Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тауларында ағаштарда қызыл белгілер пайда болды: Жаппай ағаш кесу қалаға қалай әсер етеді

Көкжайлау ағаштарға белгі  кесу
Фото: Желі кадрларынан

Желіде алматылық тұрғын Көкжайлаудағы ағаштардың діңіне қойылған қызыл белгілерді көрсетті. Оның айтуынша, жайқалып тұрған ағаштар курорт салу үшін кесіліп, табиғатқа орны толмас зиян келмек. Ал Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі шынымен 2627 данасы кесілетінін растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тұрғын желіде Көкжайлауда қызыл белгі қойылған көптеген ағашты көрсетіп, наразылығын білдірді. 

“Мынаны көрдіңіздер ме? Тауға, Көкжайлауға жиі шығатын болсаңыздар, соңғы кезде ағаштардың діңіне қызыл белгілер қойылғанын байқаған шығарсыздар. Бұл – Казачка жақтан Көкжайлауға апаратын соқпақ бойы. Бүгін осы белгілерді көргенде қатты қынжылдым. Әлде бұл ағаштарды кесуге дайындап жатыр ма? Әлде Көкжайлауда курорт салу жоспары қайта жанданды ма? Сонда осы ағаштарды, осы орманды, осы әсем табиғатты сақтап қала алмаймыз ба?”, – деді тұрғын. 

Оның айтуынша, мұндай белгі тек бір ғана ағашқа емес, бірнеше ағашқа салынған.

“Ағаштарға мұндай қызыл белгілердің қойылуы нені білдіреді? Әрі бір ғана ағаш емес, бірнешеу. Сырттай қарағанда бәрі де сау, жайқалып өсіп тұрған ағаштар. Бірақ олардың бәріне қызыл таңба қойылған. Мұндай белгілер тек осы жерде ғана емес. Барлығын өз көздеріңізбен көріңіздер деп арнайы көрсетіп тұрмын. Егер сіздер де Көкжайлаудағы құрылысқа қарсы болсаңыздар, осы орман мен табиғатты сақтап қалуды қаласаңыздар, бұл видеоны бөлісіңіздер, пікір қалдырыңыздар. Мүмкін, әлі де бәрін сақтап қалуға мүмкіндік бар шығар”, – деді ол. 

Сонымен қатар тұрғын видео жазбасына бұған дейін 2019 жылы президенттің өзі Көкжайлаудағы құрылысты тоқтатуға тапсырма бергенін сөз етті. Алайда айтуынша бүгінде бұл тапсырма орындалып жатқан жоқ. 

“Мен Президенттің бұл тапсырмасының күші жойылғаны туралы ресми мәлімдемені көрген жоқпын. Сондықтан Көкжайлауда қазір болып жатқан жағдайды Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындамау деп есептеймін. Мұны тоқтатыңыздар! Көкжайлау – ұлттық парк. Онда ағаш кесу түгілі, заң бойынша қоқыс тастауға да тыйым салынған”, – деп жазды ол

Желі қолданушылары да табиғи аймақтың бұзылуына алаңдаушылық білдірді. Алайда олар араға 7 жыл салып президенттің тапсырмасының күші жойылған болуы мүмкін екенін болжады. 

“Алматының барлық тұрғындары бұған қарсы. Бұл ағаштар – біздің мақтанышымыз, байлығымыз және қаламыздың өкпесі!”, “Көкжайлауға тиіспеңдер! Бұл – бүкіл Қазақстан халқының ортақ қазынасы. Келер ұрпақ үшін сақтауымыз керек”, “Бұл – табиғатқа ғана емес, бүкіл Қазақстан халқына жасалған қиянат”, “Басқа жерлерді игеріп, енді Көкжайлау ғана қалды ма? Көбірек жазба жариялап, халықтың үнін жеткізсек, шенеуніктер ойланып қалар деп үміттенемін”, – деп жазды жұртшылық. 

“Кесілетін ағаштар саны – 2627 дана: Көкжаулайға курорт салуға рұқсат етілді”

Stan.kz тілшісі ағаштарға қойылған белгі бойынша Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен пікір сұрады. Жауапты орган бұрын бұл жерге құрылыс салмау тапсырылса, қазір жаңа жобаларды іске асыруға рұқсат бар екенін алға тартты. 

“Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында Алматы тау кластерін (АТК) дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде Көкжайлау шатқалында "Almaty Superski" жобасын іске асыру қарастырылған. Өңір экономикасының ең перспективалы бағыттарының бірі ретінде тау және шаңғы туризмін дамытуға ерекше назар аударылуда. Бұл бағыт Қазақстанның халықаралық деңгейде танымал туристік брендін қалыптастыруға мүмкіндік береді”, – деді Ұлттық парк. 

Ведомствоның мәліметінше, заң талаптары мен тиісті келісімдер негізінде Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы Көкжайлау жобасына қатысты шарт жасасқан. Оны іске асыру арқылы туристік инфрақұрылымды дамыту және Алматы тау кластерін кеңейту жоспарланған. 

“Кесуге жататын ағаштардың саны – 2627 дана. Аумағы – 15,37 гектар, жалпы көлемі – 736,6 текше метр. Орман кесу жұмыстарына қатысты барлық құжаттар қолданыстағы орман заңнамасы мен бекітілген қағидаларға сәйкес әзірленіп, ағаштарды кесуге рұқсат беру, іріктеу және таңбалау Орман кодексі талаптары бойынша жүргізіледі. Ал Ағаштарға белгі арнайы орман балғасымен қойылады. Таңба ағаш діңінің түбінен 1,3 метр биіктікте қабығы алынғаннан кейін немесе кесілмейтін дің бөлігінің төменгі жағында салынады. Ағаштарға белгі қою орман кесу аумақтарын бақылау, тұрған ағашты босату және заңсыз ағаш кесу фактілерін анықтау мақсатында жүргізіледі”, – деп қосты жауапты орган.

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі сонымен қатар бұл аймаққа жолдың да салынатынын растады. Айтуларынша 2025 жылғы 21 тамызда Ұлттық парк мамандары мен Ботаника және фитоинтродукция институты Көкжайлау тау-шаңғы курортына апаратын жол салынатын аумақты зерттеген.

“Қазіргі уақытта Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы ұзындығы 6,02 шақырым болатын жаңа жолдың жобалық құжаттамасын әзірлеуде. Ағаш кесу жұмыстары жол және басқа да инфрақұрылым нысандарын салу үшін орман аумағын тазарту мақсатында жүргізілмек. Оған арнайы рұқсат (орман кесу билеті) рәсімделіп, жоба бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау әзірленіп, 2026 жылғы 26 мамырда қоғамдық тыңдаулар өткізілген”, – деп жауап берді Ұлттық парк.

“Ауаны салқындататын экожүйе бұзылады: Оны қалпына келтіру мүмкін емес”

Алматылық танымал эколог, қоғам белсендісі және "Көкжайлауды сақтайық" бастамашыл тобының мүшесі Анар Жандосованың айтуынша, Көкжайлаудағы кесуге дайындап жатқан ағаштар жай ағаш емес тұтас бір тіршілік әлемі. 

“Мұнда бұталар да, құстар да, басқа да жануарлар мекендейді. Яғни бүтін бір экожүйе жойылмақ. Мұндай әрекет өте қауіпті үрдіске жол ашады. Бір жағынан мемлекет миллиардтаған қаржы бөліп, жаңа ағаштар отырғызатынын, елді көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтады. Ал екінші жағынан еш себепсіз сау, алып ағаштар кесіліп жатыр. Қазақстанның өзінде орман алқаптары өте аз. Сондықтан біз әрбір орман алқабын, табиғаттың әрбір бұрышын көздің қарашығындай сақтауымыз керек", – деді ол.

Эколог сонымен қатар Көкжайлаудағы ағаштардың жойылуы мен құрылыс жұмыстары қаладағы ауа температурасы мен сапасына әсер ететінін алға тартты. 

