"Антибиотик беріп, баланы қымтап тастайды": Дәрігер қазақстандықтар ЖРВИ кезінде жіберетін қауіпті қателіктерді атады
Қараша басталғалы әлеуметтік желіде балаларының қызуы түспей, әбігерге түскен ата-аналардың жазбалары жиі кездеседі. Бірі дәрі бергеннен кейін қызуы бірнеше сағатқа ғана басылатынын айтса, енді бірі баласының ауруханадан шыққан соң қайта ауырып қалғанына алаңдаулы. Осындай жағдайларда ата-аналар нені ескеруі керек? Stan.kz тілшісі инфекционист маманнан тұмау кезінде жиі жіберілетін қателіктер мен қауіпті белгілер туралы сұрап білді.
Threads желісіндегі жазбалардан әсіресе балаларының қызуын түсіре алмай жүрген ата-аналардың алаңдаушылығы байқалады. Кейбірі дәрі көмектеспеген соң ауруханаға жүгінгенін, ал басқалары емделіп шыққаннан кейін де баласының қайта ауырғанын айтып отыр.
"Бізде де қызуы тек екпенің көмегімен түсті. Екі сағаттан кейін қайта көтерілді", – деп жазған желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір ана қызуды түсіру үшін түрлі амал қолданып көргенімен, баласының жағдайы жақсармағанын жеткізген.
"Екі күн солай болды. Қайта-қайта ибупрофен берсем де, үстін сумен сүртсем де, қызуы түспеді. Үшінші күні тамағы ісіп, көзі іріңдеп кетті", – дейді ол.

Ал бір жарым жастағы ұлымен ауруханаға екі рет түскен әйелдің жазбасына қарағанда, алғашқы емнен кейін баласы тәуір болған. Алайда үйге шыққаннан кейін көп ұзамай қызуы қайта көтеріліпті.
"Бес күн емделіп, үйге шықтық. Үйде бір күн жақсы жүрді, келесі күні қызуы қайтадан 40 градусқа жуықтады. Бесінші күні ауруханаға қайта бардық, бізді тағы жатқызды. Дәрігерлер инфекция қайта жұққанын айтты", – деп жазған анасы.

Астаналық тағы бір тұрғын да баласының дене қызуы 40 градусқа дейін жеткенін айтып, ауруханадағы кезекке шағымданған. Оның сөзінше, дәрігерге қаралу үшін бір сағаттай күтуге тура келген, алдында жиырмаға жуық адам болған.
Антибиотик тұмауды емдей ме?
Инфекционист Жадырасын Қалдыбайқызы осындай науқастардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі антибиотикті дәрігердің кеңесінсіз ішуі екенін айтады.
"Қазір науқастардың антибиотикті өз бетінше сатып алып, ішуі қатты алаңдатып отыр. Антибиотиктердің вирустарға ешқандай әсері жоқ екенін айтқым келеді, яғни олар тұмауды да, басқа вирустық инфекцияларды да емдемейді. Керісінше, мұндай дәрілерді негізсіз қолдану аллергиялық реакцияларға, ішек микрофлорасының бұзылуына және антибиотиктерге төзімділіктің қалыптасуына әкелуі мүмкін. Сондықтан антибиотикті тек бактериялық асқыну анықталғанда немесе оған күдік болғанда дәрігер тағайындауы керек", – деді инфекционист.
Баланың қызуы көтерілсе, қымтап терлетуге бола ма?
Үйде жиі қолданылатын тағы бір тәсіл бар. Баланың қызуы көтерілсе, кей ата-ана оны қалың көрпеге орап, әбден терлетсе, ауруы тезірек қайтады деп ойлайды. Алайда Жадырасын Қалдыбайқызы мұндай әрекет керісінше баланың жағдайын ауырлатуы мүмкін екенін ескертеді.
"Сонымен қатар спиртпен немесе сірке суымен сүртіп, қызуын түсіргісі келетіндер де кездеседі. Мұндай тәсілдерді қолдануға болмайды", – деді маман.
Дәрігер қызуы көтерілген баланың тек маңдайын ұстап, термометрдегі көрсеткішке қарап қана қоймай, жалпы жағдайын бақылауға кеңес береді. Мәселен, баланың аяқ-қолы мұздап, қалтырап немесе қатты әлсіреп кетуі ерекше назар аударатын белгілердің бірі. Ол кезде бірден жедел жәрдем шақырып, дәрігерге жүгінген жөн.
Қызуды түсіретін дәріні де өз бетінше мөлшерлей салуға болмайды, дейді маман. Әдетте оның мөлшері баланың жасына, салмағына қарай таңдалады. Осыны қатаң ескеру қажет екенін айтады дәрігер.

Қай кезде жедел жәрдем шақыру керек?
Тұмау кейде адамды аяқастынан төсекке таңуы мүмкін. Кеше ғана өзін жақсы сезініп жүрген адамның қызуы бірден 39–40 градусқа көтеріліп, басы ауырып, бүкіл денесі сырқырай бастайды. Бірақ мұндай белгілерге қарап, нақты тұмау жұқтырғанын немесе басқа вирустық инфекциямен ауырғанын бірден ажырату оңай емес.
Инфекционист әсіресе кішкентай балалардың жағдайына мұқият қарау керегін айтады.
"Егер бала қатты әлсіреп, тыныс алуы қиындаса, су ішпесе немесе зәрі азайса, шұғыл дәрігерге қаралу керек. Ал есінен тану, құрысу, еріннің көгеруі немесе тыныс алудың айқын қиындауы байқалса, дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Үш айға толмаған нәрестенің дене қызуы 38 градусқа жетсе де, шұғыл медициналық тексеру керек. Мұндай жағдайда үйде күтіп отыруға болмайды", – деді Жадырасын Қалдыбайқызы.
Мұндай белгілерге немқұрайлы қарауға болмайтынының себебі бар. Тұмау кейде өкпе қабынуына ұласып, адамның тыныс алуын қиындатуы мүмкін. Әсіресе ауруы басылғандай болып, кейін жағдайы қайта нашарлаған науқасты дәрігерге көрсету маңызды екенін ескертті маман.
"Тұмауды қарапайым суық тию деп қабылдамаңыздар. Өз бетінше емделіп, антибиотиктерді негізсіз қолданудан сақ болу керек. Аурудың қауіпті белгілерін дер кезінде байқап, дәрігерге қаралған маңызды. Сондай-ақ жыл сайын тұмауға қарсы екпе алуды ұмытпаған жөн", – дейді инфекционист.
Қазақстанда ЖРВИ-мен ауыратындар азайған
Әлеуметтік желіде қызуы түспеген балалар туралы жазбалар көбейгенімен, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегінде ел бойынша ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші төмендегені айтылған. Атап айтқанда, соңғы аптада 133 052 адамнан инфекция анықталған. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 6,8%-ға аз екенін аңғартады.
Ал эпидемиялық маусым басталғалы елімізде ЖРВИ-дің 1 миллион 453 мыңнан астам жағдайы тіркелген екен. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 28,3%-ға төмен болып отыр. Министрлік қазіргі эпидемиологиялық жағдай күз мезгіліне тән деңгейде екенін мәлім етті.
Сонымен қатар 1 қыркүйектен бері зертханалық жолмен тұмаудың 297 жағдайы расталған. Оның 295-і H1N1 вирусы болса, қалған екеуі В типті тұмауға тиесілі.
Биыл тұмауға қарсы екпе алған қазақстандықтардың саны 2 миллионнан асқан. Нақтырақ айтқанда, 2 065 649 адам вакцина салдырған, бұл жоспарланған көрсеткіштің 93,9%-ын құрап отыр.
Ауруханалардың жүктемесіне келсек, елімізде инфекциялық науқастарға арнап 13 335 төсек-орын дайындалған. Қазір олардың 63%-ы, ал балаларға арналған орындардың 69,4%-ы бос емес.
Денсаулық сақтау министрлігі ЖРВИ белгілері байқалғанда үйде қалып, өзгелерге жұқтырмауға тырысқан жөн екенін ескертеді. Сондай-ақ қолды жиі жуу, бөлмені желдету және ауырған адамдармен жақын байланыстан аулақ болу секілді қарапайым сақтық шараларын ұмытпауға кеңес берді.
Еске салсақ, бұған дейін тұмау кезіндегі тамақтану тәртібі туралы жазған едік. Дәрігер майлы, ысталған және тәтті тағамдарды шамадан тыс тұтынбауға кеңес берген еді. Оның айтуынша, мұндай өнімдер ағзадағы зат алмасуға кері әсер етіп, қабынуды күшейтуі мүмкін. Сондай-ақ маман ауру кезінде темекі шегу мен алкоголь тұтынудан бас тартып, күйзелісті азайту маңызды екенін атап өткен.
"Антибиотик беріп, баланы қымтап тастайды": Дәрігер қазақстандықтар ЖРВИ кезінде жіберетін қауіпті қателіктерді атады