Қазақстанда лотерея операторын конкурс арқылы таңдау ұсынылды
Туризм және спорт министрлігі лотерея ұйымдастыру құқығын беру тәртібін өзгертуді ұсынып отыр. Жаңа жоба қабылданса, елдегі жалғыз лотерея операторын тікелей тағайындамай, конкурс арқылы таңдайды. Қазіргі оператор — “Сәтті Жұлдыз” компаниясының орнына басқа ұйым келуі әбден мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Министрлік әзірлеген бұйрық жобасы 2026 жылғы 10 қарашада “Ашық НҚА” порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 25 қарашаға дейін жалғасады.
Операторды қалай таңдау ұсынылып отыр?
Жоба бойынша конкурс бес кезеңнен тұрады:
- Комиссия құрылады
- Байқау жарияланады
- Өтінімдер қабылданады
- Комиссия өтінімдермен танысып, қатысушыларды бағалайды
- Жеңімпаз анықталады
Қазір жобада алғашқы конкурстың қашан өтетіні, қатысушыларға қандай талап қойылатыны және жеңімпаз компанияның оператор ретіндегі өкілеттігі қанша уақытқа берілетіні нақтыланбаған. Сондай-ақ жаңа тәртіп “Сәтті Жұлдыздың” қазіргі өкілеттігіне әсер ете ме, әлде компанияның мерзімі аяқталғаннан кейін ғана қолданыла ма — әзірге белгісіз.
“Сәтті Жұлдыз” операторы
Қазақстан заңнамасына сәйкес, лотереяны тек ресми оператор мәртебесі бар компания ұйымдастырып, өткізе алады. 2017 жылғы ақпанда Үкімет “Сәтті Жұлдызды” елдегі жалғыз лотерея операторы етіп бекіткен. Компанияға бұл құқық 15 жылға берілген, яғни қолданыстағы шешім бойынша ол шамамен 2032 жылға дейін күшінде.
Басқа компаниялар мен кәсіпкерлер лотереяны өз бетінше өткізе алмайды. Олар тек оператордың келісімімен билеттерді тарата алады. Министрлік ұсынып отырған конкурс басқа компанияларға оператор мәртебесіне таласуға жол ашуы ықтимал.
Бұған дейін жарияланған қаржылық есепке сәйкес, “Сәтті Жұлдыз” 2025 жылы 2,5 миллиард теңге таза пайда тапқан. Бір жыл бұрын компания 1,4 миллиард теңге шығынға ұшыраған еді. 2025 жылы түсімі 92%-ға өсіп, 121,1 миллиард теңгеден 232,95 миллиард теңгеге жеткен. 2026 жылғы қыркүйекте компания акционерлері қарапайым акцияларды AIX биржасының ресми тізіміне енгізіп, саудаға жіберу туралы шешім қабылдағаны хабарланды.
Айта кетейік, 2024 жылы лотерея өткізу ережелері жаңартылған еді: лотереяны тек ресми оператор ұйымдастыратын, ал ұтыс билеттері мен электронды билеттердің дұрыстығы тексерілетін болды.
Алматыда жаңбырдан соң көліктер батпаққа батып, жолдар опырылды
