Wildberries-тің Қазақстаннан қойма іздеп жатқаны туралы ақпарат тарады: Алайда министрлікке сұраныс түспеген

Ресейлік Wildberries маркетплейсі Украина дрондарының шабуылдарынан кейін логистикалық қуатының бір бөлігін Қазақстанға көшіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Коммерсант" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, компания шамамен 100 мың шаршы метр болатын қойма алаңдарын іздеуде. Дереккөздердің бірі Wildberries-тің осындай көлемдегі нысанды жалға алуға немесе сатып алуға ниетті екенін айтса, тағы біреуі компания Қазақстандағы қолжетімді қоймалардың барлығын қарастырып жатқанын жеткізген.
Алайда Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі бұл ақпаратқа қатысты әзірге Wildberries тарапынан жаңа қоймаларға байланысты ешқандай ресми өтініш түспегенін мәлімдеді.
"Тиісті ұсыныстар түскен жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңнамасына және ұлттық мүдделерге сәйкес қаралатын болады", – деп хабарлады министрлік.
Ведомство сондай-ақ мұндай жобалар қаралған жағдайда олардың қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашуы, инвестиция тартуы және ел экономикасына пайда әкелуі маңызды екенін атап өтті.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан аумағында тауарларды сақтау, тасымалдау және айналымға шығару процестері Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады. Сондықтан жекелеген компанияларға ерекше жеңілдіктер немесе арнайы шарттар қарастырылмайды.
Өз кезегінде Wildberries Қазақстандағы логистикалық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары бұрыннан жоспарланғанын мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, Алматыда ауданы 100 мың шаршы метрден асатын логистикалық кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Ал Астанада 160 мың шаршы метрлік жаңа қойма кешені салынуда. Компания бұл нысандар тауарларды өңдеу мен жеткізуді жеделдетуге, сондай-ақ серіктестердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен бірге сарапшылар Қазақстанда бірден 100 мың шаршы метр болатын бос қойманы табу қиын екенін айтады. IBC Global компаниясының басқарушы серіктесі Станислав Ахмедзяновтың сөзінше, елде мұндай көлемдегі бірыңғай бос нысан жоқ. Қазіргі таңда шамамен 130 мың шаршы метр қойма алаңы бос болғанымен, олардың барлығы әртүрлі қалаларда орналасқан.
"Коммерсант" басылымының жазуынша, Ресейдегі қойма иелерінің бірқатары Wildberries-пен жұмыс істеуден бас тартып отыр. Бұған логистикалық орталықтарға жасалған шабуылдардан кейінгі тәуекелдердің артуы және сақтандыру компанияларының мұндай шығындарды өтемеуі себеп болған.
Еске салайық, 18 шілдеге қараған түні Украина дрондары Ресейдің Тамбов және Мәскеу облыстарындағы Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына шабуыл жасады. Ресей билігі шабуыл салдарынан сегіз адам қаза тауып, шамамен 50 адам түрлі жарақат алғанын хабарлаған еді.
Wildberries компаниясының негізін қалаушы Татьяна Ким қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
"Бұған дейін айтқанымдай, компаниямыз Электросталь мен Котовск қалаларындағы логистикалық орталықтарға жасалған шабуылдардан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетеді. Қаза тапқандардың отбасына 2 миллион рубль, ал ауыр жағдайда жараланғандарға 1 миллион рубль көлемінде өтемақы төленеді. Марқұмдардың жақындарына қайғыра көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін”, – деді Татьяна Ким.
Ол өтемақы төлеу тәртібі, қолдау шаралары және оларды алу жолдары туралы толық ақпарат сатушылар порталында жарияланатынын айтты.
Дәрігерден медбикеге дейін ақша сұрайды: Қазақстандық келіншектер перзентханадағы былықтарды ашты
Оқыңыз