Қазақстандық қыз әуежайдағы сәтсіз әзілі үшін 86 мың теңге айыппұл арқалады
Астана әуежайында орынсыз әзілдеген 19 жастағы Петропавл тұрғыны 86 500 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, оқиға Астана – Дубай бағытындағы рейске тіркелу кезінде болған. Әуе компаниясының қызметкері жолаушыдан тыйым салынған заттардың бар-жоғын сұраған. Сол кезде бойжеткен әзілдеп "қаруым бар" деп жауап берген.
Сот мәліметінше, жолаушының бұл әрекеті айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған.

Бойжеткеннің әрекеті "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша сараланған.
Істі қарау кезінде сот бойжеткеннің 19 жаста екенін және бұған дейін мұндай құқық бұзушылық жасамағанын ескеріп, бұл жағдайларды жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныған.
Нәтижесінде жолаушы кінәлі деп танылып, оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда әйелдің "бомба бар" деген хабарламасынан кейін метро станциясының жұмысы тоқтап қалғаны туралы жазған едік.
Астаналық әйел автобус бақылаушысын өзіне қол көтерді деп айыптады