Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теміртау маңынан екі айдан бері іздеуде болған әйелдің бөлшектелген мәйіті табылды

екі айдан бері жоғалған әйелдің бөлшектелген мәйіті табылды
Фото: КТК сюжет кадрларынан скрин

Теміртау маңынан 38 жастағы әйелдің бөлшектелген мәйіті табылды. Ирина Керн осыдан екі ай бұрын із-түссіз жоғалып кеткен. Қазір әйелдің өліміне онымен бірге тұрған азамат күдікке ілінуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ирина Керн 20 қыркүйекте жоғалып кеткен. Сол кезде әйелдің күйеуімен жанжалдасып, үйден шығып кеткені хабарланған еді. Қалада оны іздеу жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Еріктілер мен әскери қызметкерлер иттердің көмегімен орман алқаптарын, саяжай аумақтары мен зираттарды түгел тексерген. Алайда іздеу нәтижесіз аяқталды.

Иринаның бірге тұрған азаматы әйелдің үйден жиі кетіп қалатынын айтқан. Тіпті оны іздеу жұмыстарына өзі де қатысқан. Алайда кейін ер адамның кісі өлтіруге қатысы бар деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Мәліметке сәйкес, бөлшектелген дене қалдықтары қаладан 22 шақырым жердегі, күдікті от жағушы болып жұмыс істеген шипажай аумағынан табылған. Марқұмның артында үш баласы қалды. Кенжесі небәрі үш жаста.

"Біз бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 40 жастағы ер адамды анықтап, ұстадық. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деді Теміртау қалалық полиция басқармасының бастығы Талғат Бакаев.

Полиция мәйітті қарау кезінде зорлық-зомбылық белгілері анықталғанын мәлімдеді. 

Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды облысында қыз зорлағаны үшін бес жасөспірім сотталған еді. Олар қызға химиялық зат иіскеткен.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 14 Қараша, 2026 09:45