Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Ресейге АИ-92 бензинін жібермеген – Энергетика министрлігі

жанармай
Фото: magnific.com

Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары 2026 жылдың басынан бері Ресейге АИ-92 маркалы бензинін жеткізбеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. – 

Энергетика министрлігінің дерегінше, экспорт ішкі нарықтағы қажеттілік толық қамтамасыз етілген жағдайда ғана жүзеге асырылады.

“Экспортқа шығарылатын өнім көлемін өткізу тиісті халықаралық уағдаластықтарға қол жеткізілген жағдайда және елдің ішкі нарығындағы қажеттілік толық қамтамасыз етілген кезде жүзеге асырылады. Осыған байланысты 2026 жылы Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарынан Ресейге АИ-92 маркалы автомобиль бензині жөнелтілген жоқ”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Тамыз айының соңында Reuters агенттігі саладағы төрт дереккөзге сүйеніп, Қазақстанның ірі мұнай өңдеу зауыттары Ресейге АИ-92 бензинін экспорттауға берілген квоталарды пайдаланбағанын жазды. Бұл квоталар шілде-тамыз айларына бөлінген еді.

Маусым айында Reuters Ресейдің ішкі нарықтағы жанармай тапшылығын азайту үшін Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін жеткізуді сұрағанын жазды. Агенттік мәліметінше, бензин өндірісінің қысқаруына Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының тоқтап қалуы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстары себеп болған.

Қазақстанның Энергетика министрлігі Ресей тарапынан ресми өтініш түспегенін мәлімдеген. Кейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те Ресейден ресми өтініш болмағанын айтты. Дегенмен ведомство ресми сұраныс түскен жағдайда және елде жеткілікті ресурс болған кезде ықтимал жеткізілімдерді қарастыруға дайын екенін мәлімдеген.

Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған дрон шабуылдарының бірнеше сериясынан кейін маусым айының соңына қарай бензин өндірісі жылдық есеппен шамамен 25%-ға қысқарған. Осыған байланысты Ресейдің бірқатар өңірінде жанармай сатуға шектеулер енгізіліп, кейбір тасымалдаушылар отын жеткізуде қиындықтарға тап болған.

Жаз мезгілінде Ресейдің шекаралас өңірлерінің тұрғындары арзанырақ жанармай сатып алу үшін Қазақстанға келе бастаған. Шілде айында Ресейдегі жанармай дағдарысы Орталық Азия елдеріне де қауіп төндіре бастағаны жазskды. Себебі өңір мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша Ресейдің жеткізілімдеріне тәуелді.

Қазақстаннан бензинді кез келген көлік түрімен, оның ішінде теміржол және автокөлік арқылы әкетуге тыйым салынған. Бұған көліктің зауытта қарастырылған штаттық багындағы жанармай ғана кірмейді. Билік бензин экспортына енгізілген шектеулерді контрабанданың жолын кесу және ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз ету қажетімен түсіндірді.

Еске салайық, бұған дейін Ресейдің бірқатар өңірінде жанармай тапшылығы күшейіп, Иркутск облысы, Забайкалье өлкесі және Пенза облысында жоғары дайындық режимі енгізілгенін жазған едік. Осыған байланысты кей өңірлерде жүргізушілерге бір құйғанда 30-50 литрден артық бензин сатуға шектеу қойылды. Сарапшылар бұл жағдай Қазақстанмен шекарадағы көлеңкелі жанармай саудасының артуына, сондай-ақ Ресейден импортталатын авиациялық отын көлеміне әсер етіп, халықаралық әуе билеттерінің қымбаттауына және теңгеге қысым түсуіне себеп болуы мүмкін екенін айтқан еді.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 09:21