Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Іздеу жарияланған Григорий Лория бюджеттен қанша ақша жымқырғаны белгілі болды

Григорий Лория іздеу қаржы
Фото: ҚМА

"Қызылжар" футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға халықаралық іздеуге жарияланды. Қаржы мониторинг агенттігі оған бірнеше айып тағылып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Григорий Отарович Лория – 1954 жылы 18 наурызда Грузия Республикасының Гудаута қаласында дүниеге келген, Қазақстан азаматы. 

Қаржы мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті оған мемлекетаралық іздеуге жариялады.

"Қызылжар" футбол клубының бұрынғы президенті бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінді. Келтірілген залалдың жалпы сомасы – 414 миллион теңгеден асады.

“2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті бас бухгалтермен және басқа да тұлғалармен сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған. Сондай-ақ қаражатты жеке шоттарға негізсіз аударуды ұйымдастырып, бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтер енгізген”, – деп мәлімдеді агенттік.

Яғни, салық декларацияларында қызметкерлердің табысын, еңбекақы қорын және ұйымның жиынтық жылдық кірісін төмендетіп көрсеткен.

Агенттік іздеуде жүрген азаматтың қайда екені туралы қандай да бір ақпараты бар азаматтардан Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарласуды сұрады. Байланыс телефондары: +7 (7172) 70-84-78 — кезекші бөлім.

Бұған дейін Қаржы мониторинг агенттігі Петропавлдағы “Қызылжар” футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияны іздестіріп жатқаны туралы жазған едік. Ол сеніп тапсырылған мүлікті иемденді немесе талан-таражға салды, салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген. Іздестіру жұмыстарын Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 12:19