытайға технология жеткізуге қатысты шешімдеріне сырттан ықпал ету әрекеті болды ма деген мәселе қызықтырады. Бұл тұрғыда Nvidia компаниясымен байланысы бар Megaspeed кәсіпорны да назарға іліккен.

Бұған дейін америкалық билік Сингапурда орналасқан компания Қытайға чип жеткізуге қойылған шектеулерді айналып өтуге көмектескен болуы мүмкін деген күдік білдірген. Алайда Элис Хуангтың Қытай барлау қызметінің тапсырмасын орындағаны және Nvidia-ның құпия мәліметтері сыртқа тарағаны әзірге дәлелденген жоқ.

Қытай сыртқы істер министрлігі өзіне тағылған тыңшылық туралы айыптауларды жоққа шығарып отыр.

Nvidia-ны алда не күтіп тұр?

Қазір Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз тергеу жүргізіп жатыр. Тексеруге сырттан шақырылған заңгерлер де қатысуда.

Компания басшылығы әзірге коммерциялық құпиялардың сыртқа тарағанына немесе АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келгеніне негіз жоқ екенін мәлімдеді. Сонымен қатар директорлар кеңесі Дженсен Хуангқа сенім білдіріп, оның компанияны басқаруды жалғастыратынын хабарлады. Дегенмен алдағы күндері Nvidia үшін бірнеше маңызды мәселе шешілуі мүмкін.

  • 17 қарашада компания тоқсандық қаржылық есебін жариялауға тиіс. Инвесторлар осы есеп арқылы компанияның табысы мен алдағы жоспарларына баға береді.
  • Ал 18 қарашаға АҚШ Конгресінің өкілдері Дженсен Хуангтың қатысуымен жабық брифинг өткізуді сұраған.

Онда кәсіпкерден шетелдік барлау қызметтерінің ықтимал әрекеттері, компанияның ақпараттық қауіпсіздігі және Қытайға технология жеткізу мәселесі жөнінде түсініктеме талап етіледі.

ФТБ тексеруінің нәтижесі де әзірге белгісіз.

Осылайша, алғашында Nvidia басшысының жеке өміріне қатысты ақпараттан басталған дау енді АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі, әлемдік қаржы нарығы және жасанды интеллект индустриясының болашағына қатысты мәселеге айналды. Ал Дженсен Хуангтың қызметін сақтап қалуы тергеу нәтижесіне және директорлар кеңесінің шешіміне байланысты болмақ.

Айта кетейік, Nvidia – жасанды интеллектіні дамытуға қажетті чиптер шығаратын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Нарықтық құны 4,5 триллион долларға жеткен компанияны Дженсен Хуанг 30 жылдан астам уақыт басқарып келеді.

Еске салайық, бұған дейін Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін Элис Хуанг есімді кәсіпкер әйелмен көңілдес болғаны туралы ақпарат тарағаны хабарланған еді. The New York Times басылымының мәліметінше, АҚШ арнайы қызметтері әйелді бір жылдан астам уақыт бақылап, оның Қытай билігіне ақпарат жеткізген болуы мүмкін деген күдікке келген. Кейін Дженсен Хуанг әйеліне опасыздық жасағанын мойындап, отбасынан кешірім сұрады. Осы жағдайдан кейін Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз тергеу бастады. Алайда компания әзірге құпия деректердің сыртқа тарағанын растайтын дәлел жоқ екенін мәлімдеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 16:00