Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Клиенттің көңілі толуы үшін баға да, сервис те маңызды": Jana Post логистика нарығында қалай дамып жатыр

Хавьер инвестор
Фото: Stan.kz/Хавьер дель Сер Перес

Jana Post компаниясының алғашқы кезеңінен бастап сенім артқандардың бірі – халықаралық инвестициялық тәжірибесі бар Хавьер дель Сер Перес. Қазақстанда 1995 жылдан бері түрлі саладағы жобаларға қатысқан инвестор логистика нарығының келешегін байқап, компанияның дамуына үлес қоса бастады. Ол Stan.kz-ке берген сұхбатында Jana Post-тың өсуіне қандай фактор әсер еткенін, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін және бизнесті дамытудағы басты ұстанымдарын айтып берді.

Хавьер дель Сер Перес – Jana Post компаниясының инвесторы әрі акционері. Инвестордың пікірінше, бүгінде шикізат өндірумен қатар, оны өңдеу және қосылған құн қалыптастыру, сондай-ақ логистика, білім беру мен денсаулық сақтау сияқты қызмет көрсету салаларын дамытуға мүмкіндік мол. Оның өзі де соңғы 30 жылда Қазақстанда әртүрлі бағыттағы жобаларға қатысып, соңғы кезеңде ел экономикасының қалай өзгергенін бақылаған.

“Қазақстанға келген алғашқы жылдары бизнес жүргізу үшін жұмыс істемей тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосу, кеніштерді дамыту және негізгі инфрақұрылымды салу маңызды болды. Қазір жағдай өзгерген: экономика дамып, инвестиция тартуға болатын бағыттар көбейді”, – дейді Хавьер.

Өндірістен логистикаға 

Хавьердің Қазақстандағы тәжірибесі бір ғана саламен шектелмейді. Ол цемент өндірісі, қонақүй бизнесі, тау-кен өнеркәсібі және теміржол салаларындағы жобаларға қатысқан. Әр бағыттың өзіндік ерекшелігі болғанымен, инвестордың айтуынша, олардың барлығына ортақ бір қағида бар: бизнес нақты қажеттілікті шешуі керек. 

Мәселен, Батыс Қазақстанда мұнай-газ саласы дами бастаған кезде халықаралық стандарттарға сай қонақүйлер мен қызметтік тұрғын үйлер қажет болды. Осы сұранысқа жауап ретінде мұнай компанияларына арналған инфрақұрылымдық нысандар салынды. Ал тау-кен өнеркәсібінде қауіпсіз бұрғылау және жарылыс жұмыстарын жүргізу технологияларына сұраныс артқан. 

Хавьер инвестор
Фото: Stan.kz/Хавьер дель Сер Перес

Хавьер дель Сер Перестің айтуынша, табысты жобаның негізінде нарықтағы осындай қажеттілікті дер кезінде байқау және оны өзгелерден тиімдірек шешу қабілеті жатыр. Бұл үшін технологияны жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, шығынды азайту немесе бұрын болмаған қызметті ұсыну маңызды. Инвестордың Jana Post компаниясына назар аударуына да осы ұстаным әсер еткен. Алайда бұл жолы инвестор дәстүрлі өндірістен өзгеше, жылдам өзгеретін логистика нарығындағы мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысыпты. 

Қоймадағы кездесуден басталған сенім

Хавьер дель Сер Перес Алмас Рысбековпен (Jana Post компаниясының құрылтайшыларының бірі - ред.) шамамен 2010-2011 жылдары танысқан. Ол кезде Алмас банк саласында жұмыс істейтін. Инвестордың айтуынша, Алмас кәсібилігімен, еңбекқорлығымен және жауапкершілігімен ерекшеленген.

Хавьер инвестор
Фото: Stan.kz/Хавьер дель Сер Перес

Хавьер Алмасты 16–17 жылдан бері біледі. 2010–2011 жылдары Алмас HSBC-де жұмыс істеп жүргенде, кәсіпкерлікке енді қадам басып, бизнеске қатысты ойларын Хавьермен бөліскен. Хавьер оған пікірін ашық айтса да, Алмас өз дегенін байқап көруден қайтпайтын. Осы жылдары талай жобаны бастап, тәжірибе жинағанын, кәсіпкерлікте қалай өскенін көріп келе жатқанын қосып өтті. Хавьер Алмастың қайта бастаудан жасқанбайтынын, әрі өз шешімдеріне сын көзбен қарай алатынын бағалайды.

“Маған оның өзіне сын көзбен қарай алатыны, қателігін мойындайтыны және қажет болса, бағытын өзгертуге дайын екені ұнады. Ол өзінің әрдайым дұрыс екенін дәлелдеуге тырыспайды. Бұл – кәсіпкер үшін өте маңызды қасиет”, – дейді Хавьер.

Jana Post командасына деген сенімі де нақты тәжірибеден кейін қалыптасқан. Хавьердің есінде компанияның қоймасына алғаш барған кезі ерекше сақталған. Желтоқсан айы еді. Қойма қараңғы әрі суық, ал тауарларды реттеп жүрген қызметкерлер саны аз болатын. Инвестор нысанның орналасқан жері жақсы болғанымен, жұмысты ұйымдастыруда шешімді қажет ететін мәселелер барын байқаған. Дәл осы кездесу барысында инвестор кәсібін енді бастаған Алмасқа қойманың жұмысын жақсартуға қатысты бірнеше ұсынысын айтқан.

Төрт айдан соң қоймаға қайта келгенде Хавьер барлық кеңес-ескертулерін ескеріп, қойма жұмысының толығымен өзгергенін байқаған. 

“Мен үшін команданың ұсыныстарды қалай қабылдайтыны маңызды болды. Төрт айдан кейін келгенімде, айтқан кеңестерімнің орындалғанын көрдім. Олар жай ғана тыңдап қойған жоқ, өзгерістерді іске асырды. Дәл осы қадамы команданың тез үйреніп, бейімделе алатынын көрсетті”, – дейді инвестор.

Ол кезде Хавьер Jana Post-тың акционері болмаған. Дегенмен осы кездесулерде алған тәжірибе оның командаға деген сенімін күшейтті. Инвестордың пікірінше, бизнесте идеяның жақсы болуы жеткіліксіз: оны жүзеге асыратын, қателігін түзететін және өзгеріске жылдам жауап беретін команда қажет.

Хавьер инвестор

Фото: Stan.kz/Хавьер дель Сер Перес

Қазақстанның транзиттік әлеуеті толық пайдаланылып жүр ме?

Қазақстан Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерінің арасында орналасқан. Хавьер дель Сер Перестің пікірінше, бұл географиялық артықшылық елге халықаралық сауда мен логистика саласында ойып орын алуға мүмкіндік береді. Әйткенмен соңғы жылдары жол және теміржол инфрақұрылымы дамығанымен, тауарды шекарадан өткізу мен кедендік рәсімдерді жеделдету мәселесі әлі де өзекті.

Инвестордың айтуынша, халықаралық жүк тасымалында уақыт шешуші рөл атқарады. Тауардың жолда ұзақ тұруы бизнестің шығынын арттырып, жеткізу мерзімін жоспарлауды қиындатады. Сондықтан Қазақстанның міндеті тек транзиттік бағыт болумен шектелмеуі керек. Елде тауарды қабылдап, сұрыптап, қайта орап, басқа нарықтарға жөнелтуге мүмкіндік беретін логистикалық орталықтар да дамуы қажет.

 
“Егер тауарды 15 күннің орнына екі күнде жеткізуге мүмкіндік болса, бұл бизнестің жұмысына үлкен өзгеріс әкеледі”, – дейді Хавьер.

Оның пайымынша, мұндай нәтижеге жету үшін инфрақұрылымды ғана дамыту жеткіліксіз. Кедендік рәсімдер ашық әрі жылдам жүргізіліп, заңнама түсінікті болуы керек. Шекарадағы талаптар мен ережелер жиі өзгерсе, компанияларға жеткізу мерзімі мен шығындарын алдын ала есептеу қиындайды. 

Хавьер логистика нарығының дамуы мемлекеттік реттеуге де байланысты екенін атап өтеді. Тауардың елге кіруінен бастап, оны рәсімдеу мен әрі қарай жөнелтуге дейінгі үдерістер неғұрлым жеңіл болса, Қазақстанның халықаралық саудадағы бәсекеге қабілеттілігі де артады. Инвестор үшін осы өзгерістер логистика саласындағы компанияларға жаңа мүмкіндік ашады.

Хавьер инвестор
Фото: Stan.kz/Хавьер дель Сер Перес

Jana Post бәсекелестерінен несімен ерекшеленеді?

Хавьер дель Сер Перестің айтуынша, Jana Post-тың басты артықшылықтарының бірі – технологиялық жүйесі және өзгерістерге жылдам бейімделуі. Компания бағдарламалық қамтамасыз етуін үнемі жетілдіріп, клиенттерге тауар қозғалысы туралы ақпаратты қолжетімді етуге тырысады. 

Инвестор логистикада қызметтің бағасы ғана емес, жеткізу жылдамдығы мен тапсырыстың орындалу барысын бақылау мүмкіндігі де маңызды екенін түсіндірді. Клиент тауардың қайда келе жатқанын біліп, оны уақытында алатынына сенімді болуы керек. Сондықтан компания үшін сервистің қолайлы болуы мен ақпараттың ашықтығы негізгі басымдықтардың бірі саналады.

“Қызмет көрсету саласында клиенттің сервиске көңілі толуы керек. Ол үшін баға да, жылдамдық та маңызды. Компания осы екі бағытта да үнемі жұмыс істеп келеді”, – дейді Хавьер дель Сер Перес.

Инвестордың пайымдауынша, технологиялық шешімдерді бәсекелестер де қайталай алады. Сондықтан бір артықшылыққа сүйеніп қалмай, қызметті тұрақты жетілдіру маңызды. Jana Post жаңа талаптарға бейімделіп, бағдарламалық жүйесін жаңартып отыру арқылы нарықтағы орнын нығайтуға ұмтылады.

Хавьердің компаниядағы қазіргі рөлі күнделікті операцияларды басқарудан гөрі инвестициялық шешімдер мен тәуекелдерді бағалаумен байланысты болып отыр. Ол жаңа жобаларға қанша қаражат пен уақыт бөлу керегін анықтауға көмектеседі. Инвестордың ұстанымы бойынша, командаға жаңа идеяларды сынап көруге мүмкіндік беру керек, бірақ әр жобаның нәтижесін бағалайтын нақты мерзім де белгіленуі қажет.

“Қаржы мен уақыт шексіз емес. Бір мезетте тым көп бағытқа шашырап кетпеу керек”, – деген ұстанымын Хавьер компанияны дамытудағы маңызды қағидалардың бірі ретінде атап өтеді.

Инвестор жылдам өсуді мақсат еткен бизнес үшін пайдаланушылар саны мен жеткізілетін тауар көлемінің артуы маңызды екенін еске салды. Алайда өсім шығынды бақылаумен қатар жүруі керек. Қазақстанда қарыз қаражаты қымбат болғандықтан, ұзақ уақыт бойы пайдасыз жұмыс істеу компанияға қосымша қаржылай салмақ түсіреді. Сондықтан Jana Post үшін міндет – нарықтағы үлесін арттырумен бірге шығындарын тиімді басқарып, қызмет сапасын сақтау.

Jana Post алдағы үш жылда қалай дамиды?

Хавьер дель Сер Перес Jana Post-тың болашағын Қазақстан нарығымен ғана шектемейді. Оның мақсаты – компанияны аймақтағы ірі ойыншылардың біріне айналдырып, халықаралық нарықтағы ауқымын кеңейту. Инвестор алдағы үш жылда компанияның бес елде жұмыс істеуін, пайдаланушылар санын 20 миллионнан асыруды көздеп отыр. Бұл межеге жету үшін компанияның өсу қарқынымен қатар, қаржылық тұрақтылығын да сақтау қажет. Хавьердің пікірінше, бизнестің ұзақ мерзімді дамуы тек инвестиция көлеміне емес, оның қаншалықты тиімді жұмсалғанына да байланысты.

Инвестор Jana Post-тың Қазақстанда қалыптасып, жергілікті компания ретінде өскенін қалайды. Оның пайымынша, мұндай мақсатқа жету үшін бизнеске тұрақты ережелер, түсінікті заңнама және нарық қатысушыларына тең мүмкіндік қажет.

Хавьер 33
Фото: Stan.kz/Хавьер Хавьер дель Сер Перес
“Мен Jana Post-тың Қазақстанда өсіп, елдің өз компаниясы ретінде дамығанын қалаймын. Компанияның болашағы үшін тұрақты жұмыс ортасы мен түсінікті ережелердің болуы маңызды”, – деп жауап берді Хавьер.

Оның пікірінше, егер жергілікті нарықта ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету қиын болса, стратегиялық шетелдік серіктес тарту нұсқасын да қарастыруға болады. Алайда мұндай шешімнің негізгі мақсаты компанияға жай ғана қаржы әкелу емес, оның тұрақты дамуына жағдай жасау болуы керек.

Жас кәсіпкерлерге қандай кеңес береді?

“Халықаралық инвестордың назарын аудару үшін жақсы идеямен ғана келу жеткіліксіз. Кәсіпкер өз өніміне немесе қызметіне сұраныс барын, оның қандай мәселені шешетінін және нарықта қалай ерекшеленетінін нақты көрсете білуі керек”, – дейді Хавьер дель Сер Перес.

Ол алдымен жергілікті нарықта нәтижеге жетіп, содан кейін ғана басқа елдердің нарығына көз салуға кеңес береді. Алғашқы клиенттер, нақты сұраныс және өлшеуге болатын көрсеткіштер бизнестің әлеуетін бағалауға көмектеседі.

Инвестордың айтуынша, жаңа жобаны бастамас бұрын оның бизнес-жоспарын жасап, кірісі мен шығынын есептеу қажет. Әр идеяға жеке мақсат қойып, оған қанша қаражат пен уақыт жұмсалатынын алдын ала анықтаған жөн. Сондай-ақ компания жұмысына белгілі бір уақыт өткен соң сыртқы баға беріп отыру маңызды. Бұл кәсіпкерге өзіне тым сеніп кетпей, жобаның нақты нәтижесін көруге мүмкіндік береді.

Хавьер жаңа идеяларды тәжірибеден өткізуге құштар. Алайда кез келген бастаманың нәтижесін бағалайтын өлшем мен мерзім болуы керек. Егер жоба күткен нәтижеге жетпесе, оны жалғастырудың қаншалықты тиімді екенін қайта қарастырған дұрыс. Жаңа шешімдер ұсынып, қателіктен сабақ алуға мүмкіндік берілген ортада компанияның өсуіне жол ашылады.

Үшінші талпыныстан басталған жоба

Jana Post компаниясының тең құрылтайшысы Алмас Рысбеков электрондық коммерция саласында бизнес дамыту идеясын 2012 жылы қарастыра бастаған. Сол кезде ол McKinsey компаниясының талдамалық материалдарын зерттеп, электрондық коммерция мен Қытайдың сыртқы саудасы өседі деп болжаған. Қазақстанның Қытаймен көршілес орналасуы елге осы өсімнен пайда көруге мүмкіндік береді деп есептеген.

Алмас Рысбеков
Фото: Jana Post баспасөз қызметі ұсынған / Алмас Рысбеков

2015 жылы команда B2B тасымалдаумен айналыса бастады. Бір жылдан кейін Golden Bridge Partners құрамында электрондық коммерция департаменті құрылып, Қытай маркетплейстерімен жұмыс жүргізілді. Ресейдің Мәскеу қаласында қоймалар ашылды. Бұл нарық командаға алғашқы тәжірибе бергенімен, сол кезде электрондық коммерция негізгі табыс көзі болған жоқ.

“Шын мәнінде, бұл — электрондық коммерция саласында бизнес дамытуға жасаған үшінші талпынысымыз”, – дейді Алмас Рысбеков.

Jana Post компаниясын құру туралы шешім пандемиядан кейін қабылданды. Онлайн саудаға үйренген адамдардың қатары көбейіп, жеткізу қызметіне деген сұраныс өсті. Команда жүк тасымалымен айналысатын басқа стартаппен күш біріктіріп, жаңа компания құрды. Бастапқыда айына 20 мың тапсырыс болады деп жоспарланған. Алайда төрт-бес айдың ішінде тапсырыс саны миллионға жетті.

“Алғашында бұл жай ғана эксперимент болатын. Оның осындай ауқымға жететінін өзіміз де елестеткен жоқпыз”, – дейді компанияның құрылтайшысы.

Сенімге негізделген серіктестік

Алмас Рысбековтің айтуынша, Хавьер дель Сер Пересті стратегиялық инвестор ретінде арнайы іздемеген. Алғашқы компанияларын құрып жүрген кезінен бастап Хавьер ол үшін білім мен тәжірибе алатын негізгі адамдардың бірі болған. Сондықтан оның Jana Post-қа қосылуы заңды қадамға айналды дейді. 

Алмастың сөзінше, олардың бизнес пен жеке қарым-қатынасты ажырата білуі және ақшаға, адалдыққа, отбасына әрі елге деген ортақ көзқарастары өзара сенімнің негізін қалаған.

Клиент қажеттілігінен халықаралық нарыққа дейін

Алмас Рысбеков
Фото: Jana Post баспасөз қызметі ұсынған \ Алмас Рысбеков

Jana Post-тың шетелдік нарықтарға шығуына тұтынушылардың қажеттілігін түсінуі әсер еткен. Команда қазақстандықтардың Қытай маркетплейстерінен тауарды не үшін сатып алатынын зерттеп, оларға қолжетімді бағамен ұсынылатын кең таңдау қажет екенін байқаған. Кейін қажеттіліктері мен сатып алу әдеттері ұқсас көршілес нарықтарды қарастыра бастаған.

Өзбекстан мен Қырғызстандағы алғашқы сынақтар қызметке сұраныс барын көрсеткен. Әр елдің заңнамасы, кедендік рәсімдері мен шекарадан өту тәртібі әртүрлі болғанымен, компания технологияларын жергілікті жағдайларға бейімдей алатынына көз жеткізген.

Jana Post моделі шетелдік маркетплейстерді жергілікті тұтынушыларға қолжетімді етіп, тауар сатып алу мен жеткізуді қарапайым әрі түсінікті етуге негізделген. Компания жақында Моңғолия нарығына шығып, жаңа бағыттарды зерттеуді жалғастырып жатыр. Алдағы мақсат – 20 елде жұмыс істеу.

Толық логистикалық қызмет және ортақ ережелер

Бүгінде Jana Post цифрлық сервистерді, курьерлік жеткізуді, B2B тасымалдауды, кедендік декларациялауды, халықаралық әуе және автомобиль тасымалдарын ұсынады. Алмас Рысбековтің пікірінше, саланы әрі қарай дамыту үшін нарық қатысушыларына ортақ ережелер мен инфрақұрылымға тең қолжетімділік қажет.

“Сонда компаниялар технологиялары мен қызмет сапасы арқылы бәсекелесе алады. Мемлекет салық түсімдерін алады, бизнеске өсу мүмкіндіктері ашылады, ал тұтынушылар үшін жеткізу шарттары түсінікті болады”, – дейді ол.

Алмастың мақсаты – Jana Post-тың Қазақстанды шетелде лайықты танытуы. Компания 20-дан астам елдің нарығына шығып, қызметтерін әр нарықтың қажеттілігіне қарай дамытуды көздейді.

Stan.kz
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 10:00