Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тимур Турлов агробизнеске аяқ басты: Ол астық холдингінің 51%-ын сатып алған

Тимур Турлов
Фото: Freedom Holding

Кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі Turlov Private Holding компаниясы “Қазақстанның астық консорциумы” холдингінің бас компаниясы Ak Zhaiyk Capital үлесінің кемінде 51%-ын сатып алуды көздеп отыр. Келісімнің болжамды құны — 300 миллион доллар. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Мәміле жөніндегі ниет туралы келісімге 2026 жылғы 5 қарашада Turlov Private Holding, “Қазақстанның астық консорциумының” негізгі иесі Бахтияр Оспанов және Турлов қол қойған. Ak Zhaiyk Capital-дың қалған 49%-ы “Бәйтерек” холдингінің Qazaqstan Investment Corporation құрылымына кіретін Kokzhiyek Fund LP қорында қалады. Құжат туралы Freedom Holding Corp. АҚШ-тың бағалы қағаздар жөніндегі реттеушісіне жіберген хабарламасында мәлімдеген.

Тимур Турлов — Freedom Holding Corp.-тың негізгі акционері. Ол агроактивтегі үлесі үшін Оспановқа холдингтің өз акцияларын екі кезеңмен бермек: бір бөлігі 2026 жылы, қалғаны 2027 жылы. Оспанов акцияларды келісілген кәсіби қатысушылар арқылы нарықта сатып, ақшалай табысқа айналдыра алады.

Берілетін акция саны Nasdaq-тағы соңғы 20 сауда күніндегі орташа өлшенген бағаға және 1,15 коэффициентіне сүйеніп есептеледі. Құжат бойынша, Турлов пен Turlov Private Holding Оспановтың үлесі үшін келісілген ақшалай соманы толық алуына жауапты. Акцияларды сатқаннан түскен қаражат 300 миллион долларға жетпесе, айырмасын ақшалай өтейді. Оспанов 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін кемінде 270 миллион доллар, ал қалған 30 миллион долларды 2027 жылғы 31 наурыздан кешіктірмей алуға тиіс.

Алайда қол қойылған құжат — ниет туралы келісім. Онда мәміле түпкілікті құжаттарды келісіп, қол қоюға және сол құжаттарда белгіленетін талаптарды орындауға байланысты екені жазылған. Сондықтан сатып алу әзірге аяқталған жоқ.

Тексеру рәсімдері бітіп, түпкілікті сатып алу-сату шарты жасалғанша, Оспанов Ak Zhaiyk Capital, “Қазақстанның астық консорциумы” және топқа кіретін өзге компанияларды басқаруды жалғастырады. Сонымен бірге компаниялардың стратегиялық дамуына әсер ететін шешімдерді Turlov Private Holding-пен келісуі керек. Оларға бюджет пен егіс науқанын жоспарлау, тұқым, тыңайтқыш, өсімдікті қорғау құралдары мен жанармай сатып алу, маусымдық қаржыландыру, басшылық құрамын өзгерту, күрделі шығындар және қарыз тарту мәселелері кіреді.

“Қазақстанның астық консорциумы” — Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істейтін холдинг. Оның құрамында 22 ауыл шаруашылығы өндірушісі мен алты элеватор бар. Холдинг сайтындағы мәліметке сәйкес, жер қоры 909,9 мың гектарды, егіс көлемі 350 мың гектарды құрайды. Компаниялар жылына 500 мың тоннадан астам өнім өндіреді.

Freedom Holding Corp. хабарламасында Ak Zhaiyk Capital консорциумның 99%-ына иелік ететіні көрсетілген. Оспанов та компания құрылтайшыларының бірі: eGov деректеріне сүйенгенде, оның үлесі 1%.

Бахтияр Оспанов 2026 жылы алғаш рет Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері тізіміне кіріп, 95 миллион доллар байлығымен соңғы орынға жайғасты. Ал жеке қаражатына инвестиция салатын Turlov Private Holding Freedom Holding Corp.-тан бөлек компания болып саналады. Forbes мәліметінше, Тимур Турловтың байлығы 5,2 миллиард доллар.

Айта кетейік, бұған дейін Тимур Турловтың шығынға батқан тау-кен компаниясы акционерлеріне дивиденд төлемейтіні белгілі болды.

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 11:34