“Бұл жерлер – альпілік шалғындар. Ондағы шөптер, гүлдер мен бұталар жылуды сіңіріп, ауаны салқындатуға ықпал етеді. Ал қазір бұл аумақтың бәрі қазылып жатыр. Егер кейін оның бәрі асфальтпен немесе бетонмен жабылса, онда бұл жер салқындатудың орнына жылуды жинайтын аумаққа айналады. Бір жерде жер қызады, екінші жерде ағаштар кесіледі. Тағы бір аумақта бульдозермен жер тегістеледі. Мұның бәрі ауа температурасының көтерілуіне ықпал етеді. Сонымен қатар шаң көбейеді. Ол шатқалдың да, қаланың да атмосферасына әсер етеді. Мұздықтар еріп жатыр, жалпы бұл экожүйе өте нәзік. Оның бір бөлігін бұзсаңыз, салдары бүкіл табиғи жүйеге таралады. Сондықтан "мына ағаштарды кесіп, басқа жерге он есе көп ағаш отырғызамыз" деген көзқарас мәселені шешпейді. Мұндай экожүйені қайта қалпына келтіру мүмкін емес", – деп қосты маман.

Анар Жандосованың айтуынша, Көкжайлауда 100 жылдық ағаштар, кеңес дәуірінде отырғызылған 50–60 жылдық шырша мен қарағайлар бар. Маман бұл ағаштардың әлі де 100–200 жыл жасай алатынын алға тартты. 

“Олардың арасында жасы 300–400 жылға жететін жекелеген ағаштар болуы да әбден мүмкін. Ұлттық парк мұндай бірегей ағаштарды анықтап, зерттеп, олар туралы ақпараттық тақтайшалар орнатудың орнына, оларды кесуге дайындап жатыр. Әлемнің көптеген елінде ерекше ағаштар қорғалып, туристерге таныстырылады. Ал бізде керісінше жағдай қалыптасқан. Әңгіме тек 2627 ағаш туралы емес. Бұған қоса мыңдаған бұта мен шөптесін өсімдіктер жойылуы мүмкін. Көкжайлауда Қызыл кітапқа енген сирек өсімдіктер өте көп. Қоғамдық тыңдауда ҚазҰУ сарапшылары бұл аумақта Қызыл кітапқа енген өсімдіктер жоқ деген қорытынды ұсынды. Бірақ біз дәл қазір жүріп келе жатып-ақ Қызыл кітапқа енгізілген Островский қызғалдағы сияқты өсімдіктерді көріп тұрмыз. Көктем сайын адамдар дәл осы қызғалдақты тамашалау үшін Көкжайлауға келеді", – деп қосты ол.

Экологтың сөзінше, құрылыс жұмыстары жануарлар дүниесіне де кері әсер етеді. Айтуынша егер ағаш кесіліп курорт салынса, аумақта мекендейтін  төрт қар барысы, бұғылар, сирек кездесетін құстар, жәндіктер мен кесірткелердің көптеген түрі біржола аумақтан кетеді. 

“Әзірге ағаштар кесілген жоқ. Әр ағаштың діңіне екі үлкен белгі соғылған. Оған қарасаңыз, ағаштар "жылап тұрғандай" әсер қалдырады. Алайда бұл аумақта Қызыл кітапқа енген өсімдіктер болғандықтан, оларды кесуге Үкіметтің арнайы қаулысы қажет. Экология министрінің айтуынша, мұндай рұқсат құжаттары әлі дайындалып жатыр. Рәсімдерге шамамен бір жарым ай уақыт кетуі мүмкін. Дегенмен қазір басталып кеткен құрылыс жұмыстарын заңсыз деп санаймыз", – деп қорытты маман.

Еске салсақ, бұған дейін  Алматы тауларында салынатын Almaty SuperSki жобасы туралы хабарлаған едік. Тау шаңғысы курортын іске қосу 2028 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 07 Тамыз, 2026 17:08