Батыс Қазақстанда полицей басқа адамға ЭЦҚ кілтін беріп, тұрғынға заңсыз айыппұл салған
Оралда тұрғынға 43 250 теңге көлемінде заңсыз айыппұл салынғаны анықталды. Сотта инспектордың өз ЭЦҚ кілтін басқа адамға бергені белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Енді батысқазақстандық полиция департаментінің басшылығы қызметтік тексеріс жүргізіп, айыппұлды кім рәсімдегенін анықтауы тиіс. Орал қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты заңсыз түрде 43 250 теңге айыппұл арқалаған жергілікті тұрғынның шағымын қанағаттандырды.
Сот айыппұлдың күшін жойып қана қоймай, қызметтік өрескел заңбұзушылықтарға байланысты облыстық полиция департаментінің басшылығына жеке қаулы шығарды.
Сот отырысы барысында әйелдің өзіне қатысты хаттама толтырылғанынан мүлде хабарсыз болғаны анықталды. Оған істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабар берілмеген. Сонымен қатар полиция қажетті материалдарды сотқа ұсынбаған.

Алайда істегі ең қызық жайт полиция қызметкерінің мойындауынан кейін белгілі болды. Электронды құжатта аты-жөні көрсетілген инспектор айыппұл салу туралы қаулыны өзі шығармаған. Ол өзінің электронды цифрлық қолтаңбасының (ЭЦҚ) құпия кілтін басқа адамға берген. Ал әлгі адам инспектордың атынан айыппұлдарды рәсімдеген.
Бұдан бөлек, полицейлер соттың сұрауларына жауап бермей, тұрғынның кінәсін дәлелдейтін құжаттарды да, оны бөлімшеге шақыруға әрекет жасалғанын растайтын мәліметтерді де ұсына алмаған.
Осылайша, сот заңсыз айыппұлдың күшін жойып, БҚО полиция департаментінің бастығына қызметтік тексеріс жүргізуді міндеттеді. Енді полиция басшылығы электронды құжаттарды кімнің қолдан жасағанын, ЭЦҚ кілттерінің бөгде адамдардың қолына қалай түскенін және ведомстводағы бақылаудың не себепті әлсірегенін анықтауы керек.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылғы 13 наурыздан бастап Қазақстанда бөтен адамның ЭЦҚ кілтін пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 640-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға 50 АЕК, шағын бизнеске 100 АЕК, ал орта кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК айыппұл қарастырылған. Жаңа талап бухгалтерлер мен кәсіпкерлердің жұмысына да әсер етеді.