Алматыда үш күн бұрын отырғызылған ағаштарды қайта қазып жатыр (видео)
Алматы тұрғыны үйінің маңына үш күн бұрын ғана отырғызылған ағаштарды қайта қазып жатқанын айтып, наразылығын білдірді. Қала мамандары оған не себеп болғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads желісіндегі abv_novosti парақшасында тұрғынның видеосы жарияланды. Оның айтуынша, үйінің маңына ағаштар отырғызылып, кейін қайта алынған.

“Үш күн бұрын ағаштар отырғызылған еді. Өте әдемі болып тұрған. Ал қазір мынадай жағдайға куә болып отырмыз. Ағаштар жерде жатыр. Ал жұмысшылар оларды қазып алып, тіреуіштерін сындырып жатыр. Бұл ағаштар тек суретке түсу үшін отырғызылды ма, әлде?”, – дейді видео авторы.
Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, басқарманың ескертуінен кейін мердігер ұйым ірі ағаштардың түбіне тым жақын отырғызылған көшеттерді басқа жерге көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, бұл шаралар жаңа көшеттердің жақсы өсіп-жетілуіне жағдай жасауға, олардың зақымдануы мен қурап қалуының алдын алуға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда абаттандару кезінде ағаштардың түбіне бетон құйылып жатқаны тұрғындарды алаңдатқаны туралы жазған едік.
Моңғолиядағы қазақ-моңғол дауы неден шықты: Баян-Өлгей аймағында не болып жатыр