Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Тоқаев
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев бұл мерекені “қазақтың қайта жаңғыруын айшықтайтын мереке” деп атады. 

“Қымбатты отандастар! Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл – мыңжылдықтардан тамыр тартатын қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке. Біз егемендік жылдарында талай сын-қатерді еңсеріп, биік белестерді бағындырдық. Осылайша, еліміздің іргесін бекемдеп, елдігіміздің тұғырын нығайта түстік.  Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық межесіне экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, күллі әлем қауымдастығы құрметпен қарайтын, беделі зор әрі ықпалды орта держава, өркениетті мемлекет ретінде жетіп отыр. Биыл біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып, тарихи өрлеу дәуіріне бетбұрыс жасадық”, – делінген хабарламада. 

Президент алда тұрған мақсат мықты мемлекеттік институттары мен сапалы адам капиталы бар, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық, дамыған, жасампаз, зайырлы ел болуымыз керек дейді. 

“Осы орайда, Конституциямыздың заңды күшіне енуі халықаралық қоғамдастықтың назарын аударған, тарихи мән-мағынасы аса ерекше оқиға болды. Конституция мемлекеттік басқару жүйесінің толығымен жаңаруына, еліміздің саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларында түбегейлі өзгерістер жасауға үлкен серпін берді. Біз Конституцияда айқындалған құндылықтарға сүйене отырып, стратегиялық бағдарымыздан айнымай, міндетті түрде алға қадам басамыз, алдымызға қойған барлық міндеттерді жүзеге асырамыз. Қазір біз озық технологиялар мен инновацияларды жүйелі дамытып, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін ел игілігіне жарата бастадық”, – делінген құттықтауда. 

Оның сөзінше, елде заманауи өндіріс орындарын ашып, инфрақұрылымды жаңғыртып, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды салынып жатыр.

“Халқымыздың игілігі үшін көптеген жобаны іске асыру жоспарымызда бар. Ең бастысы, біз алысқа көз тігетін ұлт ретінде жасампаз мақсаттар мен ұлы мұраттар жолында ұйысып, жарқын болашаққа зор сеніммен ұмтыламыз.  Бүгінде білімпаздық, адал еңбек, жоғары жауапкершілік және шынайы отаншылдық қасиеттері халқымыздың болмысына сіңіп, өмірлік дағдысына айналуда. Біз Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Қоршаған ортаға қамқорлық, Бірлік пен Келісім құндылықтарын кең ауқымда дәріптеп, қоғамда жаңа этика қалыптастыру ісін қолға алдық. Осылайша, егемендігіміздің тұғырын күшейтіп, Әділетті, Қауіпсіз, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Еліміздің шаңырағы биік, ұлтымыздың рухы асқақ болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін! Республика күні құтты болсын!” – деп түйіндеді президент. 

Назархан Уән
Жексенбі, 25 Қазан, 2026 08:14