Жанармай тапшылығына байланысты ресейлік жүк көліктері енді Қазақстан арқылы қатынайды

Ресейдегі ірі компаниялардың бірі жанармай тапшылығына байланысты Қытайдан шыққан жүкті Қазақстан арқылы тасымалдау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Оптималог" логистикалық компаниясының басшысы Георгий Властопулоға сілтеме жасаған "Коммерсантъ" басылымы тасымалдаушының қазақстандық бағытқа көшетіні туралы серіктестеріне хабарлап үлгергенін жазды.
Сарапшы Қазақстанда жанармайдың сапасы Ресейдегіден төмен болғанымен, оның қоры жеткілікті екенін айтқан. Алайда мақалада қазақстандық бензиннің сапасы ресейлік жанармайдан төмен деген пікірді растайтын дәлелдер келтірілмеген.
Логистердің мәліметінше, соңғы бір жарым аптада Қытайдан Мәскеу өңіріне автокөлікпен жүк жеткізу құны бір рейске шаққанда орта есеппен 700 долларға қымбаттаған.
Сонымен қатар Қазақстан арқылы транзитпен тасымалдау қосымша кедендік бақылауға байланысты жүк жеткізу мерзімін ұзартып жіберуі мүмкін. Нарық қатысушылары тасымал тарифтері алдағы уақытта да өседі деп болжап отыр. Материалда көрсетілгендей кейбір ресейлік тасымалдаушылар 1 шілдеден бастап қызмет құнын кемінде 10%-ға көтеретінін жариялағаны.
Ресейде жанармай тапшылығы 2026 жылдың маусым айында мұнай өңдеу зауыттары мен өзге де энергетикалық инфрақұрылымдарға жасалған дрон шабуылдарынан кейін күшейді.
“Елдегі бензин өндірісі 2025 жылдың маусымымен салыстырғанда шамамен 25%-ға азайған”, – деп жазды Reuters.
Жанармай тапшылығын еңсеру үшін Ресей билігі бірқатар шара қабылдады. Атап айтқанда, авиациялық отынды шетелге жеткізуге шектеу қойылды, бензин өндірушілерге шілде айының соңына дейін экспорттауға тыйым салынды, сондай-ақ сапа талаптарын жеңілдете отырып мұнай өнімдерін өндіруге (тікелей айдалған бензинді басқа компоненттермен араластыру арқылы) рұқсат берілді. Бұдан бөлек, дизель отынын экспорттауға толық тыйым салу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Ал Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы байқалмайды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, егер Ресей тарапынан бензин жеткізу туралы ресми сұраныс түссе, Энергетика министрлігі оны қарастыруға дайын.
Оқыңыз