Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мінбердегі тартыс 7 сағатқа созылды": Нұрлан Оразалин Егемендік декларациясының қалай қабылданғанын айтып берді

Нұрлан Оразалин
Фото: Нұрлан Оразалиннің жеке архивінен / 1990 жыл, 25 қазан. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымы,“Егемендік Декларациясы” талқыланған күннен көрініс

Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған тарихи кезеңнің куәгері, сол кездегі саяси оқиғалардың бел ортасында болған Нұрлан Оразалиннен сұхбат алдық. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының депутаты, ұлттық саясат, мәдениет пен тілді дамыту жөніндегі комитет төрағасының орынбасары ретінде ол ел тарихындағы маңызды шешімдердің қабылдану барысын өз көзімен көрген.

 

“18 депутат қарсы дауыс берді”

Нұрлан Оразалин Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының депутаты болған әрі осы тарихи құжатты әзірлеуге тікелей қатысқан. Ол Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған кезеңді ел тарихындағы аса күрделі әрі шешуші уақыт ретінде еске алады. Оның айтуынша, сол дәуірдің маңызын терең түсіну үшін елдің сол кездегі тыныс-тіршілігіне және тарихи өзгерістердің басында тұрған тұлғалардың рөліне назар аудар қажет.

“Арада 36 жыл өткенімен, қазан айының сол күнгі қара суығымен жағаласып өткен қызуы қалың додалы жиынның әр сәті көз алдымда… Сол кездегі Қазақ елінің астанасы – Алматының қақ төріндегі ескі үкімет үйінде нағыз демократиялық үлгідегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ХІІ шақырылымының кезекті сессиясы аса тартысты жағдайда өтіп еді… Құрамы еліміздің түкпір-түкпірінен баламалы негізде сайланып келген 360 халық депутатынан тұратын Жоғарғы Кеңестің кең залы қайшыласқан пікірлердің қым-қуыт додасына айналған. Күн тәртібінде жалғыз мәселе тұрды. Егемендік декларациясын талқылау!” – дейді мемлекеттік қайраткер Нұрлан Оразалин. 

Аты декларация болғанымен, заты конституциялық заңға пара-пар деңгейде өткен тарихи құжатты талқылауда декларацияның әр тарауы, әр бабы қызу талқыға түсіп, пікірсайыс тұтас бір күнге созылды дейді Нұрлан Оразалин.

“Сайысқа ел президенті де, төраға да, үкімет мүшелері де, саяси партиялардың жетекшілері де, қыс­қасы дамудың жаңа жолына бағыт түзеген жаңа, жас мемлекет тағдырына алаңдаған сергек ойлы, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың біразы қатысты”, – деп еске алды Нұрлан Оразалин.

Бұдан бөлек, Нұрлан Оразалин қазақ юриспруденциясының көшін бастаған академик Салық Зимановтың сағаттап мінберде тапжылмай тұрып, тарихи құжаттың әр бабын қалай қорғағаны, сұрақтарға қалай жауап бергені жадында екенін айтады.

“Парламенттің дөңгелек залы депутаттардың қызу сөздерінен қайнап тұрғандай көрінетін. Мінберге тарихи құжаттың басты қорғаушысы – Салық Зиманұлы Зиманов көтерілді. Сымбатты, еңселі, ақ шашты ақсақал, асқан білімді заңгер Желтоқсан оқиғаларынан кейін батыл азамат ретінде танылды. Ол әрдайым ақиқаттың жағында болды. Жасы жетпістің ішіндегі, екі тілде тең сөйлейтін Салық ағаның сол күнгі кескінін көріп отырып, жалғыз мен емес, күллі залдың сүйініп, сүйсінгенін ұмыта алмаймын”, – дейді Нұрлан Оразалин.
Cалық Зиманов
Фото: Академик-депутат Салық Зиманов Жоғарғы Кеңес депутаттарына Декларацияны таныстырған сәті

Мемлекеттік қайраткердің айтуынша, үкімет үйінде елдің болашағына қатысты қызу пікірталастар жүріп, бұрынғы жүйемен өмір сүрудің мүмкін еместігі, ал жаңа жолға түсудің оңай болмайтыны ашық айтылған. Соған қарамастан, тарихи өзгерістерге қатысқан азаматтар қиындықтардан қаймықпаған.

