Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сарапшылар желтоқсанда мұнай бағасы төмендейді деп болжады

мұнай баға
Фото: magnific.com

Мұнай бағасы жыл соңына дейін төмендеуін жалғастыруы мүмкін. Бұған Таяу Шығыстан мұнай экспортының қалпына келуі әсер етеді. Мұндай болжамды "Эйлер" компаниясының сарапшылары жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сарапшылардың мәліметінше, 1 қазан мен 16 қараша аралығында Dated Brent маркалы мұнайдың бағасы 25%-ға арзандаған. Қытайдың мұнай импортын наурыздан бергі ең жоғары деңгейге дейін арттыруы әзірге бағаға әсер етпеген. Мамандар мұны Таяу Шығыстан мұнай экспортының көбеюімен байланыстырады.

"Желтоқсанда мұнай бағасы одан әрі төмендейді деп күтеміз. Себебі Таяу Шығыстан экспорттың артуы нарықтағы тепе-теңдікті біртіндеп қалпына келтіріп жатыр", – делінген сарапшылар шолуында.

Қазан айының соңында Таяу Шығыстан мұнай экспорты бір апта ішінде 29%-ға өсіп, тәулігіне 14,2 миллион баррельге жеткен. Ал мұнай өнімдерінің экспорты 59%-ға артқан.

Сарапшылардың айтуынша, аймақтағы экспорт көлемі тұрақтанса, мұнай бағасы мен мұнай өнімдерінің құны арасындағы айырмашылық та қысқаруы мүмкін.

Сонымен қатар қазан айындағы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда мұнай тасымалдау құны 2 есе арзандаған. Соның нәтижесінде Африка мен Бразилия мұнайын Қытайға жеткізу желтоқсан-қаңтар айларында барреліне 5-10 долларға арзандаған.

Мұнай бағасының төмендеуі Қытайға қорын толықтыруға мүмкіндік беріп отыр. "Эйлер" бағалауынша, қазанда елдегі мұнай қоры 2,1 миллион тоннаға өскен. Ал мұнай өңдеу зауыттарының жүктемесі 3%-дық тармаққа төмендеп, 80,1% болды.

Сарапшылар қор толықтырылғаннан кейін Азия елдерінде мұнай өңдеу көлемі мен мұнай өнімдерінің экспорты артады деп күтеді. Бұл әлемдік нарықтағы мұнай өнімдерінің бағасына да әсер етуі мүмкін.

Мұнай ұсынысын арттыратын тағы бір ел – АҚШ. Қараша айының басында елдегі мұнай өндіру көлемі тәулігіне 14 миллион баррельден асып, тарихи рекорд орнатқан. Сарапшылар қарашадан бастап америкалық мұнай өңдеу зауыттары өнім өндіру көлемін арттырады деп болжайды. Бұл нарықтағы тапшылықты азайтуы мүмкін.

Бұған қоса, Еуропа қараша мен қаңтар аралығында стратегиялық қорларынан 42,6 миллион баррель мұнай мен мұнай өнімдерін нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 20,5 миллион баррелі дизель отыны болады.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар жанармай бағасының 260 теңгеден асқанына алаңдаушылық білдірген еді. Экономист Айбар Олжай бензиннің қымбаттауын мемлекет тарапынан бағаға қойылған шектеулердің алынуымен байланыстырды. Оның болжамынша, алдағы уақытта жанармай бағасы 300 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Ал қаржылық кеңесші Арман Байғанов бағаның өсуіне инфляция, акциз мөлшерінің өзгеруі және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту шығындары әсер ететінін айтты.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 22 Қараша, 2026 16:52