Тұмау кезінде қандай тағамдардан бас тартқан дұрыс: Дәрігер маңызды кеңес берді
Тұмау кезінде қандай тағамдардан бас тартқан дұрыс? Дәрігер Ольга Шуппо ауру кезінде иммунитетті әлсіретуі мүмкін бірқатар өнімді атап, оларды уақытша шектеуге кеңес берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі RT порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Grand Clinic клиникалар желісінің негізін қалаушы әрі ғылыми жетекшісі Ольга Шуппоның айтуынша, вирустық аурулар өршіген кезде иммунитетті күту ерекше маңызды.
"Ең алдымен, тұмау кезінде темекі шегу, алкогольді шамадан тыс тұтыну және күйзеліске түсу сияқты зиянды әдеттерден бас тарту керек. Тіпті күнделікті тамақтануға да шектеу қойған жөн. Өйткені иммунитеттің шамамен 70 пайызы ішек микробиотасына байланысты", – деді дәрігер.
Маманның айтуынша, сүт өнімдерін, етті шамадан тыс тұтыну, сондай-ақ майлы, ысталған және тәтті тағамдар қандағы инсулин деңгейінің күрт өзгеруіне әкелуі мүмкін. Бұл зат алмасу процесін бұзып, ағзадағы қабынуды күшейтеді.
"Тәттіні шамадан тыс жеу ішекте кездесетін саңырауқұлақ инфекциясының бір түрі – кандидоздың дамуына ықпал етеді. Бұған қоса, ағзаның қартаю процесі жеделдеуі мүмкін. Құрамында қарапайым көмірсулар көп тағамдарды шамадан тыс тұтыну иммунитетті алдағы бес-алты сағат ішінде әлсірететіні де дәлелденген", – деп ескертті ол.
Шуппоның айтуынша, сүзбе, сүт пен ірімшікті де шамадан тыс тұтыну иммунитетке кері әсер етуі мүмкін.
"Бұл өнімдердің құрамында кальций мен ақуыз көп. Ал ірімшіктің майлылығы 40 пайызға дейін жетіп, 100 грамында 300–400 калория болуы мүмкін. Сондықтан ірімшіктің орнына, мысалы, брынза жеген дұрыс. Жас ұлғайған сайын сүт өнімдерін рационнан мүлде алып тастаған немесе тұтынуды азайтқан жөн", – деп кеңес берді маман.
Дәрігер жемісті де шамадан тыс жеу әрдайым пайдалы емес екенін атап өтті. Айтуынша, жемістерде фруктоза көп. Бұл – ағзада майға тезірек айналатын қанттың бір түрі. Фруктозаны көп тұтыну мидың лептин гормонына сезімталдығын бұзады.
"Адам қанын ішіп, етін жеген": Атышулы каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары неге жылдар бойы ашылмай келді
