Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алаяқтар қазақстандық әйелдің eGov парақшасына кіріп, несиеге қойылған шектеуді алып тастаған

Алаяқ
Фото: magnific.com

Қазақстандық әйел Threads желісінде алаяқтардың eGov-тағы аккаунтына қол жеткізіп, оның атына 5 млн теңге көлемінде несие рәсімдеуге әрекет жасағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әйелдің айтуынша, алаяқтар eGov-та биометриялық сәйкестендіруден өтіп, аккаунтқа тіркелген телефон нөмірін өзгертіп, әйелдің өз атына несие рәсімдеуге қойған шектеуін алып тастаған. Әйел ешқандай күдікті сілтемеге кірмегенін айтады. 

"Алаяқтар 5 000 000 теңге көлемінде несие алуға өтінімдер берген. Көптеген банк өтінімді мақұлдамаған, тек Forte Bank қана мақұлдаған", – делінген жазбада.

Әйел eGov пен Forte Bank-ке жүгініп, болған жағдайды анықтап, жүйеде ақаудың бар-жоғын тексеруді талап етті.

Алаяқтық
Фото: Threads

Айта кету қажет, жазбада алаяқтардың оның аккаунтына нақты қандай жолмен кіріп, биометриялық сәйкестендіруден қалай өткені туралы дәлелдер келтірілмеген.

eGov.kz өкілдері жазбаға жауап беріп, тексеру жүргізуді ұсынды.

"Мұндай жағдайға тап болғаныңызға өкініш білдіреміз. Тексеру жүргізіп, кері байланыс беру үшін Direct арқылы аты-жөніңізді, ЖСН-іңізді және телефон нөміріңізді жіберуіңізді сұраймыз. Ақпаратты міндетті түрде тексереміз", – деп хабарлады eGov.kz.

Forte Bank өкілдері де жағдайды тексеруге дайын екенін мәлімдеді.

Жазба авторы желі қолданушыларын жеке деректерінің қауіпсіздігіне мұқият болып, мемлекеттік және банк қызметтеріне берілген рұқсаттарды тексеруге шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әйел бір уақытта "екі некеде" тұрғаны үшін ипотека рәсімдей алмағаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 18 Қыркүйек, 2026 20:49