Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда шетелдіктерге жалған құжат дайындаумен айналысқан ер адам ұсталды (видео)

күдіктіні ұстау сәті
Фото: Видеодан скрин

Алматыда шетел азаматтарына жалған құжат дайындаумен айналысқан 32 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қалалық полиция департаменті мәліметінше, күдікті қазақстандықтардың жарамды ЖСН-і мен жеке куәлік нөмірлерін пайдаланып, құжаттардағы фотосуреттер мен жеке деректерді өзгертіп отырған. 

Оның қызметіне негізінен Орталық және Оңтүстік Азия елдерінен келген азаматтар жүгінген.

Жалған құжаттар шетелдіктердің жеке басын жасырып, жеткізу және жолаушылар тасымалы қызметтеріне тіркелуіне мүмкіндік берген. Оларды көбіне курьер және жүргізуші болып жұмысқа орналасу үшін пайдаланған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Оның кеңсесін тінту кезінде жалған құжаттарды дайындауға қолданылған болуы мүмкін компьютерлік техника мен ұялы телефон тәркіленді.

Қазір алынған заттар сараптамаға жіберілді. Сонымен қатар полиция күдіктінің әрекетіне заңсыз көші-қонды ұйымдастыру дерегі бойынша қосымша құқықтық баға беру мәселесін қарастырып жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 160-тан аса адам мүгедектік алу үшін жалған медициналық құжат жасатқаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 06 Қараша, 2026 22:11