МӘМС-сіз қандай медициналық тексерулерден тегін өтуге болады: 2027 жылдан бастап не өзгереді?
Келер жылы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелмеген қазақтар да емханаларда бірқатар бастапқы медициналық тексеруден тегін өте алады. Егер тексеру кезінде әлеуметтік мәні бар ауру анықталса, оны диагностикалау мен емдеу шығынын мемлекет өтейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны Үкіметтегі брифингте Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Қандай тексерулер тегін жүргізіледі?
Өзгерістерге сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар емханаға алғаш жүгінген кезде бірнеше негізгі тексеруден өте алады. Олардың қатарында:
- жалпы қан және зәр талдауы;
- қан қысымын өлшеу;
- электрокардиограмма (ЭКГ);
- флюорография;
- пульсоксиметрия;
- кейбір функционалдық зерттеулер;
- іш қуысы ағзалары мен бүйрекке ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жасау бар.
Алайда бұл тізімге тек бастапқы медициналық тексерулер кіреді. Сақтандыруы жоқ азаматтар медициналық қызметтің барлық түрін тегін ала алады деген сөз емес.
Ауыр дерт анықталса, емдеу ақысын кім төлейді?
Егер тексеру барысында әлеуметтік мәні бар ауру анықталса, оны әрі қарай диагностикалау мен емдеу мемлекет есебінен жүзеге асады. Бұл қызметтер кепілдік берілген тегін медициналық көмектің көлеміне кіреді.
Министрдің сөзінше, онкологиялық ауруларды анықтаудан бастап хирургиялық ота, сәулелік және химиотерапия, оңалту мен паллиативтік көмекке дейінгі барлық кезең мемлекет есебінен жүреді.
Бұдан бөлек, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, азаматтар шұғыл медициналық көмек ала алады.
Дегенмен бұл кез келген ауруды анықтау мен емдеу сақтандырылмаған азаматтар үшін тегін болады дегенді білдірмейді.
Тексеруден өту үшін азаматтардың табысы есепке алына ма?
Ақмарал Әлназарованың сөзінше, медициналық тексерулерден тегін өту мүмкіндігі азаматтардың табысына байланысты болмайды. Демек тексеруден сақтандыру мәртебесіне қарамастан өтуге болады.
Сонымен қатар 2026 жылдың басынан бері әкімдіктер D және E санатындағы азаматтар үшін медициналық сақтандыру жарналарын төлеп келеді. Нәтижесінде 750 мыңнан астам адам сақтандырылған мәртебесін алған.
Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылғы қаңтардан бастап қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, емханаға алғаш жүгінген кезде бірқатар медициналық қызметті тегін ала алатыны туралы жазған едік.
