Ресейліктер Қазақстаннан жанармай құйып жатыр деген ақпаратқа министрлік мәлімдеме жасады

Ресейдегі жанармай тапшылығының әсерінен шекара маңындағы жанармай құю бекеттерінде көлік көбейген. Дегенмен Қазақстан билігі жанармай қоры жеткілікті екенін айтып, стандартты бакқа жанармай құюға ғана рұқсат берілетінін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресейде жанармай тапшылығы туралы ақпараттың таралуына байланысты Қазақстанмен шекаралас аумақтардағы жанармай құю бекеттерінде ресейлік көліктердің саны көбейген.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан аумағында шетел азаматтарына автокөліктің стандартты багына бензин құюға ешқандай шектеу жоқ.
Алайда қосымша канистрлер мен өзге де ыдыстарға жанармай құюға қолданыстағы талаптарға сәйкес тыйым салынған.
Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева Қазақстанда жанармай тапшылығы жоқ, ал шекарадағы жағдай толық бақылауда екенін айтады.
"Бұған дейін мемлекеттік реттеу шаралары енгізіліп, олар әлі де күшінде. Атап айтқанда, кейбір мұнай өнімдерін автомобиль және теміржол көлігімен экспорттауға 21 қарашаға дейін уақытша шектеу қойылған. Сонымен қатар көлік құралдарының мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне жол берілмейді", – деді Әсел Серікпаева.
Министрліктің мәліметінше, 20 маусымнан бастап шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілген. Бұл жұмыстарға Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері жұмылдырылған.
Ведомство ел ішінде жанармай тапшылығы жоқ екенін атап өтті. Қазіргі таңда ішкі нарықта 1,1 миллион тоннадан астам бензин мен дизель отынының қоры бар. Аймақтарда арнайы штабтар жұмыс істеп, жанармай қорының жеткіліктілігін, заңсыз тасымалдың алдын алу және баға тұрақтылығын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Сондай-ақ энергетика министрлігі қажет болған жағдайда Ресейге жанармай жеткізу мәселесі тек коммерциялық негізде қарастырылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Ресейдің бірқатар өңірінде жанармай тапшылығы күшейіп, Иркутск облысы, Забайкалье өлкесі және Пенза облысында жоғары дайындық режимі енгізілгенін жазған едік. Осыған байланысты кей өңірлерде жүргізушілерге бір құйғанда 30-50 литрден артық бензин сатуға шектеу қойылды. Сарапшылар бұл жағдай Қазақстанмен шекарадағы көлеңкелі жанармай саудасының артуына, сондай-ақ Ресейден импортталатын авиациялық отын көлеміне әсер етіп, халықаралық әуе билеттерінің қымбаттауына және теңгеге қысым түсуіне себеп болуы мүмкін екенін айтқан еді.