Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тұрғыны жуырда төселген тақтайшалардың қайта ауыстырылып жатқанына шағымданды: Әкімдік себебін түсіндірді

Жол жөндеу
Фото: Threads

Алматы тұрғыны Тимирязев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы аялдама маңына жуырда төселген тақтайшалардың қайта ауыстырылып жатқанына наразылық білдірді. Әкімдік жөндеу жұмыстарының себебін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қала тұрғындары жуырда жөнделген аумақта тақтайшалар қайта төселіп жатқанына назар аударды.

Желі қолданушылары әкімдіктен жазда жөнделген жердің арада бір ай өткен соң қайта қазылып, жабындысының не себепті ауыстырылып жатқанын сұрады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Тимирязев көшесінің Байтұрсынов көшесінен Жандосов көшесіне дейінгі бөлігі "қасбеттен қасбетке дейін" қағидаты бойынша абаттандырылып жатыр.

Жоба аясында көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнату, жарықтандыру тіректері мен шағын сәулет нысандарын орналастыру, велосипед жолын салу және тақтайшалар төсеу қарастырылған.

"Бұл учаскедегі құрылыс-монтаж жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Аялдамада жобаға сәйкес тактильді тақтайшалар төселіп жатыр", – делінген басқарма хабарламасында.

Айта кетейік, тактильді тақтайшалар – бетінде арнайы бедерлері бар жол жабыны. Ол көру қабілеті бұзылған адамдарға кеңістікте бағдар табуға, қауіпсіз бағытты анықтауға және кедергілерден айналып өтуге көмектеседі.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда үш күн бұрын отырғызылған ағаштарды қайта қазып жатқаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 23 Қазан, 2026 19:07