NVIDIA компаниясы қазақстандық инженер негізін қалаған Higgsfield стартапына инвестиция салды
Жасанды интеллект арқылы видео-фото жасауға мүмкіндік беретін Higgsfield платформасына NVIDIA компаниясы мен америкалық TCV инвестициялық қоры қаржы салды. Стартапты негізін қалаушылардың бірі – қазақстандық инженер Ерзат Дулат. Аталған хабар NVIDIA негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангтың Қазақстанға сапары кезінде белгілі болды. Ол елге AI Month 2026 аясында келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
NVIDIA мен TCV қоры стартаптың B сериясындағы инвестициялық раундқа қосылды. Бұл раундқа 2026 жылдың тамызында DST Global жетекшілік еткен. Сол кезде Goldman Sachs Alternatives, Tribe Capital, AI Capital Partners, Smash Capital, GFT Ventures және Valor Capital қорлары да инвестиция салған.
Higgsfield компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі бас директоры Алекс Машрабовтың айтуынша, бүгінде брендтерге, киностудияларға және контент жасаушыларға бұрынғыдан әлдеқайда көп визуалды материал қажет. Ал дәстүрлі тәсілдермен мұндай сұранысты қанағаттандыру қиын.
“Қазір көз алдымызда жаңа индустрия қалыптасып жатыр. Ол визуалды контентке деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруы керек. TCV қоры кезінде медиа нарығының тұтас бағыттарын өзгерткен компанияларға инвестиция салған. Ал NVIDIA технологиялары платформамызды дамытудың барлық кезеңінде қолданылды. Енді осындай деңгейдегі компаниялармен серіктестік орнату визуалды контенттің жаңа нарығын дамытуға көбірек мүмкіндік береді”, – деді Алекс Машрабов.
Higgsfield жаңа инвестицияларды өнімді жетілдіруге, әлемдік есептеу инфрақұрылымын кеңейтуге, қызметкерлер санын арттыруға және халықаралық нарықтарға шығуға жұмсамақ.

NVIDIA технологиялары қалай қолданылады?
Higgsfield бастапқыда NVIDIA L40 және A40 графикалық процессорларын пайдаланған. Кейін компания Hopper және Blackwell сияқты жаңа буын графикалық процессорларына көшкен. Алдағы уақытта есептеу қуатын арттырып, пайдаланушылар саны мен контент жасау көлемінің өсуіне ілесу үшін NVIDIA Vera Rubin архитектурасын қолдануды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар стартап NVIDIA Dynamo бағдарламалық шешімін пайдаланады. Бұл жүйе графикалық процессорлармен жабдықталған инфрақұрылымда жасанды интеллект модельдерінің жұмысын ұйымдастырып, олардың мүмкіндігін кеңейтуге көмектеседі.
NVIDIA компаниясының Physical AI бағыты бойынша вице-президенті Рев Лебаредян бұл серіктестікті есептеу қуатын пайдаланушыларға арналған нақты өнімге айналдырудың үлгісі деп атады.
“Жасанды интеллект инфрақұрылымы токендер түрінде интеллект өндіреді. Ал қосымшалар сол токендерді пайдаланушыларға арналған нақты нәтижеге айналдырады. Higgsfield пен NVIDIA бірлесіп жұмыс істеу арқылы есептеу қуатын миллиондаған пайдаланушы мен әлемдегі жүздеген ірі брендке арналған контент жасауға жұмсап отыр”, – деді ол.
Higgsfield жобаларының бірі – NVIDIA Blackwell Ultra есептеу инфрақұрылымының көмегімен жасалған 15 минуттық “Kök Börü” анимациялық фильмі.
Фильм жарыққа шыққан соң компания жобаның материалдарын ашық ұсынып, солардың негізінде Higgsfield Academy платформасында тегін оқу курсын әзірлеген. Стартаптың мәліметінше, академияның оқу материалдарын 150 мыңнан астам контент жасаушы пайдаланған.
TCV қоры неге қызығушылық танытты?
TCV – Netflix, Spotify, Facebook, ByteDance және Electronic Arts сияқты компанияларға инвестиция салған америкалық қор. Қор Higgsfield-тің жасанды интеллект арқылы визуалды контент жасау құралдары нарығын дамыту әлеуетін жоғары бағалаған.
TCV қорының бас серіктесі Нил Толанидің айтуынша, Алекс Машрабов пен оның командасы өнімді дамытып, пайдаланушылар санын сирек кездесетін қарқынмен арттырып келеді.
