Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Армения ҰҚШҰ-дағы дауыс беру құқығынан айырылды

ОДКБ саммиті
Фото: ria.ru

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер Арменияны ұйым аясында дауыс беру құқығынан айыру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар ел енді ұйымдағы жауапты қызметтерге өз өкілдерін тағайындай алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің айтуынша, мәселе ұйым аясында талқыланып, тиісті шешім қабылданған.

Бұған Арменияның бірнеше жылдан бері өз міндеттемелерін орындамауы себеп болған.

"Армения бірнеше жылдан бері өз міндеттемелерін орындамағандықтан, ұйым жарғысын басшылыққа ала отырып, оған дауыс беру құқығынан айыру, сондай-ақ ҰҚШҰ-дағы жауапты қызметтерге өз өкілдерін тағайындау құқығын шектеу ұсынылды. Бұл ұсыныс қабылданды", – деді Дмитрий Песков.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаевтың ҰҚШҰ саммитіне қатысу үшін Мәскеуге барғаны туралы жазған едік. 

Жиында ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігі мен халықаралық мәселелер қаралатыны хабарланды.

Кремльдің мәліметінше, саммитте мемлекет басшылары елдердің қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз ету, өзара ынтымақтастықты нығайту және әлемдегі қазіргі жағдайды талқылайды.

Кездесу қорытындысында бірнеше құжатқа қол қойылмақ. Соның бірі – Ресейдің бастамасымен әзірленген 2030 жылға дейінгі терроризмге қарсы күрес стратегиясы. Сондай-ақ мемлекет басшылары қорытынды декларация қабылдайды.

Бұдан бөлек, жиында ҰҚШҰ-ға төрағалық ету мәселесі шешілмек. Қазір ұйымға Ресей төрағалық етеді. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл міндет Тәжікстанға беріледі.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 20:37