Украиналық дрондар Ресейдегі Wildberries қоймаларына шабуыл жасады: 8 адам қаза тауып, 50-ге жуық адам зардап шекті

18 шілдеге қараған түні Украина дрондары Ресейдің Тамбов және Мәскеу облыстарындағы Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына шабуыл жасады. Ресей билігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан сегіз адам қаза тауып, шамамен 50 адам түрлі жарақат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Тамбов облысының Котовск қаласындағы қоймаға жасалған шабуыл кезінде түнгі ауысымда жұмыс істеген жеті қызметкер көз жұмды. Тағы 25 адам жараланып, олардың бірі ауыр халде жатыр. Қойма аумағында өрт шығып, кейін толық сөндірілген.
Кейін Wildberries-Russ компаниясы Мәскеу облысының Электросталь қаласындағы екінші қоймасының да дрон шабуылына ұшырағанын хабарлады. Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің айтуынша, бұл жерде 24 адам жараланып, кейін олардың біреуі ауруханада қайтыс болған.
Украина президенті Владимир Зеленский шабуылды растады. Оның айтуынша, соққы жасалған логистикалық орталықтар Ресейдің дрондар мен навигациялық жабдықтар өндірісіне қажетті санкцияға іліккен бөлшектерді жеткізу үшін пайдаланылған әскери маңызы бар нысандар болған. Сонымен қатар оның сөзінше, шабуыл Ресейдің Украинадағы азаматтық инфрақұрылымға жасаған соққыларына жауап ретінде ұйымдастырылған.
Wildberries компаниясының негізін қалаушы Татьяна Ким қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Wildberries редакцияның сауалына жолдаған ресми жауабында жағдайдың компания басшылығының жеке бақылауында екенін, зардаптарды жою жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
"Жағдай компания басшылығының тікелей бақылауында. Қазіргі таңда барлық үдерісті қалыпқа келтіру үшін барынша күш салынып жатыр. Соңғы ақпарат сатушылар порталы, ресми қолдау арналары және селлерлердің жеке кабинеттері арқылы жедел жаңартылып отырады. Тауар ағындарын басқа бағытқа қайта бөлу мәселесі басымдық берілген бағыттардың бірі. Зардап шеккен қоймаларда сақталған тауарлар уақытша сатылымнан алынды. Серіктестер үшін ықтимал кідірістерді барынша азайту мақсатында логистикалық бағыттар компанияның басқа бос қоймаларына жедел қайта бағытталып жатыр. Компания барлық серіктестеріне түсіністік танытып, сенім білдіргені үшін шынайы алғыс білдіреді", – деп пікір білдірді компания Stan.kz сауалына.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде Wildberries компаниясының сатушылармен жасасқан келісіміне енгізілген өзгерістер талқыланып жатыр.
ОқыңызШілде айының басынан бастап күшіне енген жаңа офертаға сәйкес, әскери іс-қимылдар мен дрон шабуылдары сияқты форс-мажор жағдайларында жоғалған немесе бүлінген тауарлардың құны өтелмейді.
Шабуыл кезінде Мәскеу облысындағы Ногинск қаласындағы мұнай базасы да нысанаға алынған. Өрт шығып, екі адам жарақат алған. Қауіпсіздік мақсатында жақын маңдағы перзентхананың пациенттері басқа медициналық мекемелерге эвакуацияланды.
Ресей Қорғаныс министрлігі түн ішінде ел аумағы мен аннексияланған Қырым үстінен 379 украиналық дрон атып түсірілгенін мәлімдеді. Ал Украина Әуе күштері Ресейдің Украина аумағына 90 дрон, екі "Искандер-М" баллистикалық зымыранын, екі "Оникс" зымыранын және үш Х-59/69 авиациялық зымыранын ұшырғанын хабарлады.
Ресейдің Тергеу комитеті Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдарға байланысты "террористік акт" бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда әскери жойғыш ұшақ ұшып өтіп, тұрғындарды шошытқанеді. Куәгерлердің айтуынша, ұшақ әуелі Нарсуд ауданының үстінен ұшып өтіп, кейін Сауда базасы мен Жилгородок бағытына бет алған.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды