Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та жас геймер мен анасы ұрланған қызды құтқаруға көмектесті

отбасы
Фото: Submitted photo

АҚШ-тың Колорадо штатында тұратын 16 жастағы Лэндон Тресп компьютерде ойын ойнап отырып, басқа ойыншымен танысады. Екеуі онлайн чатта сөйлесіп, бірден тіл табысып кетеді. Алайда жаңа танысы оған өзінің басынан өткен қорқынышты оқиғаны айтып берген. Ол бір жылдан астам уақыт бойы із-түзсіз жоғалған қыз болып шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Лэндон қызға есімі ұнағанын айтқан. Бірақ қыз өзінің шын емес, интернетте қолданатын лақап атын айтқан болып шықты. Әңгіме барысында қыз үйінен кетіп қалғанын, кейін бір ер адамның оны басқа штатқа алып кетіп, жібермей отырғанын жеткізген. Өзі қай жерде екенін де білмеген. Бір жылдан астам уақыт бойы іздеуде жүрген қыздың жағдайын естіген Лэндон қатты алаңдаған.

Жасөспірім жаңа танысымен тағы екі апта сөйлесіп, оның жағдайын жақынырақ білген. Ақыры 31 қазанда бәрін анасы Кристинаға айтқан. Сол кезде 41 жастағы медбике бес баласының кішілерін Хэллоуин мерекесіне дайындап жатқан еді.

Анасы мен баласы көп күтпей іске кіріскен. Олар қыздың кім екенін анықтап, анасымен байланысқа шыққан. Кейін Федералдық тергеу бюросы қызметкерлеріне хабар беріп, іздеу жұмыстарына көмектескен. Нәтижесінде жасөспірім аман-есен құтқарылды.

“Ол көмек сұрап, біреуге сенім артуға бір-ақ рет мүмкіндік алды. Сол кезде мені таңдады”, – дейді Кристина.

Жасөспірімнің сеніміне қалай кірді?

Тресп отбасы BBC-ге қызбен жазысқан хаттарының скриншоттары мен қылмыстық іс материалдарындағы сипаттамаға сәйкес келетін фотосуретті берген. Лэндон жаңа танысын “Дженни” деп атаған. BBC қауіпсіздік мақсатында оның шын есімін жарияламайды. Жасөспірім анасына қыз туралы алғаш рет қазан айының ортасында, оны құтқаруға бірнеше апта қалғанда айтқан.

“Шамамен бір аптадан соң ұлым интернетте бір қызбен танысқанын айтты. Оның өте жақсы адам екенін жеткізді. Мен оған экранның ар жағында кім отырғанын ешқашан нақты біле алмайтынымызды ескерттім”, – дейді Кристина.

Алайда Лэндон жаңа танысының жай ғана дос іздеп жүргенін айтқан.

“Ол қазір өте қиын кезеңді бастан өткеріп жүр. Өзіне дос керек сияқты”, – деген анасына.

Қыз өз өмірінде болған жайттарды біртіндеп айтқан сайын, Лэндон оның жағдайына көбірек алаңдай бастаған. Екеуі Among Us онлайн ойыны арқылы танысқан. Бұл ойында қатысушылардың бірі жасырын қылмыскер болады. Ал қалғандары оның кім екенін анықтауға тырысады.

ойын
Фото: Innersloth LCC

Дженни үйінен қашып кеткенін айтқан. Оның сөзінше, жасы үлкен ер адам оны басқа штатқа алып кетіп, үйіне қайтуына мүмкіндік бермеген. Қыздың жоғалуына байланысты полиция бұған дейін-ақ іздеу жариялаған екен. Ол Лэндонға өзі туралы жарияланған жаңалықтардың сілтемелерін де жіберген. Бірақ полиция іздеу жұмыстарын тоқтатып қойған деп ойлаған. Қыздың қорқып, не істерін білмей жүргенін түсінген Лэндон анасынан көмек сұраған. Осыдан кейін Кристина Discord платформасы арқылы Дженнидің өзімен сөйлесе бастаған.

Кристинаның айтуынша, қыз онымен әңгімелесу кезінде бірнеше жыл бойы зорлық-зомбылық көргенін, талай қиындыққа тап болғанын айтқан. Тіпті арада бірнеше сағат өткенде-ақ Кристинаны “анашым” деп атай бастаған.

Қызды қалай іздеп тапты?

Кристина жоғалған қыз туралы жарияланған мақалаларды оқып, істің қаншалықты күрделі екенін түсінген. Дженни өзінің Орегон штатында екенін және қай қалада тұратынын білгенімен, нақты мекенжайын айта алмаған. Сондықтан Кристина одан үй ішінен толық аты-жөні жазылған құжат тауып беруін өтінген. Қыз бұл өтінішті орындаған.

“Содан кейін іздеуге кірістім”, – дейді Кристина.

Ол салық төлемдері мен жылжымайтын мүлікке қатысты ашық деректерді қарап, күдікті болуы мүмкін мекенжайларды анықтаған. Кейін сол үйлердің суреттерін жылжымайтын мүлік сататын сайттардан іздеп, тапқан фотоларын Дженниге көрсеткен. Қыз екінші суретті көргенде-ақ өзін ұстап отырған үйді таныған.

әйел
Фото: Khristina Tresp

Алайда Дженни Кристинадан әзірге ешкімге хабар бермеуін өтінген. Себебі оны ұстап отырған ер адамның үйінде қару болғандықтан, қыз оның әрекетінен қатты қорыққан. Дженни әлгі адам үйден кеткен соң, келесі күні таңертең қайта хабарласуға уәде берген.

