"300 теңгеге дейін жетуі мүмкін": Қазақстанда жанармай бағасы неге қымбаттап жатыр
Желіде қазақстандықтар жанармай бағасының күннен күнге өсіп жатқанына алаңдаулы. Айтуларынша қазірдің өзінде баға 260 теңгеден асқан. Stan.kz тілшісі сарапшы маманнан бағаның өсуіне не әсер етіп жатқаны мен алда қандай деңгейде тұруы мүмкін екенін сұрап көрді.
Желі қолданушылары жанармай бағасының өсу қарқыны туралы жазуда.
“Жанармай 263 теңге. Оян, қазақ!”; “Жанармай қайда барасың немесе ұшты-ұшты, жанармай бағасы ұшты! Дәл қазір баға Алматыда 260 тан асты!”, “Қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көтеріледі. Ал бензин бағасы қазірдің өзінде қымбаттап жатыр. Жұма күні 251 теңге болса, қазір 261 теңгеге жетті. Шілдеде 235 теңге болған. Осылайша баға бірден шарықтап кетті... Айтар сөз жоқ, енді қозғалтқыш көлемі аз көліктерге көшуге тура келеді”, – деп жазды желі қолданушылары.

Жұртшылық жанармай бағасының бұлай өсуі басқа да салаларға әсер ететініне алаңдауы.
“Жанармай қымбаттаса, бәрі қымбаттайды деген сөз”, “Бізде жанармай көрші елдерден арзан. Дегенмен оларда жанармай қымбат болса да такси арзан. Ал бізде керісінше”, “Жаңа жылдан бастап 207 теңге болған. Содан бері біртіндеп 50 теңгеге көтерді. Бұл мәселенің шешімі емес. Ертең тағы қымбаттатса, не істейміз? Жылқыға мінуіміз керек пе?”, – деп жазды жұртшылық.

“300 теңгеге дейін де өсуі мүмкін”: Жанармайдың өсуіне не себеп?
Редакциямыз жанармай бағасының бұлай өсуіне не себеп болғанын сарапшылардан сұрап көрдік. R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, бағаның өсуіне қазан айынан бастап мұнай өнімдерінің көтерме саудасына салынатын акциз мөлшері 50 пайыздан 95 пайызға дейін өсуі себеп.
“Бензин бағасының қымбаттауына ең алдымен бірнеше фактор әсер етті. Қазақстандағы жалпы инфляцияны ескеру керек. Қазір жылдық инфляция шамамен 10 пайызды құрайды. Бұған дейін бұл көрсеткіш 12,5 пайыз болған. Соңғы 12 айдағы баға өзгерісіне қарасақ, АИ-92 маркалы бензин 12,5 пайызға, ал АИ-95 15 пайызға дейін қымбаттаған. Демек, жанармай бағасының өсуіне елдегі жалпы инфляциялық үдеріс те әсер етіп отыр. Сонымен қатар мұнай өңдеу зауыттарына да тұрақты түрде инвестиция құю қажет. Өндірістік жабдықтарды жаңарту, жөндеу жұмыстарын жүргізу, зауыттарды жаңғырту және қызметкерлердің жалақысын көтеру сияқты шығындардың барлығы түптеп келгенде бензиннің өзіндік құнына әсер етеді”, – деп түсіндірді маман.
Сарапшы Қазақстан мен көрші елдердегі жанармай бағасының айырмашылығын да ескерте кетті. Айтуынша, Ресей мен Қырғызстанда бензин бағасы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары.
“Сондықтан бұл айырмашылықты біртіндеп азайту қажет. Әйтпесе, баға алшақтығы жанармайды заңсыз тасымалдау мен контрабандаға жол ашуы мүмкін. Бұл да баға саясатына әсер ететін факторлардың бірі. Жалпы, бензин бағасының өсуіне елдегі инфляция, акциз мөлшерінің көтерілуі, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға кететін шығындар және көрші мемлекеттермен баға айырмашылығы әсер етіп отыр. Алдағы уақытта бензин бағасының қалай өзгеретіні елдегі инфляция деңгейіне байланысты болады. Өйткені жанармай құны Қазақстандағы жалпы инфляцияға да әсер етеді. Егер инфляция бәсеңдесе, бензин мен басқа да жанармай түрлері бағасының өсу қарқыны да төмендеуі мүмкін. Қазір базалық мөлшерлеме де төмендетіліп жатыр. Мұның бәрі өзара байланысты. Жалпы, жанармай бағасының алдағы динамикасына ел ішіндегі экономикалық жағдай мен валюта бағамы да әсер етеді”, – деді Арман Байғанов.
Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, бензин бағасының қымбаттауына мемлекет тарапынан бұрын енгізілген баға шектеулерінің алынып тасталуы себеп болып отыр.
“Бұған дейін мемлекет бензин бағасын белгілі бір деңгейде ұстап тұруға тырысты. Енді бұл саясаттан бас тартып, бағаның нарық жағдайына қарай қалыптасуына мүмкіндік беріп отыр. Қазір біз осы өзгерістің алғашқы нәтижелерін көріп жатырмыз. Меніңше, бензин бағасы айтарлықтай, мысалы, 20 пайыздан астам қымбаттаса, бұл логистика шығындарына әсер ете бастайды. Ал қазіргі бағаның өсуі инфляцияға оң әсер етпейтіні анық. Дегенмен мұның бірден азық-түлік бағасының қымбаттауына әкелетінін айту қиын. Себебі тауарларды тасымалдау кезінде бензиннен гөрі дизель отыны көбірек қолданылады. Мұны күнделікті өмірден де байқауға болады: ірі жүк көліктері мен фуралардың басым бөлігі дизельмен жүреді”, – деді маман.
Сарапшы осы тұста жанармай бағасының такси бағасына қалай әсер ететінін қоса кетті.
“Жанармай бағасының өсуі такси тарифтеріне тікелей әсер етеді деп айта алмаймын. Өйткені қазір такси қызметінде гибридті және электрлі көліктер көп қолданылады. Оларға бензин бағасының өсуі тікелей әсер етпейді. Сондықтан такси тарифтерінің өзгерісін бағалағанда басқа факторларды да ескеру қажет. Қазір ірі қалаларда такси бағасының өсуіне көлік кептелісі сияқты жағдайлар әсер етеді. Сонымен қатар такси қызметінде динамикалық баға қалыптастыру жүйесі бар. Яғни сұраныс пен ұсынысқа қарай жол жүру құны да өзгеріп отырады”, – деп түсіндірді экономист.
Айбар Олжай мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы Қазақстанның ішкі нарығындағы жағдайға тікелей әсер етпейтінін алға тартты.
“Себебі ішкі нарыққа мұнай мұнай өңдеу зауыттарына бөлек бағамен жеткізіледі. Әлемдік нарыққа мұнай жеткізетін компаниялар – ТШО, NCOC және Қарашығанақ (KPO). Ал қалған мұнай өндіруші компаниялардың барлығы негізінен ішкі нарыққа жұмыс істейді. Сондықтан Қазақстанда ішкі нарыққа арналған бекітілген баға бар. Меніңше, 263 теңгені бензин бағасының шекті көрсеткіші деп қарастыруға болмайды. Бұл – аралық баға ғана. Мысалы, жанармай бағасы 300 теңгеге дейін де өсуі мүмкін”, – деп қорытты ол.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда бензин мен дизель отынына салынатын қосымша акциздің үлесін 95%-дан 50%-ға дейін төмендету ұсынылғаны туралы жазған едік. Дегенмен сарапшылар Қазақстанда қараша айында жанармай бағасы өседі деп болжады. Олар бағаның күрт көтерілуіне жанармай қоры мен нарықтағы бәсекелестік әсер ететінін екенін болжады.