Нұрлан Оразалиннің естелігінде Декларацияны талқылау кезінде мемлекеттің құрылымы мен азаматтық қоғам қағидаттарына қатысты келіспеушіліктер болғаны да айтылады. Құжатты әзірлеу мен қабылдау жұмысына бірқатар белгілі қоғам және ғылым қайраткерлері қатысып, тарихи шешімнің жүзеге асуына үлес қосқан.

"Сол кезде кейбір депутаттардың Декларацияға азаматтық қоғам құру қағидаттарын енгізуді талап етіп, сонымен бірге мемлекеттің унитарлық құрылымын толықтай жоққа шығарғаны есімде. Алайда қарсыластарының Салық Зиманұлын тығырыққа тіреуге жасаған барлық әрекеті оның жан-жақты дәлелденген уәждеріне төтеп бере алмады. Академик Зиманов Декларацияның негізгі қағидаларын қорғап, мінберде тұтас жеті-сегіз сағат бойы тұрды! Ол өз ұстанымынан таймады. Ол ойын екі тілде де анық әрі нақты жеткізді. Осылайша, көптен күткен тарихи құжат қабылданды”, – дейді мемлекеттік қайраткер.

Нұрлан Оразалиннің сөзінше, Салық Зиманов бастаған 10-15 депутатқа үш декларация негізінде ортақ қорытынды әзірлеу тапсырылған. Олардың қатарында Манаш Қозыбаев, Сұлтан Сартаев, Жабайхан Әбділдин және Сағадат Нұрмағанбетов болған.

"Сын мен арандатушылықтарға қарамастан, олар ақыл-парасатымен қарсыластарына тойтарыс беріп, тарихи құжаттың қабылдануына елеулі үлес қосты. Декларацияда жаңадан құрылған мемлекеттің қазақ халқына тиесілі болатыны және қазақ тілінің негізгі тіл ретінде белгіленетіні айтылды. Сондай-ақ елдің барлық байлығы Қазақстан халқына тиесілі болуы керегі атап көрсетілді. Құжатты 261 депутат қолдады. 18 депутат қарсы дауыс берді, ал 2 депутат қалыс қалды", – дейді Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі XII шақырылымының депутаты Нұрлан Оразалин.
Нұрлан Оразалин
Фото: XII Шақырылым құрамында болған бір топ қаламгер-депутаттар

“Бодандық қамытына біржола үйренген елдің тізгінін өз қолына бермеуге тырысып бақты”

Сол күнгі ой мен сөздің сайысына түсіп, ел намысын қорғаған әр депутатқа алғыс айтамын дейді ол.

“Егер… Сол сәт ұлт ойы мен қоғамдық пікірдің қара көрігін үрлейтін зиялы топ табандылық пен бірлік таныта алмаған жағдайда ел дамуының бағыты қалай болары белгісіз еді. Өйткені, республиканың саяси билігі мен жерінің біртұтастығын, өз ішкі күштері мен сыртқы қорғаныс күштерін қалыптастыру, ел егемендігін түбегейлі бекіту үшін сол кездегі әлі іргесі сөгіле қоймаған кеңес одағының шексіз билігін шектеу бағытында батыл шешімдерге бару – Егемендік декларациясының алтын өзегі болды”, – деп түсіндірді Нұрлан Оразалин.

Сондай-ақ республика заңдары мен мемлекеттік құжаттарының одақтық заңдар мен құжаттардан басымдығын қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған. Бұдан бөлек, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайту жөнінде ұсыныстар айтылған.

“Империялық елдің тарихында одақтас республикалар ішінен алғашқылар қатарында айтылған мұндай батыл саяси мәлімдеме Орталыққа ұнаған жоқ. Сондықтан Мәскеу мұндай өз билігін әлсіретер тәуелсізденудің бағыты мен бағдарын ұсынған құжатты тұншықтырудың жолын іздеді. Мүмкіндігінше Қазақстан секілді құйқалы жұртты тұқыртып ұстап, үш ғасырдан бері бодандық қамытына біржола үйренген елдің тізгінін өз қолына бермеуге тырысып бақты…” – дейді Нұрлан Оразалин.

1990 жылдың көктемінен бастап әр алуан саяси топтардың "адастыруға" тырысқан әрекеттеріне Қазақстанның Егемендік декларациясын әзірлеген аса сауатты мамандар бойын да, ойын да алдырмады. Дегенмен ол декларацияны талқылау кезінде тіл мәселесімен қатар, Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен шекарасын айқындау мәселесі де қызу талқыланғанын атап өтті. 

"Пікірталастар негізінен тіл мәселесіне қатысты өрбіді. Екі тілді бекіту керек деген ұсыныс болды. Алайда 1990 жылғы Конституцияда мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі бекітілді. Ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі ретінде екшеленді. Сонымен қатар шекараны сақтау мәселесі де ашық талқыланды. "Географиялық тұтастық" дегеніміз – шекараны белгілеу еді. Біз өзіміздің саяси-географиялық картамызды жасадық. Кейін бұл мәселелердің барлығы шешімін тапты…", – дейді Нұрлан Оразалин.

“Кремль саясатта түрлі айла-шарғыларға көшті”

Нұрлан Оразалин Қазақстанның тәуелсіздік мәселесінің Парламентте талқыланып, Декларацияның ресми түрде қабылдануы Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы (РКФСР) тарапынан алаңдаушылық туғызған деп еске алды.

Мемлекеттік қайраткер Нұрлан Оразалин
Фото: Мемлекеттік қайраткер Нұрлан Оразалин

Сонымен қатар мұндай тарихи шешім халықаралық қоғамдастықтың назарын Қазақстанға аударған екен.

“Мәскеу ішкі және сыртқы саясатта түрлі айла-шарғыларға көшті. Кремль қауіпті сценарийлерді жүзеге асыруға тырысып, арандатушылық әрекеттер жасады. Мысалы, 1991 жылғы Орал оқиғалары, Сібірдегі "ащы желі" және Алтай автономиясын құру мәселесі, “Ертіс проблемасы” бар… Мұның бәрі Кремльдің біздің іргемізді шайқалтуға жасаған әрекеттері еді", – дейді Нұрлан Оразалин.

Нұрлан Оразалин сол кезде Тәуелсіздік туралы декларацияны талқылау нағыз текетіреске ұласқанын атап өтті. "Орталыққа" жердің, тілдің және елдің тәуелсіздігін қамтамасыз ететін мәселелердің оң шешім табуы ұнамағанын да еске салды. 

"Кейбіреулер Декларацияны жай ғана қағаз деп санайды. Әрине, Декларация заң емес. Ол – ниетті білдіретін, мақсатты айқындайтын құжат. Алайда Кеңес Одағының өзінде мұндай мазмұны терең, құқықтық тұрғыдан сауатты құжат бұрын-соңды қабылданбаған еді. Өйткені бұл – "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заңның қабылдануына негіз болған тарихи құжат. Қазан айының 25-і Республика Парламентінде болған айтулы талқылаудың біраз сағатқа созылуы – осы сөзіміздің айғағы!” – дейді Нұрлан Оразалин.

Нұрлан Оразалиннің пайымдауынша, ұлт санасын сілкінткен сол тарихи күндерде қабылданған Егемендік декларациясы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашты.

Тоқаев және Нұрлан Оразалин
Фото: Ақорда

Ол елдің болашағын айқындап, күрделі тарихи кезеңдерден аман өтуге негіз қалады. Сондай-ақ декларация кейінгі дәуірлік заңдар мен реформалардың бастауына айналып, азаттықтың символы ретінде тарихи маңызға ие болды.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 25 Қазан, 2026 10:00