“Олар жасанды интеллект көмегімен идеяларды кәсіби суреттер мен видеоларға айналдырудың әлдеқайда жылдам тәсілін жасап жатыр. Бұл әдіс жеке контент жасаушыларға да, ірі брендтер мен жарнама агенттіктеріне де қолайлы”, – деді ол.
Стартаптың жылдық кірісі 1 миллиард доллардан асты
Higgsfield мәліметінше, 2026 жылы қыркүйекте, яғни платформа іске қосылғаннан кейін 18 ай өткенде, компанияның жылдық кірісінің есептік қарқыны 1 миллиард доллардан асқан.
Бұл көрсеткішті компанияның соңғы 12 айдағы нақты кірісімен шатастырмаған жөн. Ол – қазіргі нәтижелерді негізге алып есептелген жылдық кіріс қарқыны.
2026 жылы тамызда B сериясындағы инвестициялық раунд жарияланғаннан бері платформа пайдаланушыларының саны 30 миллионнан 40 миллионға дейін өскен. Осы кезеңде корпоративтік келісімшарттардың көлемі 71% артқан.
Компания мәліметінше, бизнеске арналған қызметтері де жылдам дамып келеді. Корпоративтік сегмент ай сайын 100%-дан астам өсіп отырса, маусымнан бері бизнес-клиенттермен жасалған келісімшарттардың көлемі он есе артқан.
Қазір платформаны әлемнің 238 елі мен аумағында пайдаланады. Higgsfield-тің жеке елдер арасындағы ең ірі нарығы – АҚШ, ал қолданылу көлемі бойынша ең ірі өңір – Еуропа.
Сонымен қатар компания бизнес шығындарын бақылайтын Ramp платформасының деректеріне сүйенеді. Осы мәліметтер бойынша, Higgsfield сурет пен видео жасауға арналған жасанды интеллект құралдарын ұсынатын ең жылдам дамып келе жатқан компания саналады.
Higgsfield визуалды контенттен қалай табыс табады?
Higgsfield жасанды интеллект арқылы сурет, видео және фильм жасауға арналған AI-native visual media бағытын дамытып отыр. Бұл тәсілде контентті жасау мен өңдеудің барлық кезеңінде жасанды интеллект қолданылады.
Компанияның бизнес-моделі брендтер мен кәсіпорындардың көп көлемде визуалды материалға деген сұранысына негізделген. Мәселен, бір жарнамалық идеяны платформа арқылы әртүрлі елге, тілге, аудиторияға және жарнама алаңына бейімделген ондаған, тіпті жүздеген нұсқаға айналдыруға болады.
Дәстүрлі өндіріс тәсілінде мұндай жұмыс үшін қосымша түсірілім, монтаж және мамандардың еңбегі қажет. Ал генеративті жасанды интеллект осы үдерістердің бір бөлігін автоматтандырып, жарнаманың түрлі нұсқаларын жылдам дайындауға мүмкіндік береді.
Компания үш негізгі бағытта жұмыс істейді: маркетинг пен жарнама, ойын-сауық индустриясы және creator economy, яғни кәсіби әрі тәуелсіз контент жасаушылар нарығы.
Бұл саланың дамуына жарнама шығындарының өсуі де ықпал етіп отыр. WPP Media болжамы бойынша, 2026 жылы әлемдік жарнама нарығының көлемі 1,3 триллион долларға жетеді. Ал америкалық IAB ұйымы АҚШ-тағы цифрлық видеожарнамаға жұмсалатын қаражат 80 миллиард доллардан асады деп болжайды.
Higgsfield келтірген деректерге сәйкес, жарнама берушілердің үштен екісіне жуығы видеожарнама жасау үшін генеративті жасанды интеллектіні пайдаланады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен жартысына тең болған.
Компания мәліметінше, платформа арқылы ай сайын шамамен 12 триллион токен өңделіп, 150 миллионға жуық контент нұсқасы жасалады. Токен – жасанды интеллект модельдері өңдейтін мәтін мен басқа деректердің бірлігі. Ал генерация дегеніміз – контент жасаудың жеке нәтижесі.
Қазақстанмен байланысын сақтап отыр
Higgsfield стартапын Алекс Машрабов, қазақстандық жасанды интеллект инженері Ерзат Дулат және Махи де Силва құрған.
Компанияның бас кеңсесі АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан. Соған қарамастан, Higgsfield Қазақстандағы қызметін жалғастырып келеді: Алматыда кеңсесі бар және Astana Hub халықаралық технологиялық паркіне қатысады.
"Қазақстандық өнімді сөреге қойғызбайды": Ақтаудан Алматыға бизнесін дамытуға келген кәсіпкер өндірісін жабуды ойлап жүр