Павлодарда асхана кассирі клиенттердің 7,3 миллион теңгесін өз шотына аудартқан
Павлодарда асхана кассирі үш жыл бойы клиенттердің төлемдерін өз шотына қабылдап, 7,3 миллион теңге иемденген. Судья оған үш жыл төрт ай шартты жаза тағайындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйел бұл асханада 12 жыл жұмыс істеген. Ал 2020 жылдан бастап кассир қызметіне ауысқан. Сол кезде асханада клиенттердің ақшасы мекеме иесінің шотына аударылатын. Кейін салық органдарының бақылауы күшейген соң, кәсіп иесі мұндай төлемдерге тыйым салған.
Осыдан кейін кассир клиенттерге өзінің телефон нөмірін бере бастаған. Осылайша, 2020-2023 жылдар аралығында түскен ақшаны өз шотына аудартып отырған.
Қылмыстық әрекет кездейсоқ әшкере болған. 2024 жылғы 1 қаңтарда кассир жұмыста болмаған кезде, оның орнына отырған бухгалтер клиенттердің тапсырыс ақысын кассирдің нөміріне аударып жатқанын байқап қалған.
Бұл туралы басшылыққа хабарланып, кассирден банк көшірмесі сұратылған.
Асхана иесі бастапқыда шығын көлемін шамамен 10 миллион теңге деп есептеген. Кейін кассир нақты соманың 7,3 миллион теңге екенін дәлелдеген. Полиция әйелге қатысты ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Сот оның кінәсін дәлелденген деп таныды. Кассир кінәсін мойындап, сот үкімі шыққанға дейін келтірілген шығынды толық өтеген.
Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық ескеріліп, оған 3 жыл 4 ай шартты жаза тағайындалды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға берілетін сыйақы тәртібі 2026 жылғы 5 тамызда өзгерді. Жаңа ережеге сәйкес, сыйақы мөлшері параның көлеміне немесе келтірілген шығын сомасына қарай есептеледі. Ең жоғары төлем 17,3 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндетіне байланысты жемқорлық фактісі туралы хабарласа, оларға ақшалай сыйақы берілмейді. Оның орнына құрмет грамотасы немесе алғыс жарияланады. Сыйақы алуға құқығы бар азаматтар қажетті құжаттарды уәкілетті органға ұсынуы керек. Құжаттар бес жұмыс күні ішінде тексеріліп, кейін арнайы комиссия қарауына жіберіледі.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты
