Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

KAZ Minerals Тобы болашақ мамандарын өзі дайындап жатыр

Павлодардағы химия-механикалық колледжде мамандандырылған екі бірдей жаңа оқу кабинеті және зертхана пайдалануға берілді. Заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған кабинеттер KAZ Minerals Тобы іске асырып жатқан “Суперколледж” бағдарламасы аясында ашылды.

Жаңа кабинеттердің пайда болуы оқу орнының материалдық-техникалық базасын дамытуға және сұранысқа ие техникалық мамандарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған. Соның арқасында студенттер төрт бағыт бойынша тәжірибелік білім алады. Бұл өз кезегінде болашақ маманның шынайы өндіріске ұқсас жабдықтарда кәсіби дағдыларын шыңдауға мүмкіндік береді.

KAZ Minerals Тобы бұл бағдарламаға 350 миллион теңгеден астам инвестиция салды. Жалпы, KAZ Minerals Тобы “Оқу аудиториясынан өндіріске дейін” қағидасын ұстанған. Яғни, өздеріне қажетті болашақ маманды оқытып, кейін өндіріске дейін алып келеді.

“Пайдалы қазбаларды байыту және өңдеу мамандығы біздің компаниямыз үшін негізгі мамандық. Себебі жер астынан қазып алған кенді өңдеу, байыту және соңында концентрат алу — үлкен процесс. Дәл осы мамандық иелері Қазақстанның еңбек нарығында өте сұранысқа ие. Сондықтан да осы әріптестік шеңберінде біз колледжбен бірге мамандық ашуға шешім қабылдадық”, — дейді “KAZ Minerals Bozshakol” ЖШС қызметкерлерді оқыту және дамыту бөлімінің үйлестірушісі Әлімжан Тойлыбаев.

Бұдан бөлек компания гранттар арқылы техникалық білім беруді қолдауды да ұмытқан жоқ. Бүгінгі таңда 300-ге жуық білім грантын бөлді. Бұл бағыт жастардың сұранысқа ие мамандықтар алуына көмектеседі және кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейтеді. Үшінші бастама — жас мамандарды тәжірибеден өткізіп даярлау.

Бұл ретте “Тағылымгер” бағдарламасы іске қосылған. Оған қазіргі таңда 1227 адам қатысып жатыр. Бағдарлама шеңберінде KAZ Minerals Тобының өндірістік нысандарында тәжірибе алуға және оқыған білімді нақты жұмыс жағдайларында қолдануға мүмкіндік бар.
“Бұл жас мамандар үшін жасалып жатқан өте қолайлы жағдай. Себебі дипломды қолыңа алу бір бөлек, одан кейін жұмысқа орналасу бір бөлек. Өйткені көп жерде еңбек өтілін сұрайды. Ал біз осы "Тағылымгер" бағдарламасы арқылы жас мамандарды қолдаймыз”, — деп атап өтті "KAZ Minerals Bozshakol" ЖШС қызметкерлерді оқыту және дамыту бөлімінің үйлестірушісі Әлімжан Тойлыбаев.
Жоғарыда аталған үш бағыт бір мақсатты біріктіреді. Ол — білікті мамандардың жаңа буынын даярлау үшін барынша жағдай жасау.
“Бұрын тек кітаптар мен көрнекі құралдарда ғана көретін жабдықтарды көзбен көріп, қолмен ұстау студенттер үшін дайын тәжірибе. Олар кейін жұмысқа орналасқанда зертханада алған білімдерін пайдалана отырып, жабдықтардың ерекшеліктерін ғана үйренетін болады. Яғни, осы зертханалық жабдықтардың арқасында олар өндіріске дайын барады десек, артық емес”, — дейді Павлодар химия-механикалық колледжі басшысының орынбасары Татьяна Гаврилюк.

Білім ордасында өткен салтанатты шара барысында “KAZ Minerals Bozshakol” ЖШС-ның бас директоры Джонатан Рао бастаған топ өкілдері студенттермен еркін диалог өткізді. Болашақ жас мамандар өздерін толғандырған сұрақтарына кәсіби мамандар тарапынан тұшымды жауап ала білді.

 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 17:20