Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйінің аумағын қазып, бассейн салмақ болған ер адам күтпеген жерден алтын құймалар тауып алды

Алтын құйма тауып алған ер адам
Фото: dailygalaxy.com

Франция тұрғыны үйінің ауласына бассейн салу үшін жер қазып жатып, құны 355 миллион теңгеден асатын алтын қазына тауып алды. Бір қызығы, табылған байлықты билік үй иесінің өзінде қалдырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Daily Galaxy басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ер адам Лион қаласына жақын орналасқан Невиль-сюр-Сон қаласынан үй сатып алған. Бір жылдан кейін ол үйінің ауласына бассейн салуды ұйғарады. Алайда жер қазу жұмыстары кезінде бірнеше пластик пакетке салынған алтын құймалар мен тиындарды тапқан.

Үй иесі бұл туралы жергілікті билікке хабарлаған. Оқиғаны тексеруге полиция мен аймақтық мәдениет басқармасының мамандары кіріскен. Олар табылған алтынның тарихи құндылығы бар-жоғын анықтауы керек еді.

Мамандар алтын құймалардағы сериялық нөмірлерді зерттеп, оның шамамен 20 жыл бұрын қайта балқытылғанын анықтады. Сондай-ақ тексеру нәтижесінде алтынның заңды жолмен сатып алынғаны және ұрлыққа қатысы жоқ екені белгілі болды.

Осылайша, билік табылған қазынаның археологиялық құндылығы жоқ деп таныды. Ал алтын ер адамның жеке меншігіндегі жерден табылғандықтан және оған басқа ешкімнің иелік ету құқығын дәлелдей алмағандықтан, Франция заңнамасына сәйкес, қазына үй иесінде қалды.

Алайда алтынның бұрын кімге тиесілі болғаны және оның не себепті бақшаға жасырылғаны белгісіз күйінде қалды. Үйдің бұрынғы иесі қайтыс болған, ал оның мұрагерлері табылған қазынаға қатысты ешқандай талап қоймаған.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда олигархтардан тәркіленген қымбат әшекей бұйымдар қайтадан саудаға шығарылған еді. Алдыңғы саудада ешкім сатып алмаған кей заттардың бастапқы бағасы ондаған миллион теңгеге арзандаған. 

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 14 Қараша, 2026 17:45