Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда әскери жойғыш ұшақ ұшып өтіп, тұрғындарды шошытты

зымыран
Фото: Видеодан скрин

Атырау аспанынан әскери жойғыш ұшаққа ұқсас әуе кемесі байқалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Куәгерлердің айтуынша, ұшақ әуелі Нарсуд ауданының үстінен ұшып өтіп, кейін Сауда базасы мен Жилгородок бағытына бет алған.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Ел тұрғындары әскери ұшақтың қала үстінен қандай мақсатпен ұшқанына қатысты түрлі болжам айтып жатыр.

“Қазақстанның әуе кеңістігі бұзылды. Әуе қорғанысы құралдарын күшейтіп, бөтен ұшу аппараттарын атып түсіру қажет”, “Тыныштық болса екен. Қорқатын болдық қой”, “Ойыншық сияқты. Шынайы болса видеоға түсіріп алаңсыз отырмас едіңдер”, “Жасанды интеллектімен жасалған”, – деп жазды олар.

Ал Қорғаныс министрлігі әзірге жауап бермеді.

Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстанда ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтары табылғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 27 Маусым, 2026 09:13