Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бензиннің 78 үлгісі алынды": Бектенов жанармай сапасы бойынша жауап берді

бензин
Фото: pixabay.com

Қазақстандағы бензин сапасы бойынша қойылған депутаттық сауалға Премьер-министр Олжас Бектенов жауап берді. Айтуынша, ҚР Әкімшілік Құқық бұзушылық кодексінде мұнай өнімдері мен алынған кірістерді тәркілеу мүмкіндігімен сапасыз мұнай өнімдерінің айналымы және оларды одан әрі өңдеусіз сақтау үшін жауапкершілік белгіленген. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды

Қыркүйек айында Құрылтай отырысында депутат Асхат Рахымжанов қазақстандықтардың бензин сапасына қатысты шағымдарынан кейін жанармай құю бекеттерінде кенеттен сынама алуды ұсынды. Оның айтуынша, елімізді АИ-95 және АИ-98 маркалы автобензин сапасының күрт нашарлауына байланысты азаматтардың өтініштер толқыны басып қалды.

“Жанармай құйғаннан кейін көліктер тұрақсыз жұмыс істей бастайды: форсункалар, оталдыру шамдары, катализаторлар және басқа да қымбат тораптар істен шығады. Кейбір жағдайда үй иелері жөндеуге 200 мыңнан 600 мың теңгеге дейін төлеуге мәжбүр - бұл көптеген отбасылар үшін бюджетке ауыр соққы," – деді Асхат Рахымжанов.

Ол өз сауалын елдің премьер-министріне жолдаған. Бектеновтің жауабы Құрылтайдың ресми сайтында жарияланды.

Алынған жанармай сынамасы

Бектенов өз жауабында 2026 жылдың басынан бері жанармай құю бекеттерінде жоспардан тыс тексерулер, профилактикалық бақылау және бақылау сатып алуларын қоса алғанда, 78 бақылау іс-шарасы өткізілгенін айтты.

“Бензиннің 78 үлгісі алынды. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша 3 жағдайда (Алматы қаласында, Қызылорда облысында, Жетісу облысында) белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі расталды. Анықталған фактілер бойынша заңнамаға сәйкес ден қою шаралары қабылданды," – деді Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министр Павлодар мұнай-химия зауытында тексеру жұмыстары жүргізілгенін тілге тиек етті. Сөзінше, зауыттағы бензин сынамаларының зертханалық зерттеулерінің қорытындысы бойынша үлгілердің барлық белгіленген талаптарға сәйкестігі расталды. 

Бензин сапасын бақылау жүйесі өзгереді

Қазір ведомствоаралық комиссия бензин өндіруден бастап, оны соңғы тұтынушыға сатуға дейінгі барлық технологиялық және логистикалық процестерге аудит жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жанармай сапасын бақылауды күшейтуге бағытталған шаралар әзірленеді. Бұдан бөлек, мұнай өнімдерінің сапасын бақылау және олардың жеткізілу жолын қадағалау мақсатында Құрылтайдың қарауында заң жобасы жатыр. Құжатта мемлекеттік бақылаудың бір түрі ретінде тергеп-тексеру тетігін енгізу көзделген.

"Бұл анықталған сәйкессіздіктердің себептерін анықтауға және өнімнің жеткізілу жолын өндірушіге немесе импорттаушыға дейін қадағалауға мүмкіндік береді", – делінген сауалға берілген жауапта.

Сонымен қатар жанармайдың әр партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап, нақты жанармай құю бекетіне дейін бақылау тетіктері қарастырылып жатыр. Ол үшін жанармайдың шығу тегі мен зертханалық тексеру нәтижелері туралы мәліметтерге QR-код беру ұсынылған.

Келтірілген шығынды кім өтейді?

Бектеновтің айтуынша, тауардың кемшіліктері салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келсе, сатушы оның шығынын өтеуге міндетті. Ал тауардың сапасыз екені расталған жағдайда сараптама жүргізуге кеткен шығындар да өтелуге тиіс. Сонымен қатар тауардың кемшіліктерінен келтірілген зиян сатушының немесе өндірушінің кінәсіне қарамастан өтеледі. Зардап шеккен тұтынушы өтемақыны сатушыдан немесе өндірушіден талап ете алады.

"Осылайша, сапасыз жанармайды пайдалану салдарынан автокөлікке зиян келсе, тұтынушы шығынды өтеу туралы талапты тікелей сатушыға немесе өндірушіге қоюға құқылы. Бұл ретте мұнай өнімдерінің сапасы жеткізу тізбегінің нақты қай кезеңінде нашарлағанын анықтау заңнамада көзделген рәсімдер аясында жүргізіледі.", – деп түйіндеді Бектенов.

 Алайда Бектенов бұл жағдай тұтынушының келтірілген зиянды өтеуді талап ету құқығын шектемейтінін айтты.

Ислам Әден
Жұма, 09 Қазан, 2026 14:47