Жалақы кешіксе, жұмысқа шықпай қоюға бола ма: Заңгер не істеу керегін түсіндірді
Қазақстанда соңғы тоғыз айдың есебі бойынша 34 кәсіпорын қызметкерлеріне 453,5 миллион теңге қарыз екені анықталды. Осы ретте Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті жалақы кешіккен жағдайда қайда жүгіну керегін де түсіндірді. Ал қызметкер мұндай жағдайда жұмысқа шықпай қоюға құқылы ма? Айлықты өсіппұлымен бірге қалай алуға болады? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері еңбек инспекторлары жүргізген тексерулер барысында 162 кәсіпорынның 571 қызметкерге 289,5 миллион теңге берешегі анықталған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 184 кәсіпорындағы 1 054 қызметкерге 712,1 миллион теңге жалақы қарызы қайтарылған екен.
Алайда әлеуметтік желілерде еңбекақысын уақытында ала алмай жүрген қызметкерлердің шағымдары әлі де кездеседі. Мәселен, жақында әлеуметтік желіде Ақтаудағы балабақшалардың бірінде жұмыс істейтін қызметкердің басшылықпен хат алмасуы жарияланды. Скриншоттардан оның алдыңғы айдың жалақысын сұрап, 142 800 теңге аударуды талап еткенін көруге болады. Алайда балабақша өкілі бюджеттен қаржы түспегенін алға тартып, ақша түскенде аударылатынын айтқан.

Жалақының кешігуіне қатысты тағы бір шағым Threads әлеуметтік желісінде де жарияланды. Желі қолданушысының айтуынша, ол Астанадағы танымал ипотекалық компанияға жұмысқа орналасқан. Алайда еңбекақысы үнемі кешігіп отырғандықтан, жұмыстан кетуге мәжбүр болған.
"Бәрі мақтап, жақсы пікір жазатын танымал ипотекалық компанияға жұмысқа орналасып, кейін өз жалақыңды айлап сұрап жүру – масқараның өзі дер едім. Жалақының үнемі кешігуіне байланысты жұмыстан шықтық. Қазір басшылық хабарламаларымызды елемейді, ал біз әлі күнге дейін маңдай терімізбен тапқан ақшамызды ала алмай жүрміз. Бұл енді қалыпты жағдай ма?" – деп жазды ол.
Мұндай жағдайда жұмыс берушінің қаржылық қиындықтары жалақы төлемеуге негіз бола ала ма? Ал еңбекақысын уақытында алмаған қызметкер жұмысқа шықпай қоюға құқылы ма? Осы сұрақтарды заңгер Бағдат Амандосұлына қойған едік.
Жалақы кешіксе, жұмысқа шықпай қоюға бола ма?
Заңгердің айтуынша, жұмыс беруші еңбекақыны кешіктірсе де, қызметкер өз бетінше жұмысқа шықпай қоя алмайды. Өйткені жұмыс беруші жалақыны уақытында төлеуге міндетті болғанымен, қызметкер де еңбек тәртібін бірдей сақтауы тиіс.
"Егер қызметкер бір жұмыс күні ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат жұмыста болмаса, жұмыс беруші Еңбек кодексінің 52-бабына сәйкес еңбек шартын бұзуы мүмкін. Бірақ бұл үшін заңда белгіленген тәртіп сақталуы тиіс. Сондықтан жалақы кешікті екен деп жұмысқа шықпай қою дұрыс шешім емес", – деді Бағдат Амандосұлы.
Оның сөзінше, Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, жалақы әдетте айына кемінде бір рет, келесі айдың алғашқы онкүндігінен кешіктірілмей төленуі тиіс. Нақты төлем күні еңбек немесе ұжымдық шартта көрсетіледі. Егер ол демалыс немесе мереке күніне сәйкес келсе, жұмыс беруші жалақыны алдын ала төлеуге міндетті екені тағы бар. Егер жұмыс беруші белгіленген мерзімді бұзса, жалақы қарызымен бірге кешіктірілген әр күн үшін өсімпұл да төлеуі керек.
Өсімпұл Ұлттық банктің сол күнгі базалық мөлшерлемесін 1,25-ке көбейту арқылы есептеледі. Ол жалақы кешіктірілген күннен бастап, жұмыс беруші қарызын толық өтегенге дейінгі әр күн үшін төленеді.
Одан бөлек заңгер жұмыс берушінің "ақша жоқ", "тапсырыс берушіден төлем түспеді" немесе "бюджеттен қаржы бөлінбеді" деген уәждері жалақыны кешіктіруге заңды негіз бола алмайтынын да атап өтті.

Жалақыны кешіктірген жұмыс берушіге қандай айыппұл салынады?
Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, жалақыны уақытында төлемеген жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87-бабына сәйкес, жалақыны белгіленген мерзімде төлемегені, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсінен өсімпұл есептелмегені және төленбегені үшін біршама айыппұл қарастырылған.
2026 жылы айыппұл мөлшері мынандай:
- лауазымды адамдарға – 30 АЕК немесе 129 750 теңге;
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК немесе 259 500 теңге;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК немесе 432 500 теңге;
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК немесе 648 750 теңге.
Алайда бұл айыппұл жұмыс берушіні қызметкер алдындағы жалақы қарызын өтеу міндетінен босатпайтынын атап өткен жөн.
Жалақысын ала алмаған қызметкер қайда шағымдануы керек?
Еңбек министрлігі жалақы кешіккен жағдайда алдымен жұмыс берушіге хабарласып, берешекті төлеуді жазбаша түрде талап етуге кеңес береді. Егер мәселе шешілмесе, қызметкер жұмыс беруші орналасқан өңірдегі мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдана алады. Өтінішті eOtinish платформасы арқылы да жолдауға болады. Шағымға еңбек шартын, жалақы туралы есеп парақтарын, банктік үзінділерді және қарыздың барын дәлелдейтін басқа да құжаттарды тіркеген жөн. Заңгер Бағдат Амандосұлы да жұмыс берушімен жазысқан хаттарды сақтап қоюдың маңызды екенін айтады.
"Қызметкер жалақысын талап еткені үшін жұмыстан шығарылмауы тиіс. Егер басшылық қысым көрсетсе, еңбек шартын, банктік үзінділерді, жалақы туралы есептерді және жұмыс берушімен жазысқан хаттарды сақтап қойған жөн. Ортадағы хабарламалар да маңызды дәлел бола алады", – деді заңгер.
Оның айтуынша, қызметкерді заңсыз жұмыстан шығарып жіберсе немесе оған негізсіз тәртіптік жаза қолданылса, еңбек дауын заңда белгіленген тәртіппен келісу комиссиясында, қажет болса, сотта қарауға болады.
Жұмыстан кеткен қызметкер жалақысын қалай қайтарады?
Заңгердің түсіндіруінше, қызметкер жұмыстан кетсе де, жұмыс беруші оған тиесілі барлық ақшаны төлеуге міндетті. Әдетте еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін толық есеп айырысу үш жұмыс күнінен кешіктірілмеуі тиіс. Ал егер жұмыс беруші еңбек шартындағы талаптарын орындамаса, қызметкер оған жазбаша хабарлама жібере алады. Жеті жұмыс күні өткеннен кейін де мәселе шешілмесе, кемінде үш жұмыс күні бұрын ескертіп, еңбек шартын бұзуға құқылы. Мұндай жағдайда заңда көзделген шарттар сақталса, қызметкер бір айлық орташа жалақы мөлшерінде қосымша өтемақы да ала алады.
Бағдат Амандосұлы 2026 жылы Конституциялық сот жалақы қарызын өндіріп алуға қатысты маңызды шешім қабылдағанын да атап өтті. Бұрын мұндай еңбек дауларында бір жылдық мерзім қолданылған. Ал Конституциялық соттың түсіндіруінше, жалақы қарызы өтелмеген жағдайда қызметкер жалпы үш жылдық мерзім шеңберінде сотқа жүгініп, ақшасын қайтаруды талап ете алады.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы Qazbilim Ұлттық лицейінің мұғалімдері жалақыларын уақытында ала алмай жүргендерін айтып, шағымданған еді. Олардың сөзінше, еңбекақы кейде екі айға дейін кешігіп, кейбір қызметкерлер несие алуға мәжбүр болған. Ал лицей басшысы Аятжан Ахметжанұлы бұл жағдайды мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының кешігуімен байланыстырған.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма