Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жәрдемақыдан өз еркімен бас тарту сервисі іске қосылды

egov
Фото: gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылдың қазан айынан бастап "Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту" атты цифрлық сервисті іске қосты. Бұл қызметті тек әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алушылар пайдалана алады. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алмайтын азаматтар бұл сервиске кіре алмайды.

Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан ерікті түрде бас тарту – азаматтың міндеті емес, тек өз еркімен жүзеге асыратын құқығы. Сервис ешқандай талап немесе шектеу қоймайды.

Бұл қызмет азаматтарға өздерінің өмірлік жағдайы мен жеке әлеуметтік жауапкершілігін ескере отырып, саналы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Сервис ең алдымен материалдық жағдайы жақсы, табысы жоғары және мемлекеттік қолдаусыз өз қажеттіліктерін өз бетінше қамтамасыз ете алатын азаматтарға арналған.

Барлық рәсім цифрлық форматта жүзеге асырылады. Сондықтан мемлекеттік органдарға барып, қағаз құжаттарды толтырудың қажеті жоқ.

Сервиске кірген кезде eGov Mobile қосымшасы қажетті мәліметтерді автоматты түрде тексеріп, азаматқа тағайындалған және төленіп жатқан барлық жәрдемақылардың тізімін көрсетеді. Мәліметтерді қолмен енгізудің қажеті жоқ.

Егер азамат жәрдемақыдан бас тартуды шешсе, сервис ұсынған тізімнен тиісті төлем түрін таңдап, әрекетін растауы және электронды өтініш жіберуі жеткілікті.

Ал бюджеттен ешқандай төлем алмайтын азаматтарға жүйе бұл туралы хабарлама көрсетеді. Мұндай жағдайда сервис қолжетімсіз болады.

Әлеуметтік төлемнен ерікті түрде бас тарту азаматтың болашақта мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігінен айырылатынын білдірмейді. Өмірлік жағдайы өзгерген жағдайда азамат қайтадан өтініш бере алады. Оның өтініші заңнамада белгіленген тәртіппен және тиісті төлемді тағайындаудың қолданыстағы талаптарына сәйкес қаралады.

Сервисті әзірлеушілер оны барынша ыңғайлы етуге тырысқан. Сондықтан қосымшаның ішінде пайдаланушылар өз пікірін білдіріп, кері байланыс қалдыра алады. Сондай-ақ сұрақ қойып, қызметті жақсарту жөнінде ұсыныс енгізуге немесе жұмыс барысында туындаған кемшіліктер туралы хабарлауға мүмкіндік бар.

Бұл сервис тек eGov Mobile ресми мобильді қосымшасында немесе eGov.kz порталында жұмыс істейді.

Еңбек министрлігі әлеуметтік төлемдерден "бас тарту" үшін мессенджерлер арқылы күмәнді сілтемелер жібермейді.

Алаяқтардың арбауына түсіп қалмас үшін бөгде сілтемелерге өтпей, барлық қызметті тек eGov жүйесіндегі жеке кабинет арқылы тексеру қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекет халық алдындағы міндеттемелерін толық көлемде орындауды жалғастыратынын атап өтті.

Заңнамада көзделген барлық әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар оларды алуға құқығы бар азаматтарға белгіленген тәртіппен және толық көлемде төленеді.

Еске салайық, бұған дейін eGov Mobile қосымшасында жәрдемақы алушылардың әлеуметтік жағдайын бағалайтын жаңа калькулятор іске қосылғаны туралы жазған едік. Сервис отбасының табысы, мүлкі, несие міндеттемелері мен өзге де көрсеткіштерін ескеріп, әл-ауқатына алдын ала баға береді. Дегенмен оның қорытындысы жәрдемақыдан айыруға немесе төлемді тоқтатуға әсер етпейді. Калькулятор мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтерді автоматты түрде жинап, азаматтарға отбасының әлеуметтік жағдайын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 16:24