Осы уақытта Кристина қыздың жоғалуына қатысты істі қай полиция органы тергеп жатқанын анықтауға тырысқан. Әлеуметтік желі арқылы анасының байланысын тауып, онымен сөйлескен. Көп ұзамай оған Федералдық тергеу бюросы агенті қоңырау шалған.

“Сіз оны тірі күйінде көрдіңіз бе?” – деп сұраған агент.
“Иә, көрдім. Онымен бейнебайланыс арқылы сөйлестім”, – деп жауап берген Кристина. 

Мұны естіген агент қатты таңғалған. Келесі күні Дженни өзін ұстап отырған адам үйден кеткен соң, Кристинаға қайта хабарласқан. Сол кезде Федералдық тергеу бюро қызметкерлері де олардың әңгімесін тыңдап отырған. Қылмыстық іс материалдарына тіркелген аудиожазбада қыз өзін ұстап отырған адаммен қалай танысқанын баяндаған. Оның айтуынша, 2025 жылдың мамырында Адам Хантер Хармел есімді ер адаммен әлеуметтік желі арқылы сөйлесе бастаған. Ер адам өзін мүгедек екенін, жамбасында ақауы барын айтқан. Содан кейін Дженниден Орегонға жетуіне көмектесуін сұрап, ол үшін ақша ұсынған. Алайда қызды Юта штатынан алып кеткен соң, Хармел оның телефонын өзенге лақтырып жіберген. Кейін оны Орегонға апарып, үйінің жертөлесінде ұстаған. Қыз қашып кетпес үшін оны төсектің қабырғаға жақын жағына жатқызған. Ал өзі жастығының астында пышақ сақтаған.

Хармел оған қоңырау шалуға келмейтін, тек Wi-Fi арқылы интернетке қосылатын телефон берген. Дженни онлайн ойындарды сол телефонмен ойнаған. Лэндонмен де осы құрылғы арқылы танысқан.

Қылмыстық іс материалдарында 39 жастағы ер адамның қызды ұрып-соғып, оған бірнеше рет жыныстық зорлық көрсеткені жазылған. Сонымен қатар ол Дженниді ешкім танымауы үшін тісіндегі брекеттерін тістеуікпен алып тастауға мәжбүрлеген.

Қызды құтқару операциясы

Федералдық тергеу бюро қызметкерлері Дженнидің қайда екенін анықтаған соң, оны құтқару операциясына дайындалған. Хармел үйде жоқ кезде полиция қызметкерлері оның мекенжайына қарай бет алған. Ал Кристина қызға үйден қалай шығу керегін түсіндіріп отырған.

Дженни бұған дейін де бірнеше рет қашуға тырысқанымен, әрекеттері сәтсіз аяқталғанын айтқан.

“Полиция қызметкерлері керемет жұмыс істеді. Олар маған үнемі хабарласып, “тоғыз минутта жетеміз”, “жеті минут қалды” деп ескертіп отырды”, – дейді Кристина.

Осы уақытта ол Дженнимен телефон арқылы сөйлесіп отырған. Лэндон да анасының жанында болып, жағдайды бақылаған.

Кристина үйде Дженниден бөлек басқа адамдардың да барын естіген. Біреу олардың әрекетін байқап қоя ма деп алаңдаса да, қызға білдірмеуге тырысқан. Ол Дженниге барынша сабыр сақтап, полиция белгі берген бойда жүгіріп шығуға дайын болуын айтқан.

“Менімен бірге үш рет терең тыныс ал. Полиция қызметкері жүгіріп шығуыңа болатынын айтқан кезде, саған хабар беремін. Сол кезде баспалдақпен барынша жылдам көтеріл. Жертөледен шығып, дәлізбен жүгіріп, кіреберіс есікке жет. Еш жерде тоқтама”, – деп Кристина қызға нұсқау берген.

Анасы мен баласы телефон арқылы болып жатқан жағдайды тыңдап, қыздың аман шығуын күткен. Ақыры Дженни жертөледен жүгіріп шығып, полицейдің құшағына тығылған. Қазір Адам Хантер Хармел федералдық түрмеде сотты күтіп отыр. Оған адамдарды сексуалдық сипаттағы қылмыстар жасау мақсатында тасымалдады деген айып тағылған.

құжат
Фото: FBI handout

Орегонның жергілікті басылымдары Хармелге Дженни жоғалғанға дейін бірнеше ай бұрын алты жастағы балаға жыныстық зорлық көрсетті деген айып тағылғанын хабарлаған. Сонымен қатар 2025 жылдың наурызында оған сексуалдық зорлық-зомбылыққа байланысты қорғау нұсқамасы шығарылған.

Хармелдің адвокаты BBC-дің түсініктеме беру туралы сауалына жауап бермеген. Ал Дженни қазір Кристинамен және Лэндонмен күн сайын сөйлесіп тұрады. Лэндон жаңа досымен әлі де онлайн ойын ойнайды.

“Кейде жай ғана бейнебайланысқа шығып отырамыз. Ол өзін ойлайтын, қамқор болатын адамдардың бар екенін білсе дейміз. Кеше кешкі ас дайындап жатқанда да ол бізбен бейнебайланыста болды. Көңіл күйі болмаса немесе бір қиындыққа тап болса, маған не Лэндонға бірден хабарласа алады. Басына түскен жағдайды ескерсек, өзін өте жақсы ұстап жүр”, – дейді Кристина.

Олар әзірге жүзбе-жүз кездеспеген. Дегенмен жақын арада кездесуді жоспарлап отыр.

“Оны жақын арада құшақтаймын деп үміттенемін”, – дейді Кристина.

Айта кетейік, бұған дейін Үйінің аумағын қазып, бассейн салмақ болған ер адам күтпеген жерден алтын құймалар тауып алғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 08:45