Ресейдегі жанармай дағдарысы ел шекарасындағы көлеңкелі сауданы өршітпек

Сарапшылар көрші елдегі бензин тапшылығы теңгені әлсіретіп, тіпті әуе билеттерінің бағасына да әсер етуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Украинаның соққыларынан кейін Ресейдегі ахуал күннен-күнге ушығып барады. Жанармай тапшылығына байланысты бұған дейін Иркутск облысы мен Забайкалье өлкесінде жоғары дайындық режимі енгізілген еді. Күні кеше бұл тізімге Пенза облысы да қосылды. Яғни, қазір үш өңірде жағдай күрделі. Көрші елдің басым бөлігінде отын сатуға шектеу қойылған. Кей аймақтарда жүргізушілерге бір құйғанда 30-50 литрден артық жанармай берілмейді. Халыққа бензин сатуды шектемеген жалғыз өңір – Чукотка.
Қазір Ресейдегі жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болған. Жүргізушілердің жүйкесі жұқарғаны сонша, бір-біріне жұдырық жұмсап, жаға жыртысып жүр.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай тапшылық Қазақстанмен шекарадағы көлеңкелі жанармай саудасын одан әрі өршітуі мүмкін. Бірақ еліміздің энергетика министрлігі жағдайдың бақылауда екенін тағы да ескертті. Яғни, көліктердің шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу қойылған. Қазақстанда жанармай қоры жеткілікті деген шенеуніктер тапшылық туындамайтынына сенімді. Бірақ, басты қауіп мұнымен бітпейді. Ендігі кезекте авиациялық жанармай нарығында өзгеріс болуы мүмкін.
“Қазақстан әуе отыны бойынша өзін толық қамтамасыз ете алмайды. Елде жылына шамамен 800 мың тонна әуе жанармайы өндірілгенімен, тағы 400-500 мың тоннасы Ресейден тасымалданады. Демек, ішкі қажеттіліктің 40 пайызы көрші елдің есебінен өтеледі. Сондықтан Ресейдегі кез келген іркілістің салдары Қазақстанға міндетті түрде әсер етеді”, – деді мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов.
Яғни, Ресейдегі өндіріс тағы тұраласа, Қазақстан жаңа жеткізушілер іздеуге мәжбүр болады. Бірақ Қытай, Әзербайжан немесе Түрікменстаннан келетін әуе отыны әлдеқайда қымбатқа түседі. Демек, оның салқыны билет бағасына да тиюі ықтимал. Алайда, бұл ішкі рейстерге емес, халықаралық әуе бағыттарына ғана қатысты дейді. Украинаның Орынбор газ өңдеу зауытына бағытталған шабуылынан кейін еліміздегі мұнай өндірісі тұралады. Бұл мәселе де сарапшыларды алаңдатып отыр.
“Жалпы алғанда 10 пайызға газ конденсат өндірісі төмендеді. Жалпы Орынбор газ өңдеу зауытына біз 8-9 миллиард текше метр газ жіберіп, ары қарай тауарлық газбен 7-8 миллиард келеді. Ол ішкі нарыққа қолданылады.Орынбор газ өңдеу зауыты Қазақстандағы газ өндірісінің шамамен 1/3 қамтамасыз етіп отыр. Сондықан да бұл өте күрделі сұрақ”, – дейді мұнай саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов.
Ресейдегі қазіргі ахуал рубльдің әлсіреуіне әкелуі ықтимал. Ал рубль арзандаса, теңге де ішінара құнсыздануы мүмкін дейді сарапшылар. Себебі Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланысы тығыз.
Бұған дейін жанармай тапшылығына байланысты ресейлік жүк көліктері енді Қазақстан арқылы қатынайтыны туралы жазған едік. Ресейде жанармай тапшылығы 2026 жылдың маусым айында мұнай өңдеу зауыттары мен өзге де энергетикалық инфрақұрылымдарға жасалған дрон шабуылдарынан кейін күшейді.
Reuters-тің мәліметінше, Ресейдегі бензин өндірісі 2025 жылдың маусымымен салыстырғанда шамамен 25% азайған.
Күйеуі қуып шыққан астаналық әйел үш баласымен аялдамада түнеген: Тұрмыста зорлық көрген адам неліктен ешкімге жүгінбейді
Оқыңыз