Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы енесін балағаттаған қазақстандық әйел соттан бір-ақ шықты

Сотталушы
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында бұрынғы енесімен үйінде жанжалдасып, оған балағат сөздер айтқан әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот отырысында жәбірленуші бұрынғы келінін кешіретінін мәлімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, оқиға 2026 жылдың қазан айында Арыстанды ауылында болған. Әйел үйінде бұрынғы енесімен сөзге келіп қалған. Жанжал барысында ол бұрыңғы енесіне балағат сөздер айтып, оның тыныштығын бұзған.

Сотта құқық бұзушылық әйелге қатысты жасалған әкімшілік хаттамамен, тараптардың түсініктемелерімен және полиция қызметкерінің рапортымен дәлелденген.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындаған. Оның айтуынша, жанжал екі тараптың бір-бірін дұрыс түсінбеуінен туындаған. Соның салдарынан екеуі де бір-біріне ауыр сөздер айтқан.

Ал жәбірленуші оқиғаның мән-жайын растағанымен, бұрынғы келінін кешіретінін жеткізген.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мұндай әрекет үшін ескерту жасау, 20 сағат қоғамдық жұмысқа тарту немесе бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Сот істі қарау барысында жауаптылықты жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды анықтамаған.

Нәтижесінде әйел кінәлі деп танылып, оған ескерту жасау түріндегі жаза тағайындалды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әйел қызы TikTok-та балағат сөздер айтқаны үшін жауапқа тартылғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 22:58