Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Татьяна Ким Wildberries компаниясының бас директоры қызметінен кетті

Wildberries Татьяна Ким
Фото: ТАСС

Ресейдегі ең ірі маркетплейстердің бірі Wildberries компаниясының негізін қалаушы Татьяна Ким 20 жылдан астам уақыт атқарған бас директор қызметінен кетті. Кадрлық өзгеріс кәсіпкердің Еуропалық одақтың санкциялық тізіміне енгізілгенінен бірнеше күн өткен соң болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алайда Татьяна Ким Wildberries пен Russ компанияларының бірігуінен құрылған RWB тобының стратегиялық дамуына жетекшілік етуді жалғастырады. Бұл туралы РБК басылымы хабарлады.

Ресейдің заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізіліміндегі мәліметтерге сәйкес, Татьяна Ким 2026 жылғы 18 қарашада "Вайлдберриз" ЖШҚ бас директоры қызметінен кеткен. Ал 19 қарашада компанияның жаңа бас директоры болып Алексей Куликов тағайындалған. Ол бұған дейін "ВБ Инжиниринг" және "Диджико" құрылымдарын да басқарған.

“Кадрлық өзгеріс компанияның корпоративтік құрылымын қайта ұйымдастыруға байланысты болған. 2024 жылдан бастап "Вайлдберриз" ЖШҚ RWB біріккен тобының құрамына кіреді. Осы уақыттан бері маркетплейстің негізгі операциялық процестері аталған топтың басқаруына берілген”, – деп мәлімдеді RWB.

Компания өкілдері заңды тұлғаның бас директорының ауысуы Татьяна Кимнің бизнестен кеткенін білдірмейтінін атап өтті. Сондай-ақ бұл өзгеріс маркетплейстің күнделікті жұмысына әсер етпейтінін мәлімдеді.

Татьяна Ким Еуроодақ санкцияларынан кейін қызметінен кетті

2026 жылғы 16 қарашада Еуропалық одақ Ресейге қарсы шектеу шаралары аясында Татьяна Кимді санкциялық тізімге енгізді. Екі күннен кейін ол "Вайлдберриз" ЖШҚ бас директоры қызметінен кетті.

Дегенмен компания бұл кадрлық өзгерісті санкциялармен байланыстырмайды. RWB өкілдері шешім активтерді оңтайландыру және топ құрамындағы құрылымдар арасында жауапкершілікті қайта бөлу мақсатында қабылданғанын түсіндірді.

RWB компаниясының меншік құрылымы да өзгерді

Сонымен қатар RWB біріккен компаниясының меншік иелері құрамында да өзгерістер болды.

Атап айтқанда, "Вайлдберриз" ЖШҚ-ның компаниядағы үлесі 65% – 45%-ға дейін азайған. Ал Russ жарнама операторының иелерімен байланысты "Стинн" ЖШҚ-ның үлесі 35% – 25%-ға дейін қысқарған.

Компанияның жаңа қатысушылары ретінде екі жабық пайлық инвестициялық қор тіркелді. Олардың қатарында 17,5% үлесі бар "Томь" және 12,5% үлесі бар "Гало" қорлары бар.

Еске салайық, 18 шілдеге қараған түні Украина дрондары Ресейдің Тамбов және Мәскеу облыстарындағы Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына шабуыл жасады. Ресей билігі шабуыл салдарынан сегіз адам қаза тауып, шамамен 50 адам түрлі жарақат алғанын хабарлаған еді.

Wildberries компаниясының негізін қалаушы Татьяна Ким қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. 

"Бұған дейін айтқанымдай, компаниямыз Электросталь мен Котовск қалаларындағы логистикалық орталықтарға жасалған шабуылдардан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетеді. Қаза тапқандардың отбасына 2 миллион рубль, ал ауыр жағдайда жараланғандарға 1 миллион рубль көлемінде өтемақы төленеді. Марқұмдардың жақындарына қайғыра көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін”, – деді Татьяна Ким.

Ол өтемақы төлеу тәртібі, қолдау шаралары және оларды алу жолдары туралы толық ақпарат сатушылар порталында жарияланатынын айтты.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 22 Қараша, 2026 20:20