Зағип ер адам шарап ішіп, көлікпен 240 шақырым жүріп кеткен
Ұлыбританияда көзі көрмейтін ер адам мас күйде көлік айдап, 240 шақырым жол жүрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі bbc.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
50 жастағы Энтони Холл басқарған көлікті полиция 29 маусымға қараған түні Камбриядағы Карлайл қаласының маңында тоқтатқан. Жүргізушінің мас болғаны әрі соқыр екені анықталды.
Сонымен қатар оның ешқашан жүргізуші куәлігін алмағаны белгілі болды. Холлдың айтуынша, ол шамамен екі жыл бұрын көру қабілетінен толықтай дерлік айырылған. Қазір ол тек жарық көздерін ғана ажырата алады.
Британиялық ер адам Уэст-Йоркшир графтығындағы Хаддерсфилд қаласынан сүйіктісінің көлігімен жолға шыққан. Оның алдында екеуі төрт бөтелке шарап ішкен. Холл жүйке күйзелісін бастан өткергенін және өзін қоршаған "әлемнен қашып", Шотландияға кеткісі келгенін айтқан.
Ер адамның сөзінше, оған және сүйіктісіне қаржылық қиындықтар қатты әсер еткен.
Көзі өте нашар көретініне қарамастан, Холл тас жолмен 240 шақырым жүріп өткен. Ол өз жолағындағы жүк көліктерінің артқы шамдарына қарап, жолды бағдарлаған. Жол бойында жанармай құю бекетіне де тоқтаған. Сол жерде қызметкер оған көлігіне жанармай құюға көмектескен.
8 қыркүйекте сот Холлды сегіз айға шартты түрде соттап, кейін бір жарым жыл бойы бақылауда ұстау туралы үкім шығарды. Сонымен қатар оған үш ай бойы алкоголь ішуге тыйым салынды. Британиялық азамат өз кінәсін толық мойындады.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы Лондондағы Moorfields Eye Hospital дәрігерлері зағип жандардың көру қабілетін ішінара қалпына келтіруге мүмкіндік беретін Prima электронды имплантын сынаған еді. Клиникалық зерттеуге бес елден 38 пациент қатысып, олардың 84%-ы оңалтудан кейін әріптер мен сандарды көріп, сөздерді қайта оқи алған.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты
