Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

МӘМС-ке артық аударылған ақшаны қалай қайтаруға болады

МӘМС ақша науқас
Фото: magnific.com

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қате немесе артық аударылған ақшаны қайтару тәртібін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Артық төленген қаражатты қайтаруға болады. Алайда ол үшін алдыңғы кезеңдер бойынша берешек болмауы керек.

Алдымен азамат электрондық цифрлық қолтаңба арқылы eGov порталына кіріп, МӘМС жарналарының тарихын тексеруі қажет. Барлық төлем сомасы мен аударылған кезең дұрыс көрсетілгеніне және өткен айлардан қарыз жоқ екеніне көз жеткізген соң, ақшаны қайтаруға өтініш бере алады.

Өтініш толтырған кезде қайтару себебін, банк деректемелерін, төлем сомасы мен кезеңін мұқият тексеру маңызды. Қайтару себебін таңдауда күмән туындаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтындағы әдістемелік нұсқаулықпен танысуға болады.

Қор өкілдері өтініш тек бекітілген үлгі бойынша және түпнұсқа түрінде қабылданатынын ескертті. Егер ақша басқа адамның атынан аударылса, құжаттар топтамасына сол адамның жазбаша келісімінің түпнұсқасын қоса беру қажет.

 

Ал бұған дейін берілген өтініш бойынша бас тарту жауабы келсе, азамат кемшіліктерді түзеткеннен кейін ғана қайта өтініш бере алады. Бұл жағдайда құжаттардың толық топтамасын және өтініштің түпнұсқасын қайта дайындау қажет.

Бұған дейін 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелмеген қазақстандықтар да емханаларда бірқатар бастапқы медициналық тексеруден тегін өте алатыны туралы жазған едік. Егер тексеру кезінде әлеуметтік мәні бар ауру анықталса, оны диагностикалау мен емдеу шығынын мемлекет өтейді.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 11:28