Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақан Сатаевтың ашаршылық туралы "Күлпәш" фильмінің премьерасы кейінге шегерілді

Фото: Instagram.com/sataifilm/

Режиссер Ақан Сатаевтың “Күлпәш” фильмінің премьерасы мен кинотеатрлардағы көрсетілімі кейінге шегерілді. Мұны SATAIFILM киностудиясы ресми Instagram парақшасында мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Картинаның тұсаукесері 10 қарашада Алматыдағы Forum сауда орталығының кинотеатрында өтуге тиіс болған. Ал 11 қарашадан бастап фильмді еліміздің кинотеатрларында көрсету жоспарланған еді. Алайда премьераға бірнеше сағат қалғанда оның өтпейтіні белгілі болды.

Киностудия жағдайды барлық қажетті рәсімдерді аяқтау үшін қосымша уақыт керек деп түсіндірді. Дегенмен нақты қандай рәсімдер туралы сөз болып отырғаны айтылмады.

“Барлық қажетті рәсімді аяқтау үшін бізге қосымша уақыт қажет. Осы маңызды кешті бізбен бірге өткізуге ниеттенген жандардан кешірім сұраймыз. Түсіністік танытып, қолдау білдіргендеріңізге алғыс айтамыз. Әзірге премьера мен прокатты шамамен бір аптаға шегеруді жоспарлап отырмыз”, – делінген хабарламада.

Фильмнің тұсаукесері мен кинотеатрларға шығатын жаңа күні қосымша хабарланады.

“Күлпәш” қуғын-сүргін құрбаны болған жазушы Бейімбет Майлиннің аттас шығармасы негізінде түсірілген. Картина ашаршылық кезіндегі қазақ отбасының ауыр тағдырын баяндайды.

Оқиға желісінде Күлпәш есімді әйел күйеуі және кішкентай ұлымен бірге жоқшылықтың тауқыметін тартады. Отбасын асырауға дәрмені қалмаған күйеуі біртіндеп үмітін жоғалта бастайды. Ал Күлпәш жақындарын аштықтан аман алып қалу үшін ауыр таңдау жасауға мәжбүр болады.

Туындыда ананың баласына деген сүйіспеншілігі, отбасы үшін өзін құрбан етуі және ашаршылықтың адам тағдырына салған жарасы суреттеледі. Фильмде Гүлмира Хасанова, Еркебұлан Дайыров, Байкенже Белбаев және өзге де актерлер ойнаған.

Киностудияның жазбасына пікір қалдырған көрермендер шығармашылық ұжымға қолдау білдіріп, картинаның кинотеатрларға шығуын күтетіндерін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін танымал режиссер Ақан Сатаев ауруханаға түсіп қалғаны хабарланған еді. Ол Атыраудағы кардиология орталығында жатқанын айтып, ауруханадан түскен суретін жариялады. Сондай-ақ жақын арада түсірілімге қайта оралуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 15:30