Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жоқ пәтерлерді жалға беремін деп адамдарды алдап келген күдікті ұсталды (видео)

күдіктіні ұстау сәті
Фото: Видеодан скрин

Алматыда тәуліктік пәтерді жалға беру туралы жалған хабарландыру жариялап, азаматтардың ақшасын иемденген күдікті ұсталды. Полиция мәліметінше, күдіктінің 32 алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тұрғын үйді жалға беру кезінде жасалған интернет-алаяқтық деректерінің жолын кескен.

Күдікті әлеуметтік желілер мен интернетте тәуліктік пәтер жалға берілетіні туралы хабарландырулар жариялаған. Алайда ұсынылған баспана шын мәнінде болмаған. Жарнамаға қызығып, пәтер жалдауға ниет білдірген азаматтар уәде етілген тұрғын үйге қол жеткізе алмай, алаяқтың құрбанына айналған.

Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта ұсталған азаматтың осыған ұқсас 32 алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталған. Күдікті ұсталып, аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Алматы полициясы күдіктіні ұстау сәті түсірілген бейнежазбаны да жариялады.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда шетелдіктерге жалған құжат дайындаумен айналысқан ер адам ұсталғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